«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ және ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

журналист-заңгер,

Мәдениет қайраткері.

(Соңы. Басы өткен сандарда).

Қожаберген жыраудың Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтының қолжазба қорында сақтаулы тұрған “Ер Қойлыбай” деген жырынан да бірсыпыра мәлімет табамыз.

Ертеде қыпшақта өткен Ер Қойлыбай,

Қолына жүрмейді екен қобыз алмай.

Болған соң сол асылдан бізге мирас,

Қобызды мен де жүрмін тастай алмай.

Біздерге жәрдем болып аруақ Құдай,

Жауымды талқандадым соғыста ұдай.

Қыпшақта Қойлыбайды жырға қос деп,

Түсімде аян берді әкем Толыбай.

Қыпшақта Қойлыбайдың бұлтың заты,

Басқадан артық болған парасаты.

Молда боп заманында аты шыққан,

Әбурахпан әкесінің екен аты.

Бұл өлеңге байланысты назар аударатын бір мәселе Қожабергеннің әкесі де, өзі де сыйынатын Қойлыбай бақсыны Сыр бойында Шиеліні жайлаған қалың бұлтың қара қыпшақ өз бабалары санайды, Шиелі жерінде туған деп біледі. Бұл жайт та иіп әкеліп, Толыбай мен Қожабергенді Шиелі жерімен тағы да бір байланыстырады. Бірақ Қойлыбай бақсының зираты қазір Ұлытау жерінде, ұлытаулықтар өз перзентіміз деп есептейді. Ол да жөн. Қазақтың жері ортақ, жақсы адамы ортақ, ұлттың мақтаныштары баршаға, күллі қазаққа ортақ, өйткені, қарға тамырлы қазақтың тарихы ортақ. Міне, сондықтан қазыналы жырау, қаһарман ордабасы, бас сардар Қожаберген Толыбай сыншы ұлы мен Айша Қабылан би қызы Сыр елінің, шиеліліктердің де мақтанышы.

“Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” қасіреті – бұл қазақ халқының басына құрып кету қаупінің анық төнуі еді. Қашқан елде қайбір қауқар болсын, жан сауғалай паналап барған жерлерінде де қоқаң көрді. Қоқан, Хиуа, Бұхара хандықтары бас сауғалаған қазақтарды одан сайын тонап, зәбір көрсетті. Батысқа Жайыққа жеткен қазақтарды Еділ қалмақтары мен Жайық казактары қыспаққа алды.

Міне, осылай тұс-тұстан талауға түскен қазақ халқының жер бетінен ұлт ретінде жойылып кетуі әбден-ақ мүмкін еді. Енді шегінер жер қалмағанды. Осындай жағдайда 1726 жылы мамырда Үш жүздің бетке ұстар игі жақсылары Сыр Ана, Қаратау пана бойына қайта жиналды. Қарақұмда Төле би мен Қазыбек би бастаған билердің ұсынысымен қазақ әскерлерінің бас сардары болып Кіші жүз ханы Әбілқайыр сайланды. Ұлы жүз жасағын Саурық батыр, Орта жүз жасағын Бөгенбай батыр, Кіші жүз жасағын Тайлақ батыр бастайтын болды. 1726 жылы күзде қазақтар Ұлытауда Бұланты және Білеуті өзендерінің арасындағы жазықта екі жақтан жүз мыңдай әскер қатысқан кескілескен шайқаста зор жеңіске жетті. Бұл жер содан “Қалмақ қырылған” аталды. Қазақтар Қаратауын, Сыр бойын қайтарып алды. “Елім-айда” бұл ұрыстар былай сипатталады:

Тұсында Таңбалы тас болып шайқас,

Қазақтар ата жаумен салды айқас.

Қалмақтар үсті-үстіне оқ боратты,

Дегендей, Үш жүз ұлы көріп байқас.

Бес мыңдай жау қырылған Үзкент жақта,

Екпіндеп баса көктеп келген шақта.

Бөгедік Сарысуда қалмақ қолын,

Дұшпандар өте алмады батыс жаққа.

Бұл шумақтарда аталатын Таңбалы тас, Сарысу өзені Шиелі жерінде Қаратаудың теріскей бетінде болса, Өзкент Сыр бойында Шиелімен жапсарлас Жаңақорғандағы жер атауы. Жауға алғашқы тойтарыстар Телікөл маңында Шиелі – Ұлытау жерінде берілді.

Бұл жеңістер елдің еңсесін көтеріп, жігерлендірді. Одан кейін 1730 жылы Балқаш көлінің оңтүстік-шығысында Итішпес көлінің маңындағы Аңырақай даласындағы ірі жеңіс қазақ жерін толық азат етуде шешуші бетбұрыс жасады. Бұл жазық “Жоңғарлар аңыраған жер” деп аталып кетті.

Қазақ жерлерін жоңғарлардан толық тазартып болмай жатып, Кіші жүз ханы Әбілқайыр қазақ халқының бұдан былайғы тағдырын біржолата шешкен күрделі бетбұрыс қадамға барды.

Көп тостық Әбілқайыр келеді деп,

Тосыннан жауға соққы береді деп.

Алайда негізгі қол көрінбеді,

Қорықтық халық түгел өледі деп.

Қамданып жасақ жиып, тігіп шатыр,

Қолбасшы Әбілқайыр қайда жатыр?

Сәмеке, Әбілмәмбет, Ғайып, Болаттың,

Көмегі қазақтарға болмады ақыр,

– деп күңіренеді жауынгер жырау Қожаберген “Елім-айлап”.

Қазақтың бас қолбасшысы Әбілқайыр Кіші жүз жасақтарын майдан даласынан алып кетті. Сөйтіп 1731 жылғы 10 қазанда қазақ хандарының ішінде алдымен бодандыққа мойын ұсынып, Ресей империясының қолтығына кірді. Бұл оқиға, Әбілқайырдың әрекеті кеңес заманында іргелі мемлекетті паналаудың арқасында қазақтарды құрып кетуден құтқарған бірден-бір дұрыс шешім болды деп, жөн іс ретінде құпталып келгенімен, жаңа тәуелсіз заманда бұрынғыдай біржақты бағаланып отырған жоқ. Қазақ халқының 260 жылға созылған игілігі де аз емес, қиянаты да жетіп-артыларлық Ресей – Кеңес Одағында отарлық күй кешуі, жансебілі, жаңа тарихы басталып кетті. Бұл кезеңде ХХ ғасырда 1916- 1945 жылдары, бас аяғы отыз жыл ішінде қазақ халқы тағы да үштен екі бөлігіне жуық адамынан айрылып, есеңгіреп қалды. Кеңес заманында ұлттық рухынан, ділінен, тілінен айрылудың аз-ақ алдында тұрды. Бүгінгі тәуелсіздікке жетудің тоқпақты да соқпақты жолы, тәуелсіздік үшін қазақ халқы берген құн осы болды.

Болса да адам үшін жаман ресім,

Қалайша айтпай қоям мұның несін.

Халқымның хал жағдайын өлең етіп,

Жырладым апат күннің шежіресін.

Артымда өзім өлсем атым қалсын,

Жырыма барша жұртым құлақ салсын.

“Бабамның Қожаберген өлеңі” – деп.

Ұмытпай, кейінгі ұрпақ есіне алсын,

– деген өсиет қалдырыпты Қожаберген жырау. Жоңғар – қазақ соғысында туған “Елім-ай” жырының 290 жылдығы, оны шығарған сардар, сазгер-жырау Қожабергеннің 350 жылдығы ел тарихын қайта саралаудың, жаңаша пайымдаудың бір белесі болмақ. Елі үшін еңбек сіңірген елеулі тұлғаны ұмытпай, еске алып жүру деген осы болса керек. “Елім-ай” жыры тарих, әдебиет оқулықтарына енгізілсе, құба-құп. Үш ғасырлық “Елім-айдан” бүгінгі “Менің Қазақстанымға” дейінгі ащылы-тұщылы тарихтың тағылымдарын ұрпақтар санасына сіңіру, сабақ алу елінің тәуелсіздігі үшін қаны мен терін төккен қайран ерлер еңбегіне жасалған тағзым.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp