«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАП, лайықты үміткерлерге дауыс берді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.

Аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округтер әкімдері сайлауы алдында БАҚ өкілдерімен өткізген брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев 13 ауданда 571 үміткер тіркелгенін, олардың 26 пайызы бұрынғы әкімдер екенін, 36 пайызын әйелдер құрайтынын, аса маңызды саяси шараны өз дәрежесінде өткізудің барлық мүмкіндіктері қарастырылғанын мәлімдеген еді.

Аудан орталығы Бескөл кентінде орналасқан Мәдениет үйіне 13 таңдаушының мезгілінен ерте жиналуына қарап өздеріне жүктелген ел сеніміне кіреуке түсірмеу жауапкершілігін, қоғамды демократияландыру жолындағы жаңа белестің маңызына зор мән бергенін ұққандай болдық. Мұның алдындағы шаралар кезінде аудандық мәслихаттың депутаттары жергілікті билік орындарымен бірлесе отырып жер-жерде мағыналы кездесулер ұйымдастырып, тұрғындармен ақылдаса жұмыс істеудің тәжірибесін одан әрі тереңдете түссе, бұл жолы әкім орынтағына бақ таластырғандардың арасынан жұртшылықтың ұсыныстары мен пікірлерін ескеру арқылы нағыз іскер де лайықтыларын таңдап алуға белді бекем байлап келгені сөздерінен де, жүздерінен де аңғарылып тұрды.

Таңдаушылар жиынын Қызылжар аудандық мәслихаттың хатшысы Айжан Молдахметова ашып, күн тәртібін жария етті. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Владимир Геншель сайлау тәртібі және ережесін түсіндіріп, дауыс беру рәсімін қатаң сақтауға шақырды. Мәліметтер бойынша 19 ауылдық округтен 58 кандидат тіркелсе, олардың 23-і – әйелдер, 15-і – бұрынғы әкімдер екен. Кей округтер бойынша 4 үміткерге дейін ұсынылыпты. Олардың қай-қайсысы болсын шаруашылықта әбден ысылып, көпшілікпен қоян-қолтық жұмыс тәжірибесін жинақтағаны, кәсіби шеберліктерінің молдығы байқалады. Сайлауалды бағдарламалары айқын мақсатқа, нақты іске құрылып, бірден назар аудартады. Соған қарағанда, елімізде алғаш рет өткізіліп отырған науқанның ерекшелігі мен мән-маңызын жете түсініп, жан-жақты әзірлікпен келгені айтпаса да түсінікті.

Дауыс беруге бірінші болып тіс дәрігері болып жұмыс істейтін Нұрлан Рахымов шықты. Іле-шала науқан қарбаласы басталып, депутаттар өз таңдауларын жасап үлгерді. Дауыс беру, дауыстарды санау рәсімдері заң талаптарына сай атқарылып, қорытындылары жария етілді. Дауыстарды санау кезінде көпшілік дауыс алған әкімдердің есімдері белгілі болды. Алфавиттік ретпен орналастырылған ауылдық әкімдіктер арасынан Архангелка ауылдық округінің әкімі болып сайланған Махмет Байбосыновтың есімі бірінші болып аталды. Басқалары да осындай құрметке ие болды. Тек Петерфельд ауылдық округіне келгенде таңдаушылар даусы екіге жарылды. Дегенмен, Қуандық Еңсегеновтің аты озып шықты. 4 әйел әкім атанды. Бұрынғы ауыл әкімдері түгелдей қызметтерін сақтап қалғанын айта кеткен жөн.

* * *

Мамлют ауданындағы таңдаушылар отырысы №1 қалалық гимназияның ғимаратында өтті. Оның барысын “Нұр Отан” ХДП, Біріккен социал-демократиялық партияның мүшелері, жергілікті бақылаушылар, үміткерлердің сенім білдірген адамдары мен БАҚ өкілдері қадағалады.

Таңдаушылар отырысын аудандық мәслихаттың хатшысы Ралия Нұрмұқанова ашып, маңызды шараға сәттілік тіледі.

– Аудандық маңызы бар Мамлютка қаласы мен 11 ауылдық округтің әкімдігіне 36 үміткер тіркелген болатын, былайша айтқанда бір орынға 3 үміткерден. Бәрі де жоғары білімді мамандар. Олардың 9-ы – бұрынғы әкімдер. Елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған әкімдер сайлауына аудандық мәслихаттың 12 депутаты түгел қатысып отыр, – деді сайлау барысы туралы түсінік берген аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Василий Целуйко.

Халық қалаулыларының таңдауы бір демде өтті. Сайлау бюллетеньдерін санау аяқталысымен, оның қорытындысы бірден жария етілді.

Дауыс беру нәтижесі бойынша Мамлютка қалалық және 8 ауылдық округтің әкімдері бұрынғы қызметін әрі қарай жалғастыратын болды, ал Воскресеновка ауылдық округіне Нұрлан Құсайынов, Дубровин ауылдық округіне Бақыт Жүсіпова, Пригородный ауылдық округіне Серік Нұрмолдин жаңадан әкім болып, басым дауыспен сайланды. Комиссия мүшелерінің айтуына қарағанда, сайлауда ешқандай да заң бұзушылық тіркелген жоқ.

– “Жүзден – жүйрік, мыңнан тұлпар шығады” дегендей, 36 үміткердің ішінен өз таңдауымызды жасадық. Осы ауданда туып, осында еңбек етіп жүргеннен кейін әкім болғысы келген талапкерлердің бәрімен де таныспыз. Әрі сайлау алдында өткен кездесулер бір тоқтамға келуімізге барынша мүмкіндік жасады. Сондықтан таңдау жасауда қинала қойған жоқпыз. Халық қалаулыларының даусын алған жаңа әкімдерге сәттілік тілейміз және өндіріс мамандары ретінде игілікті істеріне әрдайым көмек көрсетіп отыратын боламыз. Өйткені, ата-бабамыз айтқандай, “бәріміздің илеп жатқанымыз бір пұшпақ” қой, – дейді аудандық мәслихаттың депутаттары Арыстан Жүнісов пен Серәлі Шәріпов.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp