Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
9 тамызда бесінші шақырылымдағы Петропавл қалалық мәслихаттың кезекті он алтыншы сессиясы өтті.
Депутаттар облыс орталығының басшысы Төлеген Закарияновтың 2013 жылдың бірінші жартыжылдығындағы Петропавл қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін тыңдады.
Қала әкімі үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында қол жеткізілген көрсеткіштерге тоқталып, шешімін әлі таппаған бірқатар мәселелерді тілге тиек етті. Бүгіндері балабақшаларға орын, баспана алуға, жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін иемденуге кезектер, облыс орталығындағы жолдардың, тұрғын үй қорының жағдайы және т.б. мәселелер халық қалаулыларымен бірлесіп шешуді талап етеді. “Біз қала тұрғындарының игілігі үшін барлық алға қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуге тиіспіз”, – деді Төлеген Закариянов.
Қалалық мәслихаттың депутаттары Александр Казанцев, Юрий Данилов, Евгений Хан, Александр Филипенко, Павел Афанасьев өз сайлаушыларын толғандырып жүрген мәселелерді көтерді. Халық қалаулыларының уәжді сөздеріне құлақ асқан қала әкімі оларды шешудің жолдарын бірлесіп қарастыру қажеттігін айтты.
Сессияда “Петропавл қаласының Құрметті азаматы” атағын беру туралы мәселе қызу талқыланды. Халық қалаулылары қалалық соғыс және еңбек ардагерлері халық хорының әншісі Сайдаш Ғайсин, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының режиссері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі Виктор Шалаев, анестезиолог-дәрігер, денсаулық сақтау ісінің үздігі Федор Кашуба, №20 орта мектептің директоры, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Шарғия Мұқышева, Қазан қаласында биыл өткен он жетінші жазғы универсиаданың чемпионы Маргарита Мұқашева “Петропавл қаласының Құрметті азаматы” атағына лайық деп ұйғарды.
Мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты халық қалаулысы Гүлмира Кәрімованың депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.