«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛГАРИЯДАН ОЛЖАЛЫ ОРАЛҒАН АНСАМБЛЬ енді Түркияда өтетін байқауға шақыру алды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдық “Sensetive” бал билері ансамблі Болгарияның Несебр қаласында “Славянский путь” ұлттық мәдениет, өнер және қолөнер жазғы мектебінің ұйымдастыруымен өткен “Солнечный танец” халықаралық байқауына қатысып, жеңімпаз атанғандығы жайында газетіміздің өткен санында жазған болатынбыз. Сәрсенбінің сәтінде елге оралған жеңімпаздарды жерлестері сапаржайда салтанатпен қарсы алды. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Тамыздың жаңбыры толассыз жауғанына қарамастан, елге жеңіспен оралған бишілерді қарсы алуға жиналғандар қарасы көп болды. Жеңімпаздарды қарсы алушылар “Жарайсыңдар!” деп бар дауыспен ұрандатты. Есту кемістігі бар балаларға арналған арнайы (түзету) мектеп-интернаттың тәрбиеленушілерінен құралған “Sensetive” бал билері ансамблі шынымен жарады. Он екі мүшесі сау 200-ден астам қатысушылардың арасынан оза шауып, өз өнерін күллі әлемге таныта алу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Байқауда “Вена вальсі”, “Ча-ча-ча”, “Пасадобль” билерін орындаған олар қазылар алқасының ең жоғары ұпайын иеленген екен. Нәтижесінде 16-20 жастағы үміткерлер арасында “Бал биі” аталымы бойынша үздік танылды.  

– Байқауға небір би ансамбльдері келді. Әр би ұжымы өз елінің намысын қорғауға тырысты. Бірақ біздің балалар мүмкіндіктері шектеулі болса да, өз күштерімен жеңіске жетті. Қазылар алқасы ансамбліміз бірінші орынды иеленгенін хабарлағанда қуанышымызда шек болмады. Ансамбльдің халықаралық деңгейдегі байқауға барып, өнер көрсетуіне жағдай жасаған өңір басшысы Самат Ескендіровке алғыс айтқымыз келеді. Сондай-ақ қаржы бөлген “Жұлдызай” қайырымдылық қоғамдық қоры мен демеушілік көрсеткен жергілікті кәсіпкерлерге ризашылығымыз шексіз, – деді ансамбльдің жетекшісі Ольга Ростовщикова.  

Елге олжалы оралған би ансамблі биыл Түркия елінде өтетін халықаралық би байқауына шақыру алды. “Sensetivе” бал биі ансамблі бұл байқаудан да жеңіспен оралатындықтарына сенімді.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp