«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЙНАЙМЫН ДЕП ОТ БАСҚАН жеткіншектің бас бостандығы шектелді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2013 жылдың 5 тамызында Жамбыл ауданы Святодуховка ауылының 1996 жылғы тұрғыны, Сәбит Мұқанов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Алексей Портополовқа ҚР ҚК 242-бабында қарастырылған қылмысты жасағандығы үшін айып тағылған қылмыстық іс қаралды.

2013 жылғы 3 мамыр күні таңғы сағат 10 шамасында Жамбыл ауданы Пресновка ауылындағы “Феникс” дәмханасының маңында болған кәмелетке толмаған жасөспірім Алексей Портополовқа лаңкестік акт дайындалып жатқандығы жөнінде жалған ақпарат тарату туралы жаман ой келеді. Ол өзінің қылмыстық ниетінің қоғамға қауіпті сипат алатынын түсіне отырып, хабарының жалған екенін біле тұра, лаңкестік туралы хабар тұрғындар арасында үрей туғызатынын, жарылғыш затты іздеп, зарарсыздандыруға қаншама адам жұмылдырылатынын ұға отырып, өзінің қастандық әрекетін жүзеге асырған. Ол “Nokia” маркалы ұялы телефоны арқылы Жамбыл аудандық Ішкі істер бөлімінің лаңкестік акт туралы хабарға жауапты жедел бөлімінің “102” телефон нөміріне қоңырау шалып, “Феникс” дәмханасына жарылғыш зат қойылып, онда өрт болып жатқанын хабарлаған да, байланысты үзіп тастаған. Одан кейін араға бірнеше минут салып, өзінің қастандық әрекетін аяғына дейін жеткізу мақсатында қайтадан хабарласып, “Фортуна” дүкеніне жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған да тағы телефонын сөндіріп тастаған.

Суыт хабар алған СҚО ІІД Жедел басқару орталығы, Жамбыл ауданының ІІБ, Жамбыл аудандық орталық ауруханасы, СҚО Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері көтерілген. “Феникс” дәмханасы мен “Фортуна” дүкендеріндегі жұмысшылар мен келушілер қауіпсіз жерге шығарылып, жарылғыш зат іздестірілген.  

Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақыт Қасейінов А.Портополовтың қылмысты жасаған уақытта кәмелетке толмағаны, қылмыс барысында келтірілген мүліктік зардаптың орнын өз еркімен өтегендігі, кінәсін мойындағандығы, жасаған әрекетіне шын жүректен өкінетіні, сонымен қатар мұндай қылмыстық әрекетке бірінші рет баруы, жапа шеккен тараптар өкілдерінің пікірлері, қылмыстық жауапкершілік пен жазаға тартуды ауырлататын жағдайлардың жоқтығы, жасөспірімнің алдағы уақытта түзелуге мүмкіндігі барлығы ескеріліп, Алексейді қоғамнан оқшауламай-ақ, бас бостандығына бір жыл мерзімге шектеу қойылатынын жария етті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp