Солтүстік Қазақстан облыстық асырауында балалары бар мүгедек әйелдердің “Асыл ана” қоғамдық бірлестігі 16 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мүгедек аналарға көмектесу мақсатымен құрылған қоғамдық бірлестік осы жылдар ішінде атқарған істері жайында кітапша шығарыпты.
Тағдырдың тәлкегіне жасымаған асырауында балалары бар мүгедек әйелдер қоғамы күні бүгінге дейін қаражаттың жоқтығына қарамастан, өз жұмысын тоқтатқан емес. Ел арасында “Оның өзі де Асыл ана” деп аталып кеткен қоғамдық бірлестіктің төрайымы Теңдік Сәрсекеева мен бірлестіктің белсенді мүшелері өңіріміздің барлық іс-шараларына қатысып, мәдениет, дін, білім, саясат және басқа салалардағы қызметін жалғастыру үстінде.
Сол еңбектері бағаланып, облыстық Балалар құқығын қорғау департаментінің қолдауымен қоғамдық бірлестіктің жылдар бойы жинаған іс-тәжірибесін өңірге ғана емес, республикаға да таныту мақсатымен Елорданың 15 жылдық мерейтойы қарсаңында кітапша шығарылған екен. Бұл кітаптың ішінде “Асыл ана” жайында жазылған мақалалар жинағы топтастырылған. Қоғамдық бірлестік төрайымы:“Бұл кітапшада 16 жылдық еңбегіміздің бір бөлігі ғана көрсетілген”, – деп барша солтүстікқазақстандықтарды Ораза айтымен құттықтап, “Ұлық мейрам қуанышын біздің де қоғам сезінсе екен …”, – деген ізгі ниетін жеткізіп, көмекке мұқтаж аналарға қайырымдылық жасауға шақырды.
Банк реквизиттері:
“Асыл ана” Солтүстік Қазақстан облыстық асырауында балалары бар
мүгедек әйелдер қоғамдық бірлестігі.
ИИК КZ 196010251000006097
ИИН/БИН 000340007750
БИК HSBKKZKX
Код 18 КНП 321
БеК 18
(Өз тілшімізден).