«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“КЕДЕН ОДАҒЫ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ КҮШЕЙТТІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын ауданы – өндіріс орнына жұтаң өңірлердің бірі. Сонау кеңестік дәуірден бері сақталып келе жатқан жалғыз ірі кәсіпорын – сүт зауыты. Өнім түрлерінен сары май мен құрғақ сүт қана шығарады. Кезекті іссапарда Сергеевка қаласындағы “Сүт өнімдері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінгі ахуалын білу мақсатында оның басшысы Саматжан Рашидовке жолыққан едік. 

– Саматжан Кәрімұлы, ауданның көне кәсіпорны қолыңызға қай жылдан бастап тиді?

– Бұл кәсіпорынның Алматы облысының Талғар ауданындағы “Жігер” акционерлік қоғамының еншісіне өткеніне де он жылдан асты. Алайда, олар экономикалық дағдарысқа төтеп бере алмай, 2008 жылы сүт зауытының жұмысын тоқтатты. Біз болсақ, кәсіпорынның өңір үшін маңызын жақсы білеміз. Сондықтан 2009 жылы алматылық қожайындармен келісімшартқа отырып, аталмыш өндіріс орнын жалға алып, бүгінге дейін жұмысты жалғастырып келеміз. Оның жалгерлік құны бізге ауыртпалық жасамайды. Қожайындарға зауыттың қараусыз тұрғанынан гөрі, жұмыс істеп, басы-қасында адамдардың жүргені жақсы. Өйткені, бұл жердегі жылжымайтын мүліктерге, оның ішіндегі құрал-жабдықтарға қырағы күзет болмаса немесе бір күн иесіз қалса, қолды болып кетуі оп-оңай.

– Осы төрт жыл Сіз үшін қалыптасу кезеңі болса, зауыттағы өнімділік пен оған бүгінгі нарықтың ықпалы жайлы айтсаңыз?

– Иә, біз әлі қалыптасу жолындамыз. Көптеген қиындық бар. Алайда, кәсіпорынның осы күнге дейін жұмыс істеуі, күннен-күнге тұтынушылар қатарын көбейтудің өзі үлкен жеңіс. Өндірісте – бұрынғы ескі құрал-жабдықтар. Болашақта оны жаңғыртудың кешенді жоспары бар. Біз құрғақ сүт пен май өнімдерін шығарамыз. Арасында сапасы төмен сүттен майсыз ірімшік жасаймыз. Зертханамыз бар. Зауыттың 10 көлігі ауылдардан сүт жинайды. Сондай-ақ бізден көлікті жалға алып, сүт жинайтын әріптестеріміз де бар. Жұрттан сүттің бір литрі 40 теңгеден сатылып алынады. Ол шикізаттың өзіндік құны зауытқа жеткенше 50 теңге болады. Біздің тұрақты тапсырушыларымыз – Шал ақын ауданы мен Тимирязев ауданының жақын ауылдары.

Құрғақ сүт өнімдерін Теміртау, Ақтөбе облыстарының тұтынушылары әкетеді. Ал сары майды өткізу мәселесі қиындау. Қыс мезгіліне дейін май бағасы ойлағандай болмай, оны сатсаң, табыстан гөрі шығыны басым болып, біраз ауыртпалық туындап жүр. Бұл қиындық Кеден одағы құрылғаннан бері орын алды. Шетелдерден әкелінетін сары май өнімдері өңіріміздің нарығында қаптап кетті. Беларусь пен Ресейдің майлары жақсы өтіп, біздің тауар тұрып қалды.

– Сонда шетелдермен экономикалық байланыс отандық кәсіпкерлердің маркетингіне кері әсерін тигізіп тұр деп түсінеміз бе?

– Жоқ. Мұны Үкіметтің отандық тауарөндірушілерге серпіліс жасатудың бір жолы деп білемін. Бұл жағдайдан өзіміз сабақ алуымыз керек. Біріншіден, шетелдік тауарлардың бағасы неге төмен деген ой қозғасақ, екіншіден, осындай жағдай отандық тауарөндірушілердің бәсекелестікке қабілеттілігін арттырады. Беларусь пен Ресей елдерінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге қомақты демеуқаржы беріледі. Сондықтан олар өнімді арзан бағамен нарыққа шығара алады. Ал біздің кәсіпкерлікке енді ғана назар аударылып, түрлі бағдарламалар жарияланып, қолдау көрсетіле бастады. Мәселен, біздің зауыттың жергілікті билік назарына іліккені былтыр ғана. Әйтпесе, өз қотырымызды өзіміз қасып жүрген болатынбыз. Осыдан бір жыл бұрын екінші деңгейдегі банктерден несие алудың өзі мүмкін болмай келгентін. Биыл ғана “Сбербанк” АҚ-ның өңірлік филиалынан жылдық сыйақы мөлшерлемесі 13 пайыздан несие алып, ол ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасы бойынша 4-5 пайызға төмендетіліп, кәсіпкерлік алғашқы жеңілдіктерді көре бастады. Енді 2014 жылдан бастап “Агробизнес – 2020″ бағдарламасы өз күшіне енсе, сол арқылы мемлекеттік демеуқаржыға қол жеткізіп, шаруашылықты бір көтеріп аламыз деген үміттеміз. Сонда ресейлік немесе беларусьтік кәсіпкерлермен тереземіз теңеседі. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілер үшін басқа да толып жатқан қиындықтар бар екендігін айтқан жөн. Тауарымызды экспортқа шығару үшін, әлбетте, сапа көрсеткіші басты орында болары сөзсіз. Ол үшін шикізат табиғи құнарымен қызықтыруы керек. Біз құнарлы сүтті былай қойғанда, өзімізге керекті мөлшерде шикізатты да жинап ала алмай отырмыз. Бұл өңірімізде мал басын көбейтудің және олардың тұқымын асылдандырудың қажеттігін меңзейді. Мемлекетіміз агросекторды дамытуға үлкен мән беріп, жылдан-жылға бұл мәселелердің шешімін тауып жатыр. Мемлекеттің көмегімен ғана еңсемізді көтереміз, шаруашылықты жаңғыртып, еңбеккерлердің жалақысын өсіреміз. Осы кезде халықтан сатылып алынатын шикізаттың бағасын көтеруге мүмкіндік туады.

– Тұрғындардан жиналатын сүттің бағасы 40 теңге дедіңіз. Бұл баға мүлдем төмен емес пе?

– Әрине, аз. Ал оны жоғарылатуға біздің шамамыз келмей отыр. Алайда, осы азын-аулақ ақшамен отбасылық бюджетін жасап отырғандар көп. Біз 52 елді мекеннен күніне 15 тонна сүт жинаймыз. Жаз маусымының әр айында 20 миллион теңгені сүт тапсырушыларға таратып береміз. Осы қаражатқа ауыл тұрғындары шайын, қант-кәмпитін айырады, электр энергиясы үшін ақы төлейді. Бұл, әрине, кәсіпорынның ел әлеуетіне қосып отырған үлесінің бар екендігін көрсетеді. Осы арада мына бір жайтты айтқым келеді. Мемлекет сүт тапсырушыларға 10 пайыз кіріс салығын белгілеп қойған. Оны шикізат тапсырушының орнына біз уақтылы аударып отырамыз. Осы 10 пайызды мемлекет талап етпей, халықтың өзіне беретін болса, біз бүгіннің өзінде сүттің литрін 44 теңгеден алар едік. Бұл мәселені талай айтып жүрміз, бірақ ешкімнің өзгертуге құлқы жоқ.

– Кәсіпорын сүт өнімдерінің екі түрін ғана шығарады. Ал оның санын көбейтсе, тауар айналымының жағдайы жақсармай ма?

– Өндірісті дамытуға кедергі болып отырған бірқатар себептерді біз жоғарыда айттық. Осы ретте сөз ететін тағы бір қиындық – кәсіпорынның орналасқан жері. Жалпы сүт өнімі – тез бүлінетін тауар, ал оның негізгі тұтынушылары – қала тұрғындары. Біз үлкен қалалардан алшақ орналасқандықтан, оларға күнбе-күнгі тауарларды тасып тұру оңайға түспейді. Сондай-ақ біздің өңірде сүт өнімдерін өндіруші кәсіпорындар да баршылық. Яғни бәсекелестік нық. Біз егер басқа тауар түрлерін өндіретін болсақ, нарық делдалдардың қолында болғандықтан, тауарымызды сату да жеңіл болмайды. Бүгіннің өзінде делдалдар майды бізден 750 теңгеге сатып алып, тұтынушыға екі есе бағамен өткізеді. Біз екі тауар түрімен арнайы дүкен аша алмаймыз. Ал әріптестердің ішінде құрғақ сүт өндіретіндер жоқтың қасы. Сондай-ақ біздің құрғақ сүтті тұтынушылар басқа облыстарда да жетерлік. Балмұздақ, кондитерлік өнімдер жасайтын кәсіпорындар шикізат үшін біз шығаратын құрғақ сүтті пайдаланады. Жалпы сонау жылдары зауытты Сергеевка қаласында салған кезде-ақ оның өндіретін өнімдеріне шек қойылған. Сондықтан осы екі өнімнің сапасы мен сатылуын жақсартып алсақ, осының өзі бізге үлкен жетістік.

– Нарықты жаулап алу үшін сапа көрсеткіші жоғары болуы керек емес пе?

– Иә, біз осыған дейін тауарлардың сапасымен көзге түскен кәсіпорынбыз. Бүгінге дейін зауытта бұрыннан қалыптасқан технология сақталып келеді. Біздің өнім табиғи шикізаттан, еш қоспасыз жасалады. Сондықтан да баға жоғары. Кейбір өндірушілер өнімнің бағасын төмендету үшін түрлі қоспалар қосады. Сондай-ақ біздің елдегі тауарөндірушілер отандық әріптестерін қолдап, содан шикізат алса, олар мемлекеттен демеуқаржы ала алады. Ал шетелден енгізілген тауарлар дұрыс болмай жатса, олар опық жеп қалады. Ал бізден алынған тауарлар сапасыз болса, оларды еш ойланбастан кейін қайтарамыз. Бүгіннің өзінде тұтынушы біздің өнімнің шетел тауарларынан артықшылығын сараптап үлгерді, отандық өнімнің құрамы таза екендігін ұқты. Біздің міндет – халқымызды таза тамақпен қоректендіру. Біз экологиялық таза, мемлекеттік стандартқа сай өнім шығарамыз. Болашақта әлемдік нарық талаптарын орындай алатын болуымыз керек. Бізге неге Ресей мен Беларусь елдерінің нарығын бағындырмасқа?! Ол үшін бізге мемлекет тарапынан қолдау керек. Үкіметтің көмегінсіз жаңара алмаймыз. Ұзақ мерзімге берілетін, жылдық сыйақы мөлшерлемесі төмен кредит болса, ол – кәсіпкер үшін үлкен көмек. Біздің жағдайымызды мемлекет ескерсе, біз ел экономикасы мен әлеуеті үшін еңбек етсек, екі жақты діттеген ойымыз орындалары сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp