«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰЯҚ ТАУЫНЫҢ БАУРАЙЫНДАҒЫ “БАЯН” тұяқ басын көбейте береді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Табиғаты көрікті, жері шұрайлы Айыртау өңіріндегі Тұяқ тауының баурайындағы Сарысай ауылында жиырма шақты отбасы түтін түтетіп отыр. Бұл – кеңестік дәуірдің кезінде кеңшардың шағын ғана бригадасы болып келген кішкене ауыл. Іргедегі қыратты жотадан Иман-Бұрлық өзеншесіне дейін созылған сайдың бойындағы ауылдың Сарысай аталуы осы қоныстың жер жағдайына байланысты болса керек. Ата кәсібі – мал өсіру мен егіншілікке де өте лайықты мекен екені байқалады. Осы моншақтың тізілген тасындай болып, ұйысып, өз тірлігін жасап жатқан ауылдың негізгі ұйытқысы мен тірегі осындағы “Баян” шаруа қожалығы екенін білдік. Оған отставкадағы полиция капитаны, бұрынғы учаскелік инспектор Манас Байғарин жетекшілік етеді.

Ердің жасы – елуге де толмаған азаматты зейнеткер дейтіндей емес, бойынан әскери адамға тән сергектік пен шымырлық сезіледі. Кәсіпке ыңғайлы жанның іскерлігі мен тындырымдылығы да аңғарылады. Оған алдымен көзімізді жеткізгені – Манастың шалғайдағы шағын ауылда осы-заманғы жоғары тұрмыс деңгейіндегі ыстық, суық суы мен жуынып, шайыну орындары ішіндегі еуро-үлгіде салынған үйде тұратындығы. Қолындағы қарт ата-анасы – Әскер әкей мен Күнтимес шешейдің қолын жылы суға тигізген ұлына алғыстары шексіз. Енді ше, әке-шеше қартайғанда өсірген ұланынан осындай құрмет күтеді ғой. Ал әкенің бастаған ісін жалғастырып, шаруашылығын дөңгелетіп әкетсе, нұр үстіне нұр емес пе? Манас әкенің осындай аманатын ақтай білді.

– Отбасылық шаруа қожалығымызды еңбек жолы егіншілікпен өткен әкеміз құрған еді, басында 299 гектар егістік жері және кеңшар тараған кезде пай үлесіне тиген бірер ескі техникасы ғана болды. Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін шаруашылық қожалығын өз қолыма алдым. Әрине, оған әкемнің: “Балам, қырықтан асқан қамал бұзар шағың ғой, зейнеткермін деп қарап отырмайтын шығарсың, тізгінді өз қолыңа ал. Денсаулығым да сыр бере бастады, істі енді өзің жүргізбесең болмайды. Қолыңнан келетініне сенемін”, – деген сөзінің қамшы салғаны рас. “Көз – қорқақ, қол – батыр” дегендей, шын ниетіңмен кіріссең, қолдан келмейтін іс болмайды. Қазір Құдайға шүкір, егін мен мал өсіруге бір кісідей қанықпын, – дейді Манас Әскерұлы.

Шаруа қожалығына Манастың кіші ұлы Баянның атын берген де әкесі. Ортақ атау алған олар тетелес өсіп келеді десе болады. Көпейі бүгінде тұңғыш мүшел жасқа келді, ал шаруашылығы одан бір жас қана үлкен. Әлі ойын баласы болса да, ұлының сабақтан кейін өзінің кішкене мотоцикліне мініп алып: “Шаруашылығымды аралап қайтайын” дейтініне қалай қуанбасын? “Әке көрген оқ жонар” деген осы емес пе? Оның ұмтылысы тәнті етеді де, әйтпесе отау құрған үлкен ұлы Алмастың көмегінің өзі жетіп жатыр. Шаруашылық ісінде оң қолының міндетін атқаратын ол қазір Назарбаев Университетіндегі “Даму” менеджерлік курсында білімін жетілдіруде. Бауырынан тараған үш ұл мен бір қыздың ішінен осы екеуінің әке кәсібіне іш тартып отырғанының өзі көңілін толтырады.

Бүгінде бұғанасы бекіп, қанаты қатайған шаруа қожалығының егістік жер көлемі 1060 гектарға жетті. Биыл оның 500 гектарына бидай, 200 гектарына арпа және қалғанына майлы рапс дақылын өсіріп отыр. Әзірге жайылымдық жер көлемі аздау – небәрі 280 гектарды құрайды. Сондай-ақ конкурс арқылы тағы 140 гектардай жайылымдық жер алмақшы ойы бар, оған өтінішін беріп қойды. Егістік жер көлемін негізінен өздеріне қосылуға тілек білдірген жер үлескерлерінің есебінен кеңейтті. Мысалы, іргедегі Каменный Брод ауылының 5 отбасысы және Сарысай ауылынан Көкшетауға қоныс аударған 4 отбасы өз жер үлестерін қожалыққа қосты. Ал ауылдағы қалған отбасыларының жері – “Әліби” компаниясының меншігінде.

Осы ретте айта кететін бір жайт, ауылда су жағдайы нашар. Суды тұрғындар 3 шақырым жердегі Каменный Брод ауылынан тасиды. Ауылды сумен жабдықтау үшін скважиналық ұңғымалар ауызсуға кемінде 45 метрден аса тереңдікте, тұрмысқа қажеттілік суға 20-30 метрден қазылуы тиіс. Жалғыз су ғана емес, мұнда басқа да әлеуметтік мәселелер шешімін таппай келеді. Айталық, бірде-бір мектеп сыныбы және дүкен жоқ. Сол себепті қолдан келетін кейбір мәселелерді Манас Байғариннің өзі шешуіне тура келеді. Мысалы, ауылдың күре тасжолға қосылатын үш шақырым жол тармағын тазарту-жөндеу жұмыстары үнемі шаруа қожалығының мойнында.

Ал бұдан шаруа қожалығы сусыз, күйсіз отыр екен деуге болмайды. Ол өз қажеті үшін 42 метр тереңдіктен ауызсуын шығарып алған, мал суаратын судың скважинасы одан бөлек. Манас үшін ауызсу мен мал суының маңызы бірдей, өйткені қолда қыруар мал ұстаған соң оларды судан қысуға болмайды. Әрине, жаздағы жайылымда нулы жердің суы да мол. Бірақ оны қыстыгүні көрші ауылдан тасып жүре алмайсың. Осыны жақсы ұғынған Манас алдымен мықты қам жасап алып, мал басын көбейтуге сосын барып кірісті. Оған Елбасының Жолдауында көрсетілген мал шаруашылығын дамыту міндеті де қозғау салды.

– Осы жылға дейін қолымдағы ұсақ түліктер мен жылқыдан басқа ірі қара басын 30-ға жеткізген болатынмын. Соңғы жылдары жұртты өзіне тарта бастаған “Сыбаға” бағдарламасымен танысып, оның шарты бойынша оған кіруге мүмкіндігім барын білдім. Биылғы жылдың сәуір айында “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшартқа отырып, 12,5 миллион теңгенің кредитін алдым. Оған өзіміздің облыстағы Асаново ауылынан 42 бас қазақтың ақбас тұқымды қашарларын және екі бұқа сатып әкелдім. Қашарлардың әр басы орта есеппен 180 мың теңгеден, ал асылтұқымды бұқалар 450 мың теңгеден түсті. “Сыбаға” бағдарламасының шарты солай, әйтпесе өзімде екі бұқа бұрыннан бар болатын. Бірақ, оған өкінбеймін, алған малым жақсы, түбінде өздерін ақтап шығарына сенімдімін, – дейді қожалық басшысы.

Сөйтіп, бүгінде Манастың қолындағы мал басы 85 ірі қараға, жүз шақты қойға және 30 жылқыға жетіп отыр. Мал өсіруді енді қолға алған шаруашылық үшін біршама тәуір негіз қаланды деуге болады. Оның осындай ұмтылысын қолдаған аудан әкімдігі мал қорасын тұрғызуы үшін бір гектардай жер алуына көмектесіпті. Ол – ауыл іргесіндегі бұрынғы бөлімше фермасының орны, оның қалған қаңқасын пайдаланып, тезірек қора тұрғызып алмақ ойы бар.

анас Әскерұлы жалпы қай жұмыста болсын өзінің оралымдылығымен көзге түседі. Мысалы, ауыл ішіндегі босап қалған қоспәтерлі үйден қыста техника тұратын жылы орын жасап алды. Ал ауылдың күн-шығыс жақ іргесінде шағын механикалық қырман салып, астық түсіретін алаңдарына асфальт төседі және екі астық сақтайтын ангар тұрғызды. Осы шаруашылық орамына тартылған жеке электр желісі бар. Шағын токарлық цех ашып, оған каменныйбродтық тәжірибелі теміржонушы Владимир Кемфті тағайындады.

Ауладағы дайындық сапында тұрған ауыл шаруашылығы техникаларының бәрі жаңа – екі “ACPOS-530” астық комбайны, бір “Т-150 ХТЗ” тракторы, алымдылығы тоғыз метрлік жатка-лафет және польшалық шөпжинағышы бар. Бұдан басқа, бір “Енисей-1200” комбайны, екі “МТЗ-82” тракторы, бір-бірден “К-700”, “ДТ-75” тракторлары, бір тіркемелі жаңа “КамАЗ” автомашинасы, екі шөп таситын тіркеме және тағы басқалары сақадай сай. Мұндай техникалық қуат кейбір ортаңқол серіктестіктердің өзінен табыла бермейді.

– Осының бәріне жүрексінбей, лизингпен жұмыс жүргізуімнің арқасында қол жеткіздім. Алған кредитті уақытында, ал мүмкін болса күні бұрын қайтарып отырған дұрыс. Мен өзім солай істеймін. “ҚазАгроФинанс” АҚ-мен 2000 жылдан бастап жұмыс істедім. Одан кейін, 2005 жылдан бері “Агромашхолдинг” АҚ-мен ынтымақтасып жүрмін. Олардың тарапынан маған кінә-талап қойылған емес. Биыл алған “АСРОS-530” комбайндарынан басқа кредиттердің бәрін жаптым. Әрине, жоғары өнімді жаңа техника арзан тұрмайды, бірақ олардың өзін ақтайтыны сөзсіз. Мысалы, қазір шөп дайындау науқанында жаңа шөп-жинағыштың пайдасын көріп отырмыз. Бүгінге дейін 100 тоннадан астам шөп дайындасақ, көбісі соның көмегімен атқарылды. Жаңбыр сәл кешігіп, шөп бұғып қалды, бірақ әлі де уақыт бар, ораққа дейін 300 тоннадай жем-азық жинап алуымыз керек, – дейді ол.

Шаруа қожалығы 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың бәрін отын-шөппен, тұрмыстық өзге де қажеттіліктерімен қамтамасыз етеді. Жұмысшыларының табысы да жаман емес, мысалы, жоғарыда аталған токарь және “КамАЗ” көлігінің жүргізушісі Юрий Грасько сияқты еңбек озаттары айына орта есеппен 60 мың теңгеден табыс табады. Орақ науқаны кезінде комбайншылардың еңбекақысы 250 мың теңгеге дейін жетеді.

Ауыл шаруашылығының қос саласын қатар ұстап отырған шаруашылық басшысы мемлекет тарапынан әлі де болса шешімін таппай отырған кейбір мәселелерге назар аударылуын қалайды. Мысалы, ол осы жылы семіртілген 6 бұқаны әзер өткізгенін айтты. Оның ойынша, мемлекет ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің алдына етті мал шаруашылығын дамыту міндетін қойып отырғандықтан, өндірілген өнімді өткізу мәселесін де қатар шешуі тиіс. Мал шаруашылығы өнімдерін өткізу әлі сол жабайы нарық деңгейінен аса алмай жүр. Десе де, алдағы уақытта Үкімет тарапынан оған да көңіл бөлініп, оның тиімді жолы табылатынына сенімді. Сол үшін де мал басын көбейте беруді көздейді.

Сөз соңында шаруа қожалығының басшысы өзінің кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтетін тағы бір тың істі қолға алғанын айтты. Онысы – аудан орталығында бой көтеріп жатқан сырғанақ ойын-сауық кешені, оған жетекшілік етуді ұлы Алмасқа тапсырыпты. Оны ауыл кәсіпкерінің мол мүмкіндігін танытатын жаңа қыры деп білген жөн.

Суреттерді түсірген  

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp