«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БЕЛАРУСЬТЕ НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕУГЕ ТЫРЫСТЫҚ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстікқазақстандық Азамат Жантұяқ – Беларусьтің үздік әскери оқу орындарының бірі – Минск әскери академиясының түлегі. 1995 жылы Беларусь Президентінің бұйрығымен негізі қаланған әскери академияда 5 жыл әскери білім алған Азаматпен жолығып, әңгімеге тарттық.

– Азамат, айтулы академияға жолыңыз қалай түсті?

– Есіл ауданындағы кинорежиссер Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебін бітірген соң сыртқа шығып, ел мен жер көргім келді. Бастапқыда облыс орталығындағы ҚР ІІМ Ішкі әскерінің Әскери институтына немесе Беларусь елінің әскери академиясына оқуға түсу мүмкіндігім болды. Жалпы әскери саланы таңдауыма атамның ықпалы көп. Сондай-ақ мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген ұстазым Ермек Мұстафинге айтар алғысым мол. Өзінің сабақтарын барынша әсерлі етіп өткізе білген ол әскери іске ынтамызды оятты. Әсіресе, көзімізді байлап, “АК-47” автоматын бұзып, қайта жинауды үйреткені әлі есімде. 11-сыныпты аяқтаған соң аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бө-лімге барғанымда Алматы, Тверь, Смоленск, Можайск қалаларындағы әскери оқу орындарын және Беларусьтің астанасы – Минск әскери академиясын ұсынды. Ойлана келе, Минск қаласындағы әскери академияға тоқталдым. Себебі, өзге елдің астанасын, халқын көру қашанда қызықты емес пе?! Облыс орталығында оқығанымды қалаған жақындарым алысқа жібергілері келмеді. Дегенмен, айтқан бетімнен қайтпай, осы академияға құжат тапсыруға бел будым.

– Шетелге жол жүрмес бұрын әскери дайындығыңыз қай жерде өтті?

– Алматының Іле әскери полигонында екі ай бойы арнайы дайындықтан өттік. Бірінші күні полигонға 3000-ға жуық үміткер келді. Ал керегі баржоғы 270 адам ғана. Оның 60-ы – Беларуське, ал 210-ы Ресейге жіберулері керек еді. Аталмыш уақыт ішінде түрлі сынақтардан өттік. Ең бастысы дайындық барысында жастайымнан спортқа жақын болғандығымның көмегі тиді. Атап айтар болсам, мектеп қабырғасында жүргенімде жеңіл атлетикадан аудан және облыс біріншіліктерінің бірнеше мәрте жеңімпазы болғанмын. Сондай-ақ футбол мен президенттік көпсайыста да жеткен жетістіктерім аз емес. Осы орайда Алматының аптап ыстығы қиыншылық туғызғандығын айта кеткен жөн. Бірақ, соған қарамастан, 270 үміткердің қатарынан көрінуге барымды салдым. Сөйтіп, барлық қиыншылықтарды бастан кешіріп, қажетті сынақтарды ойдағыдай тапсырдым.

Беларусь еліне келмес бұрын әлемдік ғаламторлар мен газет-журналдарынан аталмыш оқу орны туралы алдын ала біліп алғаныммен, өз көзіммен көрген кезде қатты таңғалдым. Себебі, барлығы ойлағанымнан да асып түсті. Оқу барысында теорияны оқығаннан соң, практикалық тапсырмаларды ойдағыдай орындап отырдық.

– Оқу барысында қандай қиындықтарға жолықтыңыз?

– Жергілікті климаттың ылғалдығына үйрену қиындау болды. Біз бұл елде ауа райының ылғалдығы жоғары екендігін кейін білдік. Мысалы, егер қолыңды жырып алсаң, ол Қазақстанда үш күнде жазылып кетсе, Беларусьте бір аптадан соң ғана жазылады.

– Оқу қиынға соқты ма?

– Минск әскери академиясы – Беларусь елінің үздік әскери академиялардың бірі. Сондықтан курсанттарға талап күшті. Ауыл мектебінде жақсы оқығаныммен, ол жаққа барғанда бастапқыда біраз қиналғаным рас. Себебі, жоғары оқу орындарының түлектері біліп келген пәндерді жаңадан үйренуге тура келді. Дегенмен, тез үйреніп, әріптестерімді қуып жеттім. Әскери академияға Қазақстаннан 60 үміткер барған едік. Алайда, оқу соңында тек 49 қалдық. Кейбіреулер денсаулықтарына байланысты, ал кейбіреулері оқу үлгерімі нашар болғандықтан, өз еріктерімен кетті.

Оқудың алғашқы екі жылы мектеп бағдарламасын қайталап, міндетті түрде Беларусь елінің тарихын оқыдық. Бұл бізге бұрын-соңды білмеген тарихтың тың деректерімен танысуға септігін тигізді. Ал үшінші курстан бастап арнайы дайындық басталды. Кейін бізді мамандықтар бойынша топтарға бөлді. Біздің 5-ші топта қазақтардан мен және Медет Елізбаев деген досым ғана болды. Академияда ұйымдастырылған іс-шаралардың бәріне бір кісідей атсалысуға, келген қонақтарды күтіп алу, шығарып салу сынды міндеттерге жауаптысың. Бастапқыда тапсырмаларды орындап үлгермей қиналдық. Академияда топпен емес, әр студенттің жеке сабақ кестесі, жұмыс тәртібі бар.

Оқу барысында керек әдебиетімізді әскери академияның аса бай кітапханасынан қиналмастан тауып отырдық. Бір атап өтерлігі, мұнда тек теорияны ғана оқып қоймай, үйренгеніңді практикамен ұштастыруға бар мүмкіндік жасалған. Академиядағы сан түрлі жаттығу құрылғыларының көмегі тиді. Мысалы, көлік жүргізуді үйренсең, саған жеке көлік бөлінеді. Ал егер ұрыс тәсілдеріне үйренген жағдайда теорияны жаттаған соң шынайы ұшақты жүз пайызға қайталайтын арнайы құрылғының кабинасына отырып, ұшып-қонуды, жау ұшағын жоюды үйренесің. Нағыз ұшақтан тек бір айырмашылығы бар. Ол – жаттығу құрылғысынан зымыран ұшыра алмайсың. Техниканың дені ескі, КСРО заманынан мұра болып қалғанымен, әлі күнге дейін жұмыс істейді.

– Бес жыл бойы әскери өмірдің қыр-сырына үйреткен ұстаздарыңыз жайлы айтсаңыз.

– Әскери академияда 700 жоғары білікті оқытушы сабақ берді. Барлығы да ғылыми санаттағы әскерилер. Курсанттардың оқуына баса назар аударады. Емтихандарды таныстықпен тапсыра алмайсың. Емтихан тест жүйесінде емес, ауызша жауап бересің. Тағы бір билет алып, білгеніңді техникада көрсетесің. Яғни, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру деген жоқ.

– Қазақстаннан басқа қай елдің балалары білім алды? Олармен қарым-қатынасыңыз қандай болды?

– Бір айта кетерлігі, мұнда оқыған Қытай, Конго, Лаос, Венесуэлла елдерінің өкілдерімен қарым-қатынасымыз жақсы болды. Оқитындардың басым бөлігі – беларусьтіктер. Кешкілік бос уақытымызда бірге футбол мен волейбол ойнап, Минскінің мәдени-ойын сауық орталықтарына серуендеп шығуды дәстүрге айналдырған едік. Егер қазақстандықтар тіл мәселесі жағынан еш қиындық көрмесе, жоғарыда атап өткен елдердің азаматтары тіл білмегендіктен, біраз қиналды. Олар екі жыл орыс тілін үйренген соң ғана мамандықтары бойынша оқуларын жалғастырды.

– Академияның сыртындағы ортамен танысуға мүмкіндік болды ма?

– Алғашқы уақытта курсанттарды қалаға жібере бермейді. Ал екінші жылы бос уақыт бола қалған жағдайда Минскінің әсем жерлерін аралаушы едік. Тіпті бір-екі рет беларусьтік әріптестерімнің үйіне де қонақтап барғаным бар. Демалыс мәселесіне келсек, қыс уақытында өз қаражатыңа екі аптаға елге барып келуге болады. Ал тамыз айында 30 күндік демалыс беріледі. Шәкіртақымыз бірінші курста 80 долларды құраса, оқу соңында 140 долларға жетті. Бір доллардың құны 8700 беларусь рубліне парапар екендігін ескерсек, ай сайынғы шәкіртақым тура 1 миллион 240 мың беларусь рублін құрады.

Қатал да бәсекелі іріктеуден өтіп, оқуға түскен соң көш соңында қалмауға тырысып бақтық. Әскери академияға барған қазақстандықтар, әсіресе, спорт жағынан мықты болды. Курсанттар арасында ұйымдастырылған бокс, самбо, футбол сайыстарында топ жарып, академия жеңімпаздары атанып жүрдік.

Әр курсант арнайы мамандыққа оқытылатындықтан, 5 жыл бойы 30 шақырым биікте және 30 метр төмендікте ұшатын кез келген аппаратты анықтайтын “С-300” зениттік-зымыран кешенінің қыр-сырын меңгердім. Ақыры еңбегім зая кетпей, “Басқару бойынша инженер маман” мамандығының “Радиоэлектрондық құрал бойынша маманы” бағытының маманы болдым. Шетелдің әскери академиясында оқығандығым және дипломымдағы “инженер” деген жазу мені тек қана “С-300” кешенінде ғана емес, сонымен қатар, кез келген зениттік-зымыран кешенінде жұмыс істей алатын көпбейінді маман екендігімді білдіреді.

– Алдағы жоспарыңызбен бөлісіп өтсеңіз?

– Қазір демалып жүрмін. Біз Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің келісімшарты бойынша оқуды тамамдағаннан кейін елге оралып, қызмет етуге тиіспіз. Алдағы уақытта бізге басшылық бұйрықпен әскери бөлімдерге жолдама береді. Қай жерге жіберсе де, қызметімді атқаруға дайынмын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp