«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІР БОЙЫ БІЛІМ АЛУ – бүгінгі күн талабы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қарашаш ЖАМАНТАЕВА,

СҚО ПК БАИ “Өрлеу” филиалы деңгейлік бағдарламалар орталығының жаттықтырушысы.

Дәстүрлі түрде тамыз айында жаңа оқу жылының қарсаңында өтетін педагогикалық кеңестерде өзекті мәселелер қарастырылмақ. Әр мұғалім, әр оқу мекемесі келер жаңа оқу жылынан ауқымды істердің нәтижесін көруге үміттенеді. Күтілетін нәтижеге жетуге Үкімет тарапынан қолайлы жағдайлар жасалуда. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың “Сапалы білім мен тәрбие – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы” баяндамасында білім беру жүйесінің деңгейлері бойынша мемлекеттік бюджет шығыстарының құрылымы жыл сайын қаржының көбейгенін көрсетеді. Ол 2013 жылы 1 трлн. 376 млрд. теңгені құрайтын болады. Әлемдік рейтингтегі Қазақстанның білім беру жүйесі жылда көтерілуде (адами даму индексі – 69). Сонымен қатар, Б.Жұмағұлов өскелең ұрпақтың тәрбиесіндегі ерен еңбекті бағалай отыра, республикалық білім жүйесінің негізгі жетістіктерін нақты қарастырады. Атап айтқанда, Қазақстан әлемдік рейтингте жылдам дамушы елдердің бірі ретінде өзін сенімді танытып келеді. Әлемде танылған елдердің әл-ауқат рейтингтерінің бірі – жыл сайын Дүниежүзілік экономикалық форумда (ДЭФ) жарияланатын Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (ЖБИ) елдерді 28 статистикалық, 83 сауалнамалық көрсеткіштер бойынша саралайды.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (ЖБИ) – 2012 жылғы мәліметтер бойынша Қазақстан әлемдегі 144 елдің арасында 51-орында (21 орынға өсті).  

Білім берудің мемлекеттік бағдарламасында білім беру ісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты бүгінгі заман талабына сай білім беру жүйесін әлі де халықаралық талаптарға сай дамыту міндеті тұр. Бұл міндетті жүзеге асырудың бірден-бір жолы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесін жаңашаландыру, яғни өмір бойы үздіксіз білім алуға көшу.

Мұғалімдердің өз білімдерін жүйелі көтеріп отырулары – олардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ететін негізгі фактор. Еліміздің білім беру саясатындағы көкейкесті мәселелердің бірі де осы мұғалімдердің біліктіліктерін жүйелі арттыру болып табылады.

Заман талабына сай педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың әдіс-тәсілдері де өзгеруде. Солардың бірі – Кембридж тәсілдеріне негізделген шығармашылықты, астарлы ойларды талап ететін деңгейлік бағдарламалар курстары. Осы курстарда шеберлікті дамытуда әртүрлі көзқарастар болады. Жаттықтырушы ретінде кішігірім зерттеуде “Менің ақпараттық мәдениетім”, “Өзімнің жұмысыма қанағаттануым” сауалнамалары арқылы жаңалықты бірден қажетті санап, іске қосуды талап еткен көшбасшылар тобы педагогтердің 58%-ын құрайды. Педагогтердің 14%-ы орталау деңгейде, яғни жаңалыққа тым асықпайтын, бірақ та соңғы қатарда да болмайтын. 16%-ы жаңашылдыққа жағымды пікірден кейін қосылады. 12%-ы бұрынғы дәстүрмен жұмыс жасауда.

Қазіргі кезде мұғалімге шығармашылықтың теориясы мен практикасы жайлы білім беріп қою жеткіліксіз. Біліктілікті арттыру жұмысы шеңберінде олар шығармашылықтың жаңа түрі – адамның өзін-өзі өзгертуі, қайта түлетуі арқылы кәсіби шеберліктің шыңына жетуі тиіс.

“Ұстаз – тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, олардың ешбірін ұмытпайтын, алғыр да зерек ақыл иесі, өте шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны таза және әділ, жұртқа жақсылық жасап, үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек”, – деп Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби ұстаз болмысын айқындаған екен. Олай болса, жауапкершілігі шексіз, қадірі мол мамандық иесінің ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі алар орнын әр мұғалім бар болмысымен сезінгені абзал. Өйткені, бәсекеге қабілетті тұлға даярлауда білім сапасын көтерудің негізгі тетігі – білімді ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp