Татьяна БОГДАНОВА.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жаңартылған сайты және өңір басшысы Самат Ескендіровтің блогы журналистер үшін ыңғайлы және пайдаланушылар үшін бұрынғыдан да қолжетімді болды.
Ыңғайлы интерфейс, жаңартылған әдемі дизайн, сайттағы ұсынылған материалдардың өзгертіліп отырылуы, сонымен қатар мемлекеттік органдардың веб-ресурстарының әзірленуі мен қалыптастырылуын реттейтін талаптарға сәйкестігі – осы және басқа да өлшемдерді: sko.gov.kz. мекенжайына кіргеннен-ақ аңғаруға болады.
Облыс әкімдігінің сайтында екінші жыл виртуалдық қоғамдық қабылдау жұмыс істейді. Бұл билік пен тұрғындар арасындағы диалогтың жаңа түрі, ол жазбаша өтініштер және басшының жеке қабылдауы сияқты дәстүрлі түрлермен қатар, қызықтырған мәселелерге толық жауаптар (кеңестер) алуға, ұсыныстар мен бастамалар айтуға, өзекті тақырыптар бойынша өз пікіріңді ашық білдіруге қосымша мүмкіндік береді.
Тұрғындардың виртуалдық қабылдау арқылы жолдаған өтініштері заңнамада белгіленген мерзімде қарастырылады. Оған түскен сұрақтарға құзыреттілігі сол сала қызметіне сәйкес келетін лауазымды тұлға жауап береді.
Мұндай жұмыс түрінің тиімділігін бірнеше себептерге қарап айтуға болады. Біріншіден, бұрынғыдан әлдеқайда көп мәселелерді шешуге мүмкіндік туады. Екіншіден, кері байланыс жақсарады және бұл шынайы, өйткені, көптеген адамдарға лауазымды тұлғалардың жеке қабылдауына келіп, уақытын кетіргенше, сұрақтарын Интернет арқылы қою оңай. Үшіншіден, сұрақтар құрылымдық бөлімшелер жұмысындағы кемшіліктерді анықтауға көмектеседі, ал өтініштердің жариялылығы оған көз жұмып қарауға жол бермейді. Төртіншіден, жолданған өтініштер мен қойылған сұрақтардың қолжетімді әрі ашық жазылатындығы көптеген ұқсас сұрақтардың қайталануына жол бермейді. Виртуалдық қоғамдық қабылдау бетін ашқан әр адам, іздеуді пайдаланып, өзін толғандырған тақырып бойынша бұрын жарияланған ақпаратты тауып алуына болады. Өтініштер ерекшеліктерін талдай отырып, азаматтарды толғандыратын мәселелер ауқымы дәстүрлі екеніне назар аударасың. Барлық өтініштердің негізгі бөлігі тұрғын үй-коммуналдық сала және азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелерімен байланысты.
Өтініштердің ішіндегі ең көбі – жолдарды жөндеуге, ауылдардың сумен қамтамасыз етілмеуіне, білім мекемелерінің жұмысына қатысты сұрақтар. Муниципалдық тұрғын үй алу мүмкіндігі туралы сұрақтар да көп.
Сонымен қатар, облыстық әкімдіктің сайтында облыс әкімі Самат Ескендіровтің блогы жұмыс істейді, оған да ескертулер, ұсыныстар және тағы басқа да мәселелер бойынша кіруге болады. Оның бір өзгешелігі, блогқа осында орналастырылған облыс әкімінің кезекті сөзіне қатысты түсініктемесінде құнды пікір айта алатын қолданушылар жүгінуге тиісті. Қоғамдық қабылдау – Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 “Заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы” Заңына сәйкес қарастырылатын ресми сипаттағы мәселелерді қозғауға мүмкіндік береді.
Виртуалдық қоғамдық қабылдауға сұрақты тіркеу үшін өтініш берушінің тегі, аты-жөні, ол тұратын елді мекеннің атауы көрсетілуі қажет. Анонимді өтініштер қарастырылмайды. Бұдан басқа, виртуалдық қабылдауда нормативтік лексикаға жатпайтын, сондай-ақ әлде-біреуге бағытталған тікелей немесе жанама қорқыту, кемсіту сөздерді қолдануға тыйым салынады.
Облыс әкімі аппаратының басшысы В.Дудов атап көрсеткендей, виртуалдық қоғамдық қабылдау жұмысы екі бағытта: азаматтардың өтініштерімен жұмыс және оларды жүйелі талдау, ерекше күрделі мәселелерді анықтау бойынша жүргізіледі.
Азаматтардың өздерінің мойындаулары бойынша, облыс әкімінің виртуалдық қабылдауына жүгіну көбінесе олардың амалдары таусылғанда иек артатын ең соңғы орын іспетті екенін айта кеткен жөн. Оған Петропавл қаласының тұрғыны Р.Хабибуллинаның Ізтөлин көшесіндегі жолды жөндеу туралы өтініші дәлел. Ол туралы маусымның 22-сі күні облыстық телеарналардан көрсетілді. Бұл көшедегі жолдар көптеген жылдар бойы жөнделмеген, ал азаматтардың осы туралы арыздарынан еш нәтиже шықпаған екен. Облыс әкімінің виртуалдық қабылдауына 2013 жылдың 12 шілдесі күні жазған Р.Хабибуллинаның өтінішінен кейін жедел шара қолданылып, жолға ағымдағы жөндеу жасалған.
Сайтта жарияланған өтініштерге қарап отырып, билікпен диалогтың бұл түрі танымал бола бастағанын көруге болады.
Облыс әкімінің қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Ә.Уақышеваның айтуынша, сайтты жаңғырту қажеттілігі кездейсоқтық емес. Қазіргі уақыт талабы Интернет-ресурстардың графикалық ресімделуі сияқты, жалпы жаңғыртылуына да мүлде басқаша көзқарасты қажет етеді. Сайт облыс тұрғындары мен қонақтарына қажетті әрі пайдалы ақпараттармен үнемі толықтырылып және жаңартылып отырылады.
Облыс әкімдігінің сайтында өңір басшысының, облыстық атқарушы органдар мен басқа да құрылымдық бөлімшелердің қызметтері жедел жарияланады. Таяудан бері облыс әкімінің баспасөз қызметі дайындайтын жаңалықтар стилі де өзгертілді. Авторлар ақпарат пен жаңалықтарды бұрынғы ресми-іскерлік стильден бас тартып, оқырмандарға жақын публицистикалық түрде бере бастады.
Бір сөзбен айтқанда, билік органдарының ақпараттық ашықтығы мен қолжетімділігінің маңызды элементі ретінде Интернет-сайтқа облыстық әкімдікте мұқият назар аударылады. Басқаша болуы мүмкін де емес. Басшылардың ашықтығы, әртүрлі пішіндегі диалогқа дайындығы неғұрлым артқан сайын, өңірдің атқарушы билігінің жұмысы тиімдірек бола түседі.