Облыс аумағындағы әр ауданда мал ұрлықтарының алдын алуға бағытталған арнайы жедел топтар құрылған болатын. Бүгінде олардың жұмысы өз нәтижесін беруде. Жақында осындай топтың арқасында кезекті мал ұрлығының беті ашылды.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка ауылының тұрғыны тәртіп сақшыларына үйінен онша алыс емес жерден жоғалып кеткен торпағының терісі мен жарты етінің қалдығын тауып алған. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру жұмыстарын бастап кеткен. Үш сағаттық іздестіру шаралары өз нәтижесін берді. Полиция қызметкерлері етқұмар адамнан жоғалған малдың жарты етін тәркіледі. Осылайша күдікті жас малдың етінен жасалған қуырдақтың дәмін тата алмады. Кейін анықталғандай, ол торпақты ұрлап әкетіп, оны тездетіп сойып, бұзып тастаған. Мал етінің тек бір бөлігін ғана өзімен бірге алып кетіпті.
Қазіргі таңда “Ұрлық” фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.