Бұрынғы “Ленин туы”, бүгінгі “Солтүстік Қазақстан” газетінің оқырмандары марқұм Ниязбек Бекмұрзиннің есімін ұмыта қойған жоқ шығар: өзі де, сөзі де жиі көрініп тұратын. Сол Ниязбек сол кезде өзгелер әлі ауызға ала қоймаған Құлсары бабамыздың әулиелігі жөнінде көлемді дүниелікті қағазға түсіріпті. Бұл бабамызға еңселі кесене тұрғызған кәсіпкер Берік Мұқышевтің көзіне түскен осы қолжазбаның ықшамдалған нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.
Ниязбек БЕКМҰРЗИН.
Құлсары әулие кеңес заманында өте сирек ауызға алынатын. Менің әтиімнің (әкем) екінші қазақ анасы Үміт апамыз (әжемізді “апа” деп айтатынбыз) намаз оқыған сайын “Құлсары әулиенің аруағы жебей гөр” деп қол жайып, тілек тілегенде үнемі аузынан тастамайтынын талай естігенмін.
1961-63 жылдары мен Покровкадағы жаңа ашылған №40 құрылыс училищесінде, одан Ленин ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүрген кезімде “Бұлақ” совхозының жігіттерінің аузынан Құлсары әулиенің аңыздарын, оның зираты (сүйегі) сол жерде (Бұлақ ауылы) биік дөңнің (төбе) басында екендігін, оның қабіріне дәретсіз баруға жарамайтындығын және науқасы бар адамдардың Құлсары әулиенің басына барып (дәреттерін алып, мал сойып, Құран оқытып) қонып, түстерінде аян беріп, Алладан тілеген арман-тілектері қабыл болып, арты үлкен қуанышқа, той-думанға жалғасып сәтті өмір сүріп, шаттыққа кенелгенін талай рет естігем. Бір мысал келтіре кетейін. Сол покровкалық Құрманбай Ағажановтың әйелі бала көтермей, көп жылдар бір перзентке зар болып жүрген екен. Жоғарыда айтқандай, олар Құлсары әулиенің зиратының жанында түнеп шыққан. Бірнеше уақыт өткеннен кейін Құрманбайдың әйелі жүкті болып, ұл бала туып, армандары орындалыпты. Ұлының атын Жабай деп қойыпты. Сол Жабаймен Покровкада достасып, бірге жүрдік. Үйлерінде талай рет қонып, сый-құрметке бөленіп, ойнап-күліп жүрдік. Өздері ақжарқын, қонақжай адамдар еді. Сол Жабайдан кейін қыз да, ұлдар да туып, армандарына жетіпті.
Құлсары әулие Қызылжар төңірегінде өмір сүрген. Қазіргі Новоникольское жерінде, Есіл бойында Құлсарының жылқылары ойлы-қырлы жерге үйіріліп, оларды түгендеп отырады екен. Егер бір жылқының орны толмаса, Құлсары сол ойлы-қырлы жерден бір қарағаннан есептеп аңғарып біліп отырған. Қызылжардан бастап, сол Новоникольскоеден Есілдің оңтүстік жағындағы қазіргі Дайындық ауылының барлық жері, бір шеті – Қызылжұлдыз, Астраханка, Еркіндік елді мекендермен шектескен, яғни бұрынғы үлкен төрт совхоздың жерінен асып кететін шекараны мекен еткен. Өмірінің соңғы кезеңінде қазіргі Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының төңірегінде өмір кешкен. Өзінің көзі тірі кезінде кейінгі ұрпақтарына Бұлақ ауылының маңындағы биік төбеге өзінің сүйегін жерлейтін орнын көрсеткен екен. Әулие алдағы жылдарда жерлердің жыртылып, зираттардың жойылып кететіндігін білген. Құлсары әулие: “Көзімді жұмған соң мені ана адырдың басына жерлеңдер. Егер 3 жылдан кейін қабірді ашып қарағанда бейітім бұзылмаса, сонда ғана маған “әулие” атын беріңдер” депті.
… Бірақ жұрт күндегі күйбең шаруаларымен жүріп, қабірді ашуды ұмытып кеткен көрінеді…
…Елдің есіне 7 жылдан соң ғана түсіп, айтқанын орындамақшы болыпты…
…Қабірді ашқанда жердің астынан жанға жақсы жұпар иіс шығады. Бұл хош иіске таң ғалған халық сол жерде бейітті қозғамай-ақ, Құлсарыға “әулие” атын берген екен. Бірте-бірте бұл адыр “Құлсары әулие” атымен атанып кеткен. Әлі күнге дейін бұл жерге ауруына шипа іздеген жандар келіп, құрбан шалып, түнейтін көрінеді. Енді көздері тірі адамдардың ауыздарынан, яғни Құлсары әулиенің ұрпақтарынан өз құлағыммен естіп, қағазға жазып алған деректерімді жазып өтейін.
Құлсарының төртінші ұлы Қалдаманнан тараған Рақымжан Жанпейісұлы әйелі Айтбайқызы Қайшамен бір перзентке зар болып, көп жылдар бала көтермеген. Жиырмасыншы жылдардың басында олар мал сойып, Құран оқытып, Құлсары әулиенің зиратының басына барып қонады.
Қайшаның түсіне бір ақ сақалды шал кіреді. Ол Қайшаға төрт ақ жұмыртқа береді. Осыдан бір жылдан кейін Шалабай деген ұлы дүниеге келеді. Одан кейін Құсни, Қайникамал, Күлән атты үш қызы туады. Түсіне кірген төрт жұмыртқа төрт құрсақ көтересің деп Құлсары әулиенің аян бергені – оның нағыз әулие болғандығының дәлелі.
1962 жылы Құлсары әулиенің басына құлпытас орнатуды өзі басқарып, оған Құлсары әулиенің басқа да ұрпақтары Қалиасқар Рақымұлы (қызылжарлық), Ережеп Жантілесұлы (Аққайың ауданы Дайындық) атсалысты.
Құлсары әулиенің жатқан зиратының маңынан қазба жұмыстарын жүргізбек болған техникалар жаңа-ескісіне қарамастан, аяқ астынан ақауға ұшырап, істен шыға бергендігі аңыз емес, шындық.
2003 жыл.