«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒАЙЫНДЫ АКАДЕМИКТЕР “Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматтары” атағына ие болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Кеше облыстық әкімдікте елімізге кеңінен танымал, жерлес ғалымдарымыз Зейнолла Молдахметов пен Еренғайып Шайхутдиновті 80 жылдық мерейтойларына орай құрметтеуге арналған салтанатты жиын өтті. Өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, облыстық басқармалар басшылары және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің өкілдері қатысқан жиынды облыс әкімі Самат Ескендіров қонақтарды таныстырудан бастады.

– Зейнолла Молдахметұлы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының ғылымына еңбегі сіңген қызметкер, химия ғылымының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры, Қазақстан – Ресей университетінің ректоры, ғылыми-техникалық даму ісіне сүбелі үлес қосқан физикалық және кванттық химия саласындағы ірі ғалым болып табылса, оның бауыры Еренғайып Шайхутдинов та осындай кемел тұлға. Еренғайып Мәлікұлы да химия ғылымының докторы, академик. Әлемдегі білім беру кеңістігіндегі өзекті мәселелерді шешіп, ғылымға қосқан сүбелі үлесі үшін есімі Кембридждегі Халықаралық библиографиялық орталықтың кітабына енгізілген. Соңғы он жылдан бері елдің ең ірі қаласы – Алматыдағы ардагерлер ұйымын басқарады. Ағайынды қос ғалымды құшақ жая қарсы ала отырып, облыстық мәслихат депутаттары кезектен тыс сессияда атақты жерлестерімізге “Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы” атағын беру туралы бірауызды шешім шығарғаны құптарлық іс болды, – деді өңір басшысы. Самат Сапарбекұлы қос академикке берілген атақтың төсбелгілерін тапсырып, ленталарын тақты.

Облыс ардагерлері атынан елге танымал ақсақал Жақсылық Ысқақов, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев құттықтау сөз сөйлеп, даңқты жерлестерімізді бүкіл өңір тұрғындары мақтан тұтатынын жеткізді.  

Ғалым ағалар да сөз алып, өздерінің бір атадан тарайтын ағайынды жандар, туған жерлері қазіргі Жамбыл ауданындағы Октябрь ауылы екендігін, жоғары білімді Мәскеудің Ломоносов атындағы химия институтында алып, ғылым жолына бірге түскендерін айтты. Өмірден көрген үлкен құрметтерінің бірі – “Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы” атағын алулары екендігіне ризашылық білдірді. Салтанатты жиыннан кейін көрнекті ғалымдар өз ұстаздары Евней Букетовтің бюстіне облыс әкімімен бірге гүл шоқтарын қойды.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp