«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛАМЫЗ БЕН АУЫЛЫМЫЗДЫ ЖАҢАРТҚАН жасампаз жандарға құрмет көрсетілді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егемен еліміз жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде Құрылысшы күнін атап өтеді. Соған орай кеше Петропавл қалалық Мәдениет үйінде облыс әкімі Самат Ескендіровтің қатысуымен кәсіби мерекеге арналған салтанатты жиын болып өтті.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аталмыш шарада құттықтау сөз сөйлеген өңір басшысы Самат Ескендіров:

– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрғындар үшін қолжетімді және жайлы баспана салу, құрылыс индустриясын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылатындығын атап көрсетті. Соған орай Үкімет тарапынан осы салаға зор көңіл бөлініп отыр. Оның нәтижесін жыл сайын құрылыс қарқынының өсіп келе жатқандығынан да байқауға болады. Тек биылғы жылы ғана Қызылжар өңірінде сәулетті ғимараттар тұрғызуға және тұрғын үйлер мен әлеуметтік салаларды қайта жаңғыртуға 11 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы аясында 30 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, жүздеген отбасылардың көптен күткен қоныстойларын өткізуіне жағдай жасалды. Бүгінгі күні 4 емхананың, 2 мектептің, облыс орталығы мен аудандарда көпқабатты 18 үйдің құрылысы жүргізілу үстінде. Жергілікті тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін қомақты жұмыстар атқарылуда, автомобиль жолдары салынуда және жаңғыртылуда.

“Основание”, “Альфа-Север”, “СК Максимум”, “Левкосевер”, “Перспектива” ЖШС-лері сияқты кәсіпорындар өз қызметтерін белсенді жүргізіп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға қомақты үлес қосуда.

Біздің алдымызда құрылыс қарқынын өсіре түсуді жалғастыру, барлық жаңа заманауи техникалық және инженерлік шешімдерді қолдану, пайдалануға берілетін нысандардың сапасы мен беріктігін арттыру, қолжетімді баспана нарығын қалыптастыру сияқты ауқымды міндеттер тұр. Сіздер сияқты білікті мамандар барда ол қолымыздан келеді, – дей келіп, солтүстікқазақстандық құрылысшыларға еңбекте жаңа жетістіктер, отбасыларына бақыт пен амандық тіледі.

Жиында Самат Ескендіров өз өкімімен марапаттаған “СевКазЭнергострой” ЖШС директорының орынбасары Александр Нестеринге, “Госэкспертиза” РМК филиалы өндірістік бөлімінің басшысы Людмила Радченкоға, “СК Максимум” ЖШС директорының орынбасары Анатолий Гуцке, “Единство” ЖШС-нің инженер-энергетигі Ахметқали Шаяхинге, “Пилон СК” ЖШС директорының орынбасары Оксана Грибановаға, “Лира” ЖШС-нің құрастырушысы Василий Клексинге облыс әкімінің Құрмет грамотасын және бір топ құрылыс маманына Алғыс хатын табыс етті.

Облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Саят Әшімов бір топ озат құрылысшыны ҚР Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі комитетінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

“Лира” ЖШС директоры Андрей Радченко мен Солтүстік Қазақстан облысы құрылысшылары қауымдастығының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Тимофеев әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтай келіп, облыс әкімі Самат Ескендіровке құрылысшының жан серігі “Алтын қалақша” мен дулығаны сыйға тартты. Ал құрылыс саласының ардагері Владимир Чуфаров ізбасарларына мерекелік құттықтау тілегін арнады.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp