«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖӘНИМАНЫҢ ҚЫМЫЗЫ-АЙ!” – дейді арақ-шараптан бас тартқан ауыл

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақжар ауданындағы Қарашілік ауылы – 80 үйлі шағын елді мекен. Қиын кезеңдерде де қаймағы бұзылмаған бұл ауыл көпке үлгі боларлықтай. Бүгінде оның тұрғындары төрт түлікті молынан ұстап, ауқатты өмір сүруде. Қыс жақындағанда ауылға кіретін тас жолдың бетін жолаушылар көлігінің өзі-ақ тазалап тастайды екен, өйткені соғым іздеп жүрген саудагерлер осы ауылға ат басын жиі бұрады. Бұл ауылдың әр үйі күн суыта қораларына соғым байлап, семіртіп сатып, қаржы табады. Сондай-ақ бұл ауылда өтетін той-томалақтардың ішімдіксіз ұйымдастырыла бастағандығы да құлаққа жағымды. Ондағы дастарқанның негізгі сусыны әрі мәзірі – қымыз.

Аталмыш ауылдың тұрғыны Жәнима Нұршинованың бие байлап, қымыз сатумен айналысып жүргеніне биыл жетінші жыл болыпты. Бастапқыда екі бие сауған ол, былтырға дейін саулық басын онға жеткізген.

–Тұңғыш қызымыз бойжетіп, жоғары оқу орында білім алуға жағдай жасайтын күн жетті. Оқуы ақылы. Әрине, ауылда жұмыс жоқтың қасы. Ал баланы оқыту керек. Осыдан жұбайым Нұржан екеуіміз ақылдаса отырып, қорамыздағы екі биені сауынға байлап, қымызын сатумен айналысуды жөн көрдік. Бала оқуын оқып, курстан курсқа ауысты, ал біз табыс табатын ісімізді жалғастырдық. Бүгінде бұл – отбасымыздың негізгі табыс көзі, – дейді Жәнима Нұршинова.

Иә, мал басын көбейте отырып, биелердің санын онға дейін жеткізіп, оның барлығын уақытында сауу – еңбекқор жанның ғана қолынан келетін іс. Биыл қыс қатты, қар қалың болып, далада жүретін жылқы малына оңай тиген жоқ. Осындай жағдайдан кейін Нұршиновтар отбасының бес биесі құлын тастап, бүгінде сауылатын жылқы саны бесеу ғана.

Әрине, ауылда өскен адам үшін мал шаруашылығы таңсық емес. Жәнима өзінің бала кезінде шешесінің қасында жүріп көп нәрсеге үйренгенін, сондай-ақ өздерімен бірге тұрып, бүгінде бақилық болған ата-енесінің ақыл-кеңестерін көп тыңдағанын айтады. Бүгінде олардың балалары ата-анасына қолғабыс жасап, шаруашылықты жүргізуді үйренуде.

Олардың бизнесінде қалыптасқан жүйе бар. Ертеңгі күнге дайындалатын қымыздың мөлшері бүгін кешке белгілі болады. Тұтынушылар үйге келіп немесе телефон арқылы байланысып, алдын ала тапсырыс береді. Күніне орта есеппен 40-50 литрге дейін қымыз дайындалады, оның бір литрі 400 теңгеден сатылады. Барлық биені Жәнима өзі сауады. Ал жұбайы жазда ауылдың қара малын өз малына қосып бағып, табыс табуда.

– Үйренген адамға қымыз баптаудың еш қиындығы жоқ. Тек кейде сүтті пісетін қолдың жетпей жататыны болмаса. Біздің бұл кәсібіміз маусымнан басталып, қазан айына дейін созылады. Биелерді алынған тапсырыстың мөлшеріне қарай сауамыз. Мәселен, тапсырыс 30 литр болса, соны сауып аламыз да қалған уақытта ағытып жібереміз. Сондықтан өнім артылып қалмайды. Алғаш байланған биелер болмаса, бір-бірімізге үйреніскеннен кейін ешқандай ауыртпалық жоқ. “Жылқы малы сезімтал ғой, оларды жақсы көріп тұрсаң, желіні де иеді, өзі де тік тұрады”,– дейді сауыншы келіншек.

Бүгінгі таңда бұл елді мекенде той-томалақтарды қымызбен атап өту дәстүрі енгізіліп жатқанын жоғарыда айттық. Сондықтан жаз айларында Нұршиновтар отбасының тасы өрге домалайды. Өйткені, ауылда олардан басқа бие сауатын отбасы жоқ. Сондай-ақ, олардың аудан орталығы мен көрші ауылдардан қатынайтын тұрақты тұтынушылары да бар.

Бір қызығы, бақша сыртында бос жүрген сауын биелер әр екі сағаттан кейін өздері қораға келіп, иесін күтіп тұрады екен. Сауылған соң оттайтын жерге қайта жылжиды. Ондай тәртіпке қожайындар құлындарды енелеріне көрсетіп қойып, шашпаға қамау арқылы үйреткен.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp