«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОНЫСТОЙ ҚУАНЫШЫН СЫЙЛАЙДЫ ОЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өңіріміздегі іргелі құрылыс компанияларының бірі – “Петрострой – Люкс” ЖШС-і. Оның еңбеккерлерінің күшімен облыс аумағында бірқатар тұрғын үйлер бой көтеріп, көптеген нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Кәсіпорын мемлекеттік тапсырыс бойынша да бірнеше құрылысты ойдағыдай салған. Компания былтыр “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның тапсырысы бойынша жарияланған тендерді жеңіп алып, биыл күзде жаңа көпқабатты тұрғын үйді тапсырмақшы.

– Бұл ғимараттың іргетасы былтыр құйылып, биыл көктем шыға құрылыс қарқынды қолға алынды. Бүгінде жұмыстың 70 пайызы орындалды. Мұндағы жұмысты қазан айында бітіреміз деп жоспарлап отырмыз, – дейді құрылыс учаскесінің басшысы Юрий Бугров.

Сырты қызыл кірпішпен қапталған бес қабатты үйдің 55 отбасыға шаттық сыйлайтын күні алыс емес екен. Әрине, ол пәтерлердің қожайындары қоныстойларын асыға күтіп жүргені де белгілі. Сондықтан бұл нысанды белгіленген мерзімінде тапсыру үшін 120 құрылысшы жұмылдырылып отыр.

Жалпы құрылысшылардың еңбегі ауыр болғандықтан, екінің бірі бұл салаға жолай қоймайды. Сол себепті құрылыс мамандарының жетіспеушілігі көптеген компанияларға тән. Ал егер компанияда еңбеккерлер құрамы тұрақты болса, оның жұмыс сапасына оң әсер ететіні де аян.  

– “Петрострой – Люкс” ЖШС-де тұрақты еңбек ететін 70-ке жуық құрылысшы бар. Құрылыс жұмыстары көбіне ауа райына байланысты ғой. Сондықтан қыс айларында кейбір кадрларымыз басқа салаға табыс табу үшін кеткенімен, көктем шыға, өзімізге қайтып оралады. Әлбетте, жұмыс ауыр, бірақ, төленетін еңбекақы да жаман емес. Оның үстіне бізде еңбеккерлер атқарған жұмыс көлемі мен сапасына қарай еңбекақы алады, сондықтан жұмысқа қабылданған әр адам өзіне жүктелетін міндеттерді жақсы біледі, – дейді Юрий Данилович.

Елбасы Жолдауларына сәйкес қазақстандықтарды тұрғын үймен, әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету үшін ел қазынасынан қомақты қаржы бөлініп отыр. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстарға отандық тауарөндірушілердің өнімдерін пайдалану қажеттігі талап етіледі.

“Петрострой – Люкс” ЖШС-нің құрылысқа пайдаланып жатқан материалдарының басым бөлігі – солтүстікқазақстандық тауарлар, кейбірі ғана басқа облыстардан әкелінеді. Сондай-ақ бұл саланың мамандарының айтуынша, соңғы жылдары тауарөндірушілер құрылыс материалдарын өндіруде озық технологияларды пайдаланып, өнімдерінің сапасын жақсартқан.

Аталмыш құрылыс кәсіпорнында бірқатар майталман құрылысшылар еңбек етеді. Мұндағы еңбеккерлердің орташа жасы 30-дар шамасында. Жұмыс уақыты таңғы сағат 8-ден кешкі 17-ге дейін деп белгіленгенімен, жалақы төлемі атқарылған жұмысқа байланысты болғандықтан, еңбеккерлер іңірге дейін жұмыс істеуге кетәрі емес. Компаниядағы орташа еңбекақы – 100 мың теңге.

– Менің осы серіктестікте еңбек жолымды жалғастырғаныма көп болған жоқ. Осыған дейін төрт құрылыс компаниясында жұмыс істедім. Әр мекеменің өз артықшылығы мен кемшілігі болары сөзсіз. Бұл жұмыс орны маған бірден ұнады. Аталмыш құрылыс компаниясының құрылғанына биыл 9-шы жыл. Осы уақыт ішінде ол қалыптасып үлгерген. Мұнда өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын еңбеккерлер көп. Сондықтан да ұжым болып жұмыс істеу оңай. Адам бұл мамандықты саналы түрде таңдаса, үйреніп кетуі қиын емес. Өз мамандығын сүйген адам ғана оның ауыртпалығына көндіге алады, – дейді құрылыс мастері Татьяна Луконина.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp