Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өнермен айналысу үшін “темір тордың” өзі де тосқауыл бола алмайды. Оны ЕС-164/6 мекемесінде жазасын өтеп жүрген өнерге бір табан жақын нәзік жандар дәлелдей алды.
“Үміт” атты көрмеде 10-нан астам жазасын өтеушілердің өз қолдарымен жасаған туындылары көрермен назарына ұсынылды. Әртүрлі жанрлар мен техникада орындалған картиналар мен сәндік-қолданбалы өнер туындылары көздің жауын алады. Әсіресе, жазасын өтеуші Маргарита Солнцеваның “Үміт”, “Көрші”, “Құрбым – ақ қайың”, “Сен маған ұнайсың”, “Махаббат”, “Қыз қуу” тақырыптарына салған суреттері ерекше ілтипатқа бөленді. Ашық реңкті түстер, бояуы қанық картиналардың басты кейіпкері – әйел жанының нәзіктігі, оның әсемдігі болса керек.
Өңіріміздің тумасы Маргарита Михайловна – Мәскеудегі Н.К.Крупская атындағы халық шығармашылығы көркемсурет студиясында білім алғандардың бірі. Абақтыға қамалмас бұрын бейнелеу өнерімен кәсіби деңгейде айналысқан суретші бұл ісін еш уақытта тастаған емес. Жаны жабырқаған кезде сүйікті ісі оның көңіліне шуақ шашып, маза таппаған жүрегіне тыныштық орнатады.
Анна Малыхина да көрмеге өзінің бірнеше картиналарын қойды. Бұл суретшінің туындыларына қарап, оның әуесқой суретші екендігін аңғару қиын. Қалай дегенмен, оның әрбір суретінен өмірге деген құлшыныс пен үміттің бары сезіледі. Бәлкім, сондықтан да көрменің соңында оның туындылары іріктеу комиссиясының шешімімен үздік деп танылып, “Үміт” атты байқаудың облыстық кезеңіне өткен болар.
Бұл көрмеде картиналардан басқа, сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылды. Әсіресе, жазасын өтеуші Татьяна Пинигина мен Әмина Аханованың бірлесе жасаған қоржындары бірден көзге түсті. Қазақ ұлттық ою-өрнектерімен әсемделген қолөнер бұйымдары түрлі той-томалақтардың сәні боларлықтай. Сәнді ойыншықтар да көрмені толықтыра түсті. Әсіресе, сотталған Марина Черкезованың өз қолымен жасаған қоян, аю, жылан, тышқан ойыншықтары және қуыршақ балалардың көз қуанышы болатыны сөзсіз. Нәтижесінде сәндік-қолданбалы өнер түрінде жазасын өтеушілер арасында бірінші орынға Татьяна Пинигина мен Әмина Аханова ие болса, екінші орынды Кристина Стрельникова, үшінші орынды Марина Черкезова иеленді. Жеңімпаздардың туындылары облыстық кезеңнен өткен жағдайда, түзету мекемелері арасындағы республикалық байқауға жолдама алатын болады.
Іс-шара барысында келген қонақтар алдында жазасын өтеуші нәзік жандар ән шырқап, би биледі.