«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРАЙСЫҢ, “ҚЫЗЫЛ-ЖАР СК”!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен сенбі күні Петропавл қаласының “Қарасай” стадионында футболдан Қазақстан чемпионатының Бірінші лига командалары арасында кезекті тур ойындары өтті. Қызылжар өңірінің намысын қорғаған “Қызыл-Жар СК” клубы өз алаңында Астананың “Астана – 1964” командасын қабылдады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Күннің бұлыңғыр болғандығына қарамастан, жанкүйерлер алаңға көп жиналды. Өткен ойында қарағандылықтарды 2:1 есебімен жеңген жергілікті ала доп шеберлері бәсі биік, өткен жылдың Бірінші лигасында екінші орынға тұрақтаған астаналықтармен тең ойнауға тырысты. Төрешінің ысқырығынан соң алаңда жеңіс үшін айқас басталды. Ойын тізгінін қолдарына алған “Астана – 1964” командасының шабуылшылары жүйелі шабуылдарды ұйымдастырып, алаң иелерін әбден састырды. Дегенмен, қарсыластардың ойлағаны жүзеге аспады. Осы орайда қарсылас команда футболшылары жергілікті құрама қорғаушыларының қорғанысын бірнеше рет бұзып өтіп, қақпаға таяп қалғанда қақпашы Владимир Никлевич құраманы голдан аман алып қалып отырғандығын айтпасқа болмайды. Қонақтар бірінші кезеңде толық басымдыққа ие болғанымен, таблодағы есепті өзгерте алмады. Осылайша бірінші кезеңде қос тарап та есеп аша алмай тарасты.

Екінші кезеңде жеңіске деген құштарлық “Қызыл-Жар СК”-ны алға шығарды. Төреші белгілеген пенальтиді шебер орындаған 6-шы нөмірлі жартылай қорғаушы Виктор Кожушко командасын алға сүйреп, есеп ашты. Аталмыш голдан соң “екінші тынысы” ашылған жерлес футболшылар тағы бір мәрте гол соғуға талпынса, қонақтар есепті теңестірудің амалын жасады. Десек те, оң және сол қапталдар арқылы “Қызыл-Жар СК”-ның қақпасына ұмтылған астаналықтардың сәті түспеді. Осы есеп кездесу соңына дейін өзгермеді. Ойын қорытындысы 1:0. Қоржынға кезекті бір ұпай түсті.  

Кездесу барысында төреші өрескелдікке жол берген қызылжарлық Анатолий Малковты алаңнан аластатса, ойын ережесін бұзған Николай Сараевқа, Тимур Мульдиновке, ал астаналықтар арасында Федор Симинидиге, Алексей Михайлюкке ескерту жасап, сары қағаз көрсетті.

Енді 20 тамыз күні “Қызыл-Жар СК” өз алаңында Көкшетаудың “Оқжетпес” командасымен кездеседі.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp