Ерте қамданған жандар қыстық отынын қазірдің өзінде әзірлеп үлгерді немесе соның қамында жүр. Алайда, арқасын кеңге салған адамдар қаһарлы қыстың ертең-ақ жетіп келетіндігін ойламай, үйін жылыту мәселесін кейінге қалдыра береді.
Қайролла БАЙТЕҢІЗОВ,
облыстық Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу жөніндегі басқарманың
бас маманы.
Үстіміздегі жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, облыс тұрғындары 173 мың текше метр отын дайындады, бұл орташа жылдық қажетті көлемнің 50 пайызын ғана құрайды.
Тұтынушылардың негізгі бөлігі, нақтырақ айтқанда, жергілікті тұрғындардың 80 пайыздайы кесілген дайын отын сатып алатындығын сараптама көрсетіп отыр. Үй иелерінің қалған 20 пайызы отынды өздері дайындайды.
Жылытуға арналған отындық ағашты облыс аумағындағы 12 мемлекеттік орман мекемесінен жаздырып алуға болады. Тұтынушы өтініші заңда белгіленген мерзімде қаралғаннан кейін бір текше метрге 1070 теңгеден жөнелтпе құжат жазып беріледі. Сол арқылы орман шаруашылығының әкімшілігі мемлекеттік орман қорғау қызметінің бақылауымен арнайы бөлінген жерден отындық ағаш босатады.
Кесілген дайын отынды орман пайдаланушылардан сатып алуға да болады. Облыста отын дайындаумен айналысатын 27 орман пайдаланушы бар. Таяуда орман пайдаланушылармен өткен бірлескен кеңесте кесілген дайын отынның 1 текше метрінің оңтайлы бағасы 4 мың теңгеден аспайтын көлемде белгіленгенін естеріңізге саламыз. Тек алыпсатарлар ғана отынды одан жоғары бағаға бағалайды. Бәрінен бұрын дайын отынды орман пайдаланушылардың кеңсесінен ғана жаздырып алған тиімді.
Отындық ағаш тек ағаштардың паталогиялық жағдайын мұқият зерттеуге байланысты әртүрлі инстанциялармен келісілгеннен және Орман мен аңшылық шаруашылығы комитетінің рұқсаты алынғаннан кейін ғана арнайы бөлінген орыннан берілетіндігін білген жөн. Тиісті рұқсат етусіз, заңсыз ағаш кесуге көлемді айыппұл салу және оған пайдаланған автокөлік пен басқа да құрал-саймандарды міндетті түрде тәркілеу арқылы заңмен қатаң жаза қолданылатындығын ұмытпауымыз керек.
Кесілген дайын отынның 1 текше метрінің ең жоғары бағасы 4 мың теңгеден аспайтындығын облыс тұрғындарына тағы да ескертеміз. Ағаш сатумен заңсыз айналысатын алып-сатарлардан отын алмаңыздар.