«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ізгілікке құштар жан

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жас ұрпақтың жан дүниесіне ізгіліктің нұрлы шуағын себуден асқан мәртебе жоқ шығар, сірә! Оларды жақсылыққа баули отырып, дәстүрлі құндылықтарды құрметтеуге үйретудегі ұстаздың орны тіпті айрықша. Үздіксіз ұйымдастыруды қажет ететін тәлім мен тәрбиенің өзегі мектеп пен арнайы орта білім беретін оқу орындары екені даусыз. Заманауи талаптарға сай білім жүйесін қалыптастырудағы соны ізденістер мен жаңашыл бағыттар оңынан оңғарылып жатса, еңбектің ақталғаны. Жеке тұлғаның мүмкіндіктерін ашу – әрбір ұстаз-педагогтің алдына қойған басты мақсаты екені даусыз. Міне, осындай биік үдеден көрініп жүрген ұстаздар санатына Солтүстік Қазақстан медицина колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рауза Нұрмолдинаны қосуға болады.

Ол – қазақ білімінің қара шаңырағы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факультетінің түлегі. Жоғары білім алғаннан кейінгі саналы ғұмыры білім саласымен тығыз байланысты. Ал 20 жылдан бері аталмыш колледжде табан аудармастан, жемісті қызмет атқарып, болашақ дәрігерлерге сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Осы уақыт аралығында Рауза Тапашқызы өзін білікті маман, кәсіби ұстаз, ұйымдастырушы басшы ретінде де, адамгершілік қасиеттерімен де жете танылып, жастар тәлімгеріне айналды.

Замандасым жайлы сөз қозғасам, жан-жақты шығармашылық ізденісі мен тынымсыз ізденімпаздығы алдымен ойға оралады. Әркез тың бастамаларға ұйытқы болып, ауқымды шаралардың көшбасынан көрініп жүретін елгезектігі, ұшқырлығы сүйсінтпей қоймайды. Бастаған істі ақырына дейін жеткізу – оған тән қасиет. Елбасы ұстаздар қауымы алдына қойған келелі міндеттерге сәйкес оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру, жаңа әдістәсілдерін табу, сапалы білім мен саналы тәрбиенің өзекті мәселелерін тап басу, өзі дәріс беретін пән бойынша педагогикалық жаңа технологияларды оқытудың коммуникативтік, интерактивтік, тұлғалық бағдарлау жүйесін қолдану тәжірибесі үлгі етуге тұрарлық. Әр жылдары мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институтында болып, нақты ғылыми жобалар бойынша біліктілік санатын арттыру арқылы да жоғарғы санаттағы білікті маман ретінде танымал. Оның “Тұлғалық басымдылыққа бағытталған оқушылардың тарихи білім ықпалдастығы” тақырыбы бойынша кешенді зерттеу тақырыбы жан-жақты ізденістерге толы екенін де айта кеткім келеді.

Рауза Тапашқызын колледж өміріндегі түрлі деңгейдегі “дөңгелек үстелдерде”, ғылыми-әдістемелік кеңестерде, семинарларда жиі көруге болады. “Жаңа технологиялық әдістерді тарих сабағына пайдалану”, “Білім жүйесін заманауи талаптарға сай дамытудың негізгі бағыттары”, “Жас буын тәрбиесіндегі қазақстандық патриотизмді дамыту мәселелері” тақырыптары аясында мазмұнды баяндамалар жасап, білімінің, өмірлік тәжірибесінің молдығын көрсетті. “Ұстаздың қадір-қасиеті жинаған білім-тәжірибесімен ғана шектелмейді, керісінше сол білген, үйренген дүниелеріңді көппен бөлісу арқылы, бір сөзбен айтқанда, жан дүниеңді ізгілендірумен өлшенсе керек” – деген ұстаным оның өмірлік басты қағидатына айналған. Медицина саласының болашақ мамандарын даярлайтын оқу орнында жүргізілетін жалпы пәндердің ішінде тарих сабағының орны бөлек. Отанды сүю, қоршаған ортаны танып-білу ел, жер тарихын игеруден басталса керек. Жас ұрпақты тарихи тағылымдар арқылы тәрбиелеу заман талабы десек, ұмыт болып бара жатқан ұлттық рухани құндылықтармызды қайта жаңғырту, қастерлеу, дәстүр жалғастығын сақтау секілді үлкенді-кішілі істердің басы-қасында жүретін Рауза қолы қалт еткен сәттерде оқу жүйесіне, тәрбие мәселесіне қатысты өзекті проблемаларды кеңінен қозғайтын мақалаларды жергілікті баспасөзде жүйелі жариялап тұрады.

Адамдарға қайырымдылық, қамқорлық жасау қанымыз мен дәстүрімізде болғанымен, күнделікті жұмысбастылық салдарынан кейде елей бермейтініміз рас. Ал Рауза Тапашқызы бір жылдары “Есіл” балалар қорын қоғамдық негізде басқарды. Сол кезеңде ата-анасынан айрылған, қамқорлықсыз қалған бүлдіршіндерге аялы алақанын созып, мұқтаж жандарға талай рет көмектескеніне куәміз. Қандай іске араласса да, жүзі күлім қағып, жан-тәнімен кірісіп кететіні соншалық, сүйекке сіңіп, мінез болып қалыптасқанын өзі де білмей қала ма дейміз кейде. “Мінезділік – бақытты болудың басты шарттарының бірі” деп текке айтылмаса керек. Иә, жақсы адамдар айналасына жан шуағын түсіріп, ізгілік сеуіп жүреді. Шаттық пен қуаныш сыйлаудан шаршамайды. Бәріміз мақтан тұтатын Рауза Нұрмолдина осындай жан.

Гүлзада НӘБИЕВА,

Солтүстік Қазақстан медицина колледжінің бөлім меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp