«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРТАМЫЗДАҒЫ ОРНЫ ОЙСЫРАП ТҰР…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қаламдасымызға қамшының сабындай қысқа ғұмыр бергені қандай өкінішті?! Құрман Рамазанов ұжымға өте сыйлы, жаны таза абзал адам еді-ау, шіркін?! Ол туралы сөз еткенде оның тек жақсылығы мен адамға өте жақындығы еске түседі де тұрады.  

Биыл тірі жүрсе, тамыз айының 13-ші жұлдызында 60 жастың асуына шығатын азамат, ердің жасы елуді ғана көріп, дүниеден ерте озды. Оның өмір жолынан сыр шертер болсақ, қазіргі Есіл ауданындағы Сарман ауылында туып, бастауыш сыныптарды сонда оқып, Николаевка орта мектебінде екі жыл ғана тәрбие алған оның ондаған жыл өмірі Алматы қаласы мен облысында өтті. Талғар қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті бітіріп, Қазақ мемлекеттік университетінде сырттай оқыған Құрманның алғашқы еңбек жолы “Фрунзе атындағы қой шаруашылығы” кеңшарында бастауыш комсомол ұйымының хатшысынан басталып, содан кейін Іле аудандық “Ильич жолы” аудандық газетінде тілшілік, аудандық мәдениет бөлімінің аға инспекторлығы және Алматы облыстық радиохабарларын тарату бас редакциясының тілшілік қызметтерінде жалғасын тапты.

Туған жерін аңсап, 1984 жылдың қаңтарында елге оралып, қазіргі облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетіне қызметке орналасқанда Құрман Шүленбайұлы республика көлемінде көрініп жүрген танымал журналист болатын. Сондықтан жауапты хатшының орынбасарлығын жеңіл игеріп әкетті. Бір ғажабы, шаршап-шалдығуды, ерініп-қажуды білмейтін жан еді. Әріптері қорғасыннан құйылып, қолдан терілетін газеттің кейде таң атқанша созылатын қиын жұмысына ешқашан кейістік білдіріп көрген емес. Газеттің нағыз “отымен кіріп, күлімен шыққандардың” бірі болғаны сөзсіз.

Құрманның қолынан келмейтіні жоқ шеберлік өнері – бөлек бір әңгіме. Мысалы, газет дизайнына жақын болған себебі, Құрманның суретшілік қабілетінің молдығынан еді. Белгілі суретші Иван Лукинмен газет безендіруде жарыса қызмет етті. Сол кезде көшеге мерекелік ұрандар ілу дәстүрі болған. Баспахананың, орыс және қазақ газеттерінің осы машақатты ісі көбінесе көңілжықпас Құрманға жүктелетін. Жалпы оның шеберлігін сөз еткенде тұрмыстық техниканы, сағат пен телефон аппараттарын, басқа да ұсақ-түйектерді іске қоса қоятын зеректігін де айтпасқа болмайды. Сонау тоқыраудың қиын жылдарында сөмкесіне бізін және ине-жібін сала жүріп, редакция қызметкерлерінің жыртылған аяқкиімдеріне дейін етікші іздетпей, өзі жамай салатын. Ал, қол көмегі қажет болса, қашанда дайын тұратын.

Жұмыстан қолы бір босамайтын оның қай уақытта жазумен айналысатынына таңғалатын едік. Машинкамен жазуға жетік Құрман ертеңгілік жұмысқа жұрттан бірер сағат бұрын келіп, бұрқыратып жазып тастайтын өнімділігімен танылды. Жазу өнерінде де оның жан-жақтылығы байқалатын. Қаламдас дос күнделікті газет мақалаларынан басқа, әдеби шығармашылыққа да ден қойып, көптеген әңгіме, эсселер, очерктер жазды, ақындық қырынан да көзге түсті. Оның шығармашылық жұмыстағы табиғилығы өзінің ашық-жарқын мінезімен астасып жатқандай көрінетін. Сондықтан оны оқырмандар да жылы қабылдайтын.

Құрман бауырымыз көзі тірісінде жинақ шығара алған жоқ. Оның әдеби туындылары “Тыңның алтын кітабы”, “Қызылжардан ескен леп” сияқты ұжымдық жинақтарда және мерзімдік басылымдарда жарияланды. Сондай-ақ, жариялауға ұсынбаған туындылары да көп болатын. Қағаз ісіне ыждаһатты әріптесіміз соның бәрін хаттап, реттеп жүруші еді. Түбі бір игілікке жарату ойы болған шығар. Бірақ, айтып келмес ажал шіркін арманына жеткізбеді. Ортамыздағы орны ойсырап тұрған қаламдасты сағынышпен еске алып, оның бір топ өлеңдерін жариялауды жөн көрдік.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp