Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаменті “Тұтынушылардың құқығын қорғау – тариф саясатының басымдықты бағыты” деген тақырыпта “дөңгелек үстел” өткізді.
Облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің директоры Марат Мұстафиннің айтуынша, бірінші жартыжылдықта департаментте табиғи монополиялар субъектілерінің (ТМС) 15 өтініші қаралды, оның ішінде 1 өтініш кейін қайтарылды, көтерілген 6 тариф және аудандарда жаңа құрылған 5 субъектінің қызмет бағалары бекітілді, ал 3 өтініш әлі қаралу үстінде. Осы ретте айта кетерлік жай, Петропавл қаласында есепті кезеңде 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап өскен электр қуаты құнынан өзге реттелетін коммуналдық қызметтерге басқадай тариф өсімдері болған жоқ.
Заңнамалардың бұлжытпай орындалуына және тұтынушылар құқығының бұзылуына жол берілмеуіне бақылау жасау аясында ТМС қызметіне 3 тексеріс жүргізілген. Департаменттің қатысуымен 8 сот ісі қаралған. Оның 7-уінде департамент талапкер санатында, ал біреуінде жауап беруші санатында болды. Барлық сот отырыстары бойынша департаменттің пайдасына шешім шығарылған. ТМС-тер атына заңнама тәртібін бұзушылықтарды жою туралы 21 ескерту беріліп, олардың 12-сі орындалған, ал 7-еуі бойынша сотқа шағымарыз берілген. Есепті кезеңде департамент жалпы 7 әкімшілік іс қозғап, олар бойынша салынған айыппұл сомасы 752 985 теңгені құрапты.
Жиында осы айтылғандардың бәрі көпшіліктің талқысына салынып, сарапшылар кеңесінің белсенді мүшелері көтерілген мәселелерге қатысты өз пікір-ұсыныстарын айтты. ТМС өкілдері болса, жылма-жыл өтініш беріп жүрген тарифтік өзгертулерге қатысты өздерінің тұжырымды дәйектемелерін дәлелдеуге тырысты.