«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚАН мен ҚҰЛАГЕРДІ ЕСКЕ АЛДЫ ЕЛІ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыз бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп ерекше қастерлейді. Өйткені, дәстүрлі қазақ қоғамында сәйгүліктер – тек қана иесінің емес, бүкіл әулетінің, ауыл-аймағының мәртебесін асқақтататын түлік төресі. Елімізде аты аңызға айналған тұлпарлар аз болмаған. Солардың бірегейі атақты ақын, әнші, сазгер Ақан сері бабамыздың “Құлагері” еді.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

3 тамызда Саумалкөл ауылының ипподромында Ақан сері Қорамсаұлының 170 жылдығына орай аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен атжарыс болып өтті. Аталмыш мерекелік іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, Ақан сері бабамыздың ұрпағы Тілек Сұрағанов, қоғам қайраткері, “Құлагер” композициясының авторы Сәдібек Түгел және аудан әкімі Ағзам Тастеміров қатысты. Бұл айтулы бәйгеде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 102 сәйгүлік бап пен бақ сынасты.  

Бұл күні таңертеңнен толастамай жауған жаңбырға қарамастан, ипподромға жинал­ғандар көп болды. Бәйге десе делебесі қозатын жанкүйерлердің ойын ұққандай шабандоздар атжарысты қыздыра білді. Мерекелік іс-шараға жиналған көпшілікті аудан әкімі Ағзам Тастеміров Ақан серінің 170 жылдығына орайластырылған атжарыс мерекесімен құттықтады. Ал белгілі жерлес журналист, ақын Жұмабай Есекеев айыртаулықтарды Ақан сері бабамыздың айтулы мерейтойымен құттықтап, жарысқа түскелі тұрған сәйгүліктерге бата берді.  

Додалы жарысқа демеушілік жасаған кәсіпкерлер Сырымбет Есенғалиев, Науаи Сердалин, Арман Төлеуов, Балабек Абдрахманов, Кенжебек Қашаев, Біржан Шаймерденов, Александр Гладкий және Сергей Смирнов 4 жеңіл автокөлік пен ақшалай сыйлықтарды бәйгеге тікті.

Атқұмар қауым әуелі 7 шақырымдық құнан бәйгені тамашалады. Бұл жарысқа 32 сәйгүлік қатысты. Бірақ, сәйгүліктер 4 айналым шапқан кезде жарыс жолын қиып өтіп, сыртқа шығып кетіп жатты. Сондықтан төрешілер бұл қашықтықтағы жарысты есепке алмады.

Мұнан кейін 7 шақырымға созылған жорғалар жарысы бәйге көркін қыздыра түсті. Оған 11 сәйгүлік қатысты. Соның ішінде өзгеден шабысы бөлек Астана қаласының “Эдельвейс” атты сәйгүлігі (шабандозы Евгений Чибасов ) басқалар­дан оқ бойы озып, мәреге бірінші келді.

13 шақырымдық топ бәйгеге 32 сәйгүлік сайланып шықты. Асылтұқымды арғымақтар жолдың балшықтығына қарамастан, құйғыта шаба жөнелді. Жарыстың шешуші сәтінде Астана қаласының намысын қорғаған Арман Төлеуовтың “Достық” есімді арғымағы (шабандозы Фархат Казаков) бірінші орынды иеленіп, иесіне “ВАЗ-2114” маркалы автокөліктің кілті тапсырылды.

Бап пен бақ қоса шапқан 15 шақырымдық аламан бәйгеге 30 сәйгүлік қатысты. Бұл жолы соңғы айналымға дейін қай аттың топ жаратынын айту мүмкін болмады. Ақыры Астана қаласының “Қара-дауыл” атты сәйгүлігі (шабандозы Марсель Марсұлы) мәреге бірінші болып келіп, бәйгеге тігілген “Джип” автокөлігін иесінің қанжығасына байлатты. Ал оның өкшесін баса келген “Баянтай” ЖШС-нің “Сұлтан” есімді сәйгүлігі (шабандозы Бахтияр Шакиев) екінші орынды иеленіп, иесіне бәйгеге тігілген “ВАЗ-2114” автокөлігін әперді.

Атжарыс соңында сахна төріне көтерілген аудан басшысы атжарысқа демеушілік жасап, қолдау көрсеткен азаматтарға Алғыс хаттар тапсырды.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ипподромда аудан кәсіпкерлері ұйымдастырған сауда-саттық та қызып жатты. Әсіресе, Айыртаудың бал қымызынан дәм татып, риза болғандар аз емес. Ал ауданның Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жұртшылыққа тегін қайырымдылық асын ұйымдастырды.

Айыртау ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp