«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘЙІТТІ АШҚЫЗУ МАШАҚАТЫ аудандарда сот-медицина бөлімшелерінің санын көбейтпейінше таусылмайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты “Сот-медицина орталығы” республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының (РМҚК) Солтүстік Қазақстан филиалы Петропавл қаласындағы №3 аурухананың жанында орналасқан. Жылына 10 мыңға жуық сот-медициналық сараптама жасайтын аталмыш филиалдың облыс аудандарында 4 бөлімшесі бар. 13 ауданнан тұратын өңіріміз үшін бұл аздық ететіндігі айтпаса да түсінікті. Жақын кісісі күмәнді жағдайда қайтыс болып немесе қаражүрек қылмыскердің қолынан қаза тауып, аяқ астынан ауыр қайғыға душар болған азаматтардың мәйітті ашқызып көрсету үшін, мәселен, Шал ақын ауданының Сергеевка қаласынан тоқсан шақырым жердегі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишим ауылына барып-келу машақаты кімнің болсын жүйкесіне тиетіні анық. Әсіресе, шалғайдағы ауылдар тұрғындарының көңілдеріне кірбің түсіріп жүрген осы көкейкесті мәселенің мән-жайын анықтау үшін “Сот-медицина орталығы” РМҚК Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Мирболат Қартовқа жолығып, әңгімелескен едік. 

– Мирболат Әмимұлы, Сот-медицина орталығының облыстық филиалы қандай қызметтер атқарады?

– Филиалымыз қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық, азаматтық және әкімшілік сот істерін жүргізу бойынша сот-медициналық сараптама жүргізеді. Атап айтқанда, биологиялық күрделі сараптама, гистологиялық, химиялық-токсикологиялық, медициналық-криминалистикалық сараптамалар және тірі адамдарға да сараптама жасалады. Сондай-ақ құқық қорғау органдары мен соттарының қаулылары бойынша зорлықпен өлтіру жағдайларында, сот-медициналық тәртіпте зерттеуді қажет ететін тағы басқа күдікті жағдайларда, тергеуалды тексеру, қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер, жеке айыптау істері материалдары бойынша сараптамалар жасаймыз.  

– Қай аудандарда Сот-медицина орталығы филиалының бөлімшелері бар?

– Қазіргі таңда өңірімізде 4 бөлімше бар. Олар Ғабит Мүсірепов атындағы, Айыртау, Тайынша және Ақжар аудандарында орналасқан.

– Өзге аудандардың тұрғындары сот-медициналық сараптама жасату үшін қайда барады?

– Мен бұл қызметке 2006 жылы кірістім. Сол уақытта біздің Сот-медицина орталығы филиалының бөлімшесі жалғыз Есіл ауданында ғана болды. Өтпелі кезеңде барлық аудандардағы сот-медицина бөлімшелері қаражаттың жоқтығынан жабылып, ғимараттары жекеменшік иелерінің меншігіне өтіп кеткен. Осылайша аудан орталықтарында кезінде халыққа қызмет етіп тұрған бөлімшелер бірінен соң бірі жабылған. Бұрынғы Көкшетау облысының 5 ауданы біздің облыстың қарамағына өткен кезде Петропавлдан шалғай жатқан сол аудандарда бөлімшелер ашу міндеті қойылды. Мұның барлығы алыстағы аудандардың тұрғындары қысқы борандарда, жаздыгүнгі аптап ыстықтарда сараптама жасату үшін жүздеген шақырымды артқа тастап, облыс орталығына келіп, машақаттанбауы үшін жасалды. Осылайша жоғарыда аталған аудандарда бөлімшелер құрылды. Оларды ашуда қиындықтар болмады емес, болды. Ең алдымен ғимарат іздеуге тура келді. Ғимарат табылған соң оны күрделі жөндеуден өткізіп, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, білікті сарапшы шақыру міндеті тұрды. Ал сарапшы маман шақыру үшін оны тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет болды. Міне, осындай жағдайлар жасалғанда ғана бөлімше ашуға болады. Мәселен, Ақжар ауданындағы бөлімше жаңадан салынған аурухананың ғимаратында орналасқан. Ал Айыртаудағы бөлімшенің жұмысын іске қосу үшін тозығы жеткен ғимаратқа күрделі жөндеу жасалды. Жаңадан құрал-жабдықтар сатып алынды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның бөлімшесін туберкулезге қарсы диспансердің ғимаратына орналастыруға тура келді. Бұл аудандағы бөлімше ауданаралық болып саналады. Себебі, бұл бөлімше Шал ақын және Тимирязев аудандарына, ал Ақжар ауданындағы бөлімше уәлихановтықтарға да қызмет көрсетеді. Өңірімізде тек өз ауданына қызмет көрсететін екі-ақ бөлімше бар. Олар – Айыртау мен Тайынша аудандарында.

– Әңгіме барысында Есіл ауданында да бөлімше болды дедіңіз? Қазіргі таңда ол бөлімше қызмет көрсетпей ме?

– Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда сарапшы болмағандықтан, Есіл ауданындағы сарапшыны сонда жібердік. Өйткені, Есіл ауданы облыс орталығына жақын орналасқандықтан, сараптаманы қалада жасатуға мүмкіндік бар. Сот-медициналық сарапшы мамандар жеткіліксіз болғандықтан, Есіл ауданындағы бөлімшені уақытша жабуға мәжбүр болдық.

– Сонда бөлімшелердің жабылуына кадр тапшылығы да себеп пе?

– Кадр мәселесі қашанда өзекті. Елімізде арнайы сот-медициналық сарапшыларды даярлайтын екі-ақ жоғары оқу орны бар. Оның үстіне, бұл мамандықты меңгеруге ниет білдіретіндер некен-саяқ. Сарапшылық қызметке көбінесе ақ халаттылар келеді. Бірақ, оларды оқыту керек. Бір сарапшы маманды қайта даярлау үшін кемінде 1 миллион 300 мың теңгеден астам қаражат қажет. Қаражаттан бөлек, оны оқыту үшін бір жарым жылдай уақыт кетеді. Осы филиалдың тізгінін ұстағалы бері оннан астам сарапшы даярлатқан екенмін. Ал үстіміздегі жылдың тамыз айында бізге 4 маман келеді. Олар – травматолог, акушер-гинеколог, жалпы дәрігер білімін алған мамандар. Тиісті құжаттарға қол қоюға заңды құқығы бар, арнаулы реестрге тіркелген сарапшы маман болып шығу үшін олар арнайы оқуға жіберіледі. Оларды содан кейін ғана филиалымызға қызметке ала аламыз.

– Ал Сергеевка сынды қала мәртебесі бар аудан орталықтарында сот-медицина бөлімшелерін құру мүмкін бе?

– 1 сарапшы жылына 100 мәйітті ашып қарауы керек. Медициналық құжаттармен де жұмыс істей алуы қажет. Тұрғындарының саны аз аудандарда немесе сот-медициналық сараптама қызметі сұранысқа ие емес аудандарда бөлімшелер ашу қиын. Ғимарат табылған жағдайда қажетті маман саны жеткіліксіз болғандықтан, бөлімше жұмысын талапқа сай қамтамасыз ету мүмкін емес. Осы себеппен Шал ақын ауданында бөлімше ашу әзірше мүмкін болмай тұр.

– Аудандық бөлімшелер қажетті құрал-жабдықтармен және көлікпен қамтамасыз етілген бе?

– Аудандық деңгейдегі бөлімшелерде мәйітті ашып сараптама жасауға мүмкіндік туғызылған. Термо-контейнерлер мен тоңазытқыштар қойылған. Жұмыс барысын бейнетаспаға жазып, фотосуретке түсіру үшін цифрлық техникамен де жабдықталған.

– Ал көлік ше? Сараптама жасату үшін мәйіттерді немесе айғақты заттарды тапсырыс берушілер өз көліктерімен әкеле ме?

– Біздің міндетіміз – сараптама жасау. Ал айғақты заттарды, мәйітті жеткізу сараптаманы тағайындаушының міндеті болып саналады.

– Сот-медицина орталығының филиалында көрсетілетін қызметтердің барлығы ақылы ма? Тегін және ақылы қызмет түрлерін атай кетсеңіз?

– Филиалда сараптама тегін жасалады. Бірақ, қызмет көрсету түрлері ақылы. Мәселен, сараптама жасау үдерісі бірнеше сағатқа немесе күндерге созылуы әбден мүмкін. Сол уақытта мәйіт бүлініп кетпес үшін оны тоңазытқышта сақтаймыз. Мәйітті жерлеу рәсіміне дайындау кезінде жуындырып, мұсылман болса кебіндеп, христиан болса киіндіріп, бет жүзін әрлеп беріңіздерші деп туған-туыстары өтініп жатады. Осы қызметтер ақылы түрде жасалады. Мәйітті тоңазытқышта сақтаудың 1 сағаты – 199 теңге, жерлеу рәсіміне дайындау 2527 теңге тұрады. Тапсырыс беруші өтініш жазған соң ғана осындай қызмет түрлерін көрсетеміз. Бұл ақылы қызмет түрлері тек филиалда ғана жасалады. Сонымен қатар, мәйіт бүлініп кетпес үшін оны дәрілеу де ақылы. Ал аудандық бөлімшелерде мұндай қызмет түрлері ақысыз. Орталықта тек тектік-молекулярлық сараптама, яғни ДНК жасату ақылы түрде жүргізіледі.

– Сонда солтүстікқазақстандықтар Петропавлдағы филиалға келіп, ДНК сараптамасын жасата ала ма?

– Жоқ. Әзірге бұл сараптама біздің филиалда жасалмайды. Сараптаманы тағайындаған адам айғақтарды алып, Астана қаласына жібереді. Осыдан бір-екі жыл бұрын бұл сараптамаға қажетті айғақты заттар біздің филиалда алынатын. Арнайы маманның жоқтығынан бұл қызмет түрін әзірше тоқтаттық. Бірақ, болашақта ДНК талдамасын Астанада жасатпай-ақ, өз өңірімізде жасату ойымызда бар.

– Өңірімізде Сіз басқаратын филиалдан басқа, сот-медицина сараптамасын жүргізуге құқылы мекемелер бар ма?

– Облысымызда ондай мекемелер жоқ.

– Сот-медицина сараптамасымен келіспеген жағдайда тапсырыс берушілер мәйітті қабірден қазып алып, қайтадан тексертіп жатады. Мұндай жағдай біздің өңірімізде де болғанын білеміз. Осындай жайттардың туындауына не себеп?

– Мұндай жағдайдың туындауының түрлі себептері болуы мүмкін. Өңірімізде өткен жылы орын алған жағдайға келер болсақ, әскерде қайтыс болған жігіттің мәйітін қабірден қазып алғызып, қажетті сараптаманы қайта жасатты. Ол сараптама біздің филиалда жасалды. Бірақ, оны Алматы қаласындағы филиалдан келген сарапшылар жасады. Себебі, алғашқы сараптама Қапшағай қаласының бөлімшесінде жасалған болатын. Бізге кейде көршілес облыстардың тұрғындары келіп, сараптама жасатуымызды өтініп жатады. Бірақ біз орталықтың рұқсатынсыз өзге өңір тұрғындарына сот-медициналық сараптама жасауға құқылы емеспіз.

– Сіздің ойыңызша, Сот-медицина орталығы филиалының қызметін қазіргі заман талабына сай жақсартуда қандай проблемалар бар? Оларды шешу жолдары қандай?

– Аудандарда бөлімшелер ашу, мамандар даярлау мәселелерін шешу өзекті болып тұр. Сондай-ақ тұрғындардың көпшілігі сот-медициналық сараптама қызметіне қай кезде жүгінуге болатындығын әлі де анық түсіне бермейтіні байқалады. Жалпы үйде өз ажалымен өлген немесе созылмалы дерттің салдарынан қайтыс болған адамға өлім туралы анықтаманы учаскелік дәрігер беруі тиіс. Алайда, тұрғындар ондай кездері сасқалақтап, үйге тергеуші шақырып, қатерлі ісіктен немесе өзге созылмалы дерттен қайтыс болған адамды сот-медициналық сараптамаға жіберуге мәжбүр болып жатады. Ақыр-аяғында мәйітке сараптама жасарда марқұмның мекенжайы бойынша емханада есепте тұрғандығы, бірақ ұзақ уақыт бойы учаскелік дәрігердің қабылдауында болмағаны белгілі болады. Сондықтан осындай әуресарсаңнан аулақ болу үшін өз ажалымен көз жұмған адамдарға өлім туралы анықтаманы емханаларда беру тәртібі бір жүйеге келтірілсе, біздің сарапшылардың қылмыстық істермен айналысуға уақыты көбірек болар еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp