«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТБАСЫЛЫҚ ДӘРІГЕР – қазіргі заман талабынан туған мамандық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Емдеу-алдын алу мекемелерінде үстіміздегі жылдан бастап, отбасылық дәрігер қызметі енгізілді. Оның басқа дәрігерлерден айырмашылығы неде? 

Сабира ДАЙЫРОВА,  

№3 қалалық емхана бас

дәрігерінің орынбасары.

Отбасы дәрігері – отбасылық қызмет көрсету қағидасы негізінде, тұрғындар арасында емдеу, аурудың алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру үшін арнайы көпбейінді даярлықтан өткен жалпы тәжірибелі дәрігер. Оған отбасы емделушілерінің жеке ерекшеліктерін, отбасылық және қоғамдық тұрғыдан қарағандағы мәселелерін анықтай және ескере отырып, барлық медициналық қызметті үйлестіре жүргізу талабы қойылады.


Бүгінгі таңда еліміздегі денсаулық сақтау реформасы жалпы тәжірибе дәрігері қағидасы бойынша бастапқы медициналық көмекті ұйымдастыруға біртіндеп көшуді қарастыруда. Себебі, жалпы тәжірибе дәрігері бастапқы медициналық-санитарлық көмектің үнемді де тиімді, неғұрлым әлеуметтік бағыттағы түрі болып саналады. Реформаның басты талаптарының бірі емдеу-алдын алу ұйымдарының функцияларын, жұмыс істеу әдістерін өзгертіп, қызметтерін жетілдіре түсіп, учаскелік қызметті отбасылық дәрігер алмастырып, барлық медициналық мекемелерді түбегейлі сақтау болып табылады.  

 

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жоспары бойынша 2015 жылға дейін учаскелік дәрігерлердің 30 пайызын жалпы тәжірибе дәрігеріне ауыстыру міндеті қойылған.

Отбасы дәрігері тіркелген учаскеде тұратын халыққа уақтылы емханада және үйде білікті медициналық көмек көрсетіп, отбасының медициналық-әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдеседі. Яғни, отбасылық дәрігер өзіне бекітілген отбасының үлкенді-кішілі барлық мүшесінің денсаулығына жауапты. Жалпы тәжірибе дәрігері бар емханада балаларды өсе келе жасөспірімдер бөліміне, одан учаскелік терапевтке көшіріп, қолданқолға өткізудің қажеттілігі жоқ. Нәресте туған кезінен бастап, есейіп, қартайған шағына дейін бір дәрігердің бақылауында болады. Өзіне қарасты отбасы мүшелерінің қайсысы қашан, немен ауырғандығы туралы анықтама дәрігердің толық құзырында болады. Сол арқылы дәрігер отбасы мүшелерінің денсаулығын бес саусақтай біліп, жұқпалы аурулардың өзге туысқандарына таралуына жол бермей, алдын алуға мүмкіндігі болады. Бұл туберкулез, СПИД сияқты әлеуметтік кеселдерге қатысты мәселелерді жедел шешуге оңтайлы. Келіншектерге жүктілік пен босану туралы түсінік беруде де отбасылық дәрігердің мүмкіншілігі мол.

Бұрынғы ескі жүйеге үйреніп қалған тұрғындар да, дәрігер де отбасылық медициналық көмек жағдайына бой үйретіп, бейімделуі шарт. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін бір дәрігердің қызметін пайдаланатын тұтас бір буын өсіп-жетілуі қажет. Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап №3 қалалық емханада Юбилейная, Кирпичная көшелері және Борки, Новопавловка, Солнечный кенттерінің тұрғындарына қызмет көрсететін 3 бірдей жалпы тәжірибе дәрігері учаскесі ұйымдастырылды. Осы учаскеге тіркелген ересектер мен балаларға Қарағанды медициналық университеті негізінде арнайы дайындықтан өткен дәрігерлер медициналық көмек көрсетеді. Мұндай көмектің аталмыш түрі жеке тұлғаларға да, сондай-ақ отбасыларға да қолжетімді.

Петропавл қаласы.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp