«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКІМДЕР ҚҰРАМЫ 28,8%-ға ЖАҢАРДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдері сайлауының бастапқы қорытындыларын жариялады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 ақпандағы Жарлығына сәйкес 5-9 тамыз аралығындағы кезеңде республиканың 14 облысында Қазақстан Республикасының 2457 аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдық округтерінің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдарының әкімдерін сайлау өтті. Бұған дейін әкімдерді лауазымға облыс әкімінің келісімімен аудан әкімі тағайындайтын.

Сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізілді.

Сайлауға 188 аудандық және қалалық мәслихаттар тікелей қатысты.

Сайлауды қамтамасыз етуге, ұйымдастыруға және өткізуге 14 облыстық, 28 қалалық және 160 аудандық аумақтық сайлау комиссиялары тартылды.

Электораттық науқанды жүргізуге облыстық бюджеттерден 603,4 млн. теңге бөлінді.

10 тамызда өткен брифинг шеңберінде Ортсайлауком басшысы БАҚ өкілдерін сайлаудың бастапқы қорытындыларымен таныстырды.

Барлығы 2454 әкім сайланды.

Үш ауылдық округте таңдаушылар дауысы тең бөлінгендіктен, жеңімпаздарды анықтау мүмкін болмады. Дауыстар саны Павлодар облысы Ертіс ауданының Голубовка ауылының, Успен ауданының Қозыкеткен ауылдық округінің және Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылдық округінің әкімдеріне кандидаттарға тең берілген.

Аталған әкімшілік-аумақтық құрылымдарда қайта сайлау үстіміздегі жылғы 28 тамызда өткізіледі.

Сайлау науқаны барысында әкімдікке барлығы 7173 кандидат ұсынылып, 6738-і тіркелді.

Әкімдікке кандидат ретінде тіркеуге дейін – 100 адам, тіркеуден кейін 335 адам сайлау додасынан шығып қалды.

Дауыс беруге арналған бюллетеньдерге 6738 кандидаттың тегі енгізілді. Бұл орташа алғанда бір әкім лауазымына 2-ден астам үміткерді құрады.

37 әкімшілік-аумақтық бірлікте әкімдікке кандидаттардың бір ғана дауыс айырмашылығымен жеңу фактісі сайлаудың шынайы баламалылығын айғақтады.

Аудандық және қалалық сайлау комиссиялары ұсынған бастапқы мәліметтерге сәйкес жалпы республика бойынша таңдаушылардың келуі 98,3%-ды құрады.

Сайланған әкімдер корпусында 23 ұлт өкілі бар.

Әкімдер лауазымына 280 (11,4%) әйел адам сайланған, бұл бұрынғыдан 32-ге жоғары. Әйел әкімдер саны Павлодар облысында 6%-ға жуық, Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында 3%-ға артты.

Әкімдердің орташа жасы 47 жасты құрайды. Бұл ретте олардың басым көпшілігі 25-55 жас аралығындағы адамдар – 80,3%. Жалпы құрам біршама жасарды. Бұрын 25-55 жастағы әкімдер 74,5% болатын. Сайланған әкімдердің ең жасы Павлодар облысы Павлодар ауданының Заңғар ауылдық округінің әкімі – 25 жас 1 ай.

Сайланған әкімдер арасында барлығы 627 (25,6%) педагог, 501 (20,4%) ауыл шаруашылығы саласының маманы, 417 (17%) инженер, 357 (14,5%) экономист, 281 (11,5%) заңгер, 271 (11%) басқа мамандық өкілі бар.

Қызметтегі әкімдердің 1811-і кандидаттар ретінде сайлауға қатысты, олардың 1747-сі өз лауазымдарында қалды. Осылайша құрам 28,8%-ға жаңарды.

Дауыс беру барысын әкімдікке кандидаттардың 1004 сенім білдірген адамы, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардан 242 байқаушы және бұқаралық ақпарат құралдарының 559 өкілі байқады.

Сайлау науқаны барысында барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 42 өтініш келіп түскен.

Оларды 18-і сайлау заңнамасы мен сайлау өткізу қағидаларының нормаларын түсіндіруін талап еткен немесе балама кандидаттарды ұсынуға қатысты болды.

Сайлау органдарына келіп түскен барлық шағымдар заңнамада белгіленген тәртіппен және тиісті мерзімдерде қаралды.

“Жалпы, сайлау науқаны қолданыстағы заңнама мен демократиялық сайлау үдерісінің нормаларын сақтай отырып, ұйымдасқан түрде өтті деп санаймыз”, – деп атап өтті Ортсайлауком басшысы.

Орталық Сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp