Жақында Саумалкөл ауылындағы Ақан сері атындағы аудандық Мәдениет үйінде көршілес Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың бастауыш ардагерлер ұйымдары төрағаларының қатысуымен аймақтық семинар-кеңес болып өтті. Оның жұмысына облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, Айыртау ауданының әкімі Ағзам Тастеміров қатысты.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Семинар-кеңес Мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған екі ауданның ардагерлер ұйымдарының тақырыптық көрмесімен ашылып, жұртшылық назарына айыртаулық және мүсіреповтік ардагерлердің қолданбалы қолөнер туындылары да ұсынылды. Содан кейін аталмыш шараға қатысушылар Айыртау ауданының тарихи-өлкетану мұражайының жәдігерлерін тамашалап, жергілікті ардагерлердің хор ұжымының жұмысымен танысты.
Пленарлық бөлімде аудан әкімі семинар-кеңеске қатысушыларды құттықтап сөз сөйлеп, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы облыс ардагерлер ұйымдарының жұмысы мен алдағы міндеттері жайлы баяндама жасады. Жарыссөзде Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Армия Әбілқайыров, “Нұр Отан” ХДП АФ төрағасының бірінші орынбасары Болат Ахметжанов, Сырымбет ауылдық округінің әкімі Дулат Сүлейменов, екі ауданның ауылдық округтері ардагерлер кеңестерінің төрағалары өз ойларын ортаға салды.
Семинарға қатысушылар Айыртау ауданы ардагерлерінің халықтық хор ұжымының шағын концертін тамашалап, Сырымбеттегі Айғаным қонысы мен Шоқан Уәлихановтың тарихи-этнографиялық мұражайында және Қарасай – Ағынтай батырлардың мемориалдық кешенінде болды.