«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТЫҚТЫ НАРЫҚҚА ШЫҒАРУДА теміржолшылар жәрдемге келуге тиіс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бейсенбі күні облыс әкімі Самат Ескендіров темір жол компанияларының басшылары мен ауыл шаруашылығы секторындағы кәсіпкерлердің басын қосып, кеңес өткізді. Ондағы мақсат – биылғы өңір алқаптарынан жиналатын астықты уақтылы экспорттау және ел ішінде сатуды жүзеге асыру үшін темір жол қатынастарын пайдалану, сондай-ақ бұл шараға кедергі тудыратын кейбір мәселелердің шешімін табу.

“Қазақстан темір жолы” АҚ-ның вице-президенті Қанат Алпысбаевтың айтуынша, астықты тасымалдауда сапалы қызмет көрсету үшін сауда-саттық пен тасымал шараларында жүйелі жұмыс қалыптастыру керек. Өткен жылы теміржолшылар астықтың көп бөлігін Ресей мен Әзірбайжан елдеріне тасымалдады. “Ал биыл агрокәсіпкерлер өнімдерін қандай бағыттарға тасымалдау қажет екенін білу біз үшін маңызды. Бұл шетелдерге тасымал қызметінің тариф саясатын анықтау үшін керек”, – деді вице-президент. Осыған орай ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен тікелей жұмыс істейтін темір жол қатынасының бөлімшесі біздің облыста да ашылмақ.

Жалпы темір жол тасымалындағы басты мәселе – жүк вагондарының жеткілікті болуы. Ол туралы ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаушы бас компания – “Қаз-теміртранс” АҚ-ның президенті Қанат Әлмағамбетов айтып берді:

– Биыл астықты тасымалдау үшін 6500 жүк вагоны шығарылады. Астық тасымалының қауырт кезеңінде жүк вагондары жетпей қалатын болса, Ресейдің “Русагротранс” компаниясымен жұмыс істейтін боламыз. Өйткені, оның Ресей, Украина мен Балтық жағалауы елдеріндегі порттармен ұзақмерзімді келісімі бар, яғни бізге су көліктерімен шетелдерге тасымал жасауға ыңғайлы жағдай жасалады. Украинаның темір жол қатынастары кәсіпорындарымен де ынтымақтамыз. Шетелдік әріптестерімізден 3-5 мың астық тасығыш вагон тартуға мүмкіндігіміз бар. Осы жерде туындайтын бірінші мәселе – әрине, баға мәселесі. “Қаз-теміртранс” вагондарға бағаны өзі белгілейді. Қыркүйекте баға төмендейді – деген Қанат Есмұқанұлы әрі қарай тариф көрсеткішінің жаңа бағыты туралы айтты.

Кеңес барысында “Ақмола темір жол бөлімшесі” АҚ-ның директоры Рамазан Айғайбеков астық қабылдау кәсіпорындарының бірқатары фитосанитариялық актіні дер кезінде қолға алмайтындығын, сондай-ақ маневрлік темір жол тораптарының жетіспейтіндігін сөз етті. Осыған орай Самат Ескендіров облыс орталығынан алыс аудандарда фитосанитарлық қорытынды жасайтын инспекторлар болуы керектігін айтты.

Жиынға арнайы келген теміржолшыларға ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері алдыңғы жылдары өздеріне қолбайлау туғызған бұйымтайларын да жеткізді. Олардың ішінде, тасымал тарифтерінің екі-жақты келісім құжаттарында анық көрсетілуі, белгіленген тарифтерді компаниялардың сайтына орналастыру, екі ортада делдалдық қызмет көрсететіндерді азайту, ұсынылатын жүк вагондарының тазалығы мен жарамдылығы туралы мәселелер алға тартылды.

Жиын соңында облыс әкімі астықты экспорттау және ел ішіне тасымалдау ісінде туындаған барлық ұсақ-түйек мәселелерді ұзаққа созбай шешу қажеттігін атап айтып, екі жақты да үйлесімді жұмыс істеуге шақырды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp