«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ДАҢҚЫН АСЫРҒАН САҢЛАҚТАРДЫҢ БАПКЕРЛЕРІНЕ “темір тұлпарлар” мінгізілді, ал “Үміт” спорт клубы аса зәру көлікке ие болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жұма күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Спорт күніне орай салтанатты шара болды. Жиында облыс әкімі Самат Ескендіров өңірде саламатты өмір салтын қалыптастыруға және бұқаралық спортты дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматтарды марапаттады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жыл өткен сайын спортпен шұғылданатын солтүстікқазақстандықтар саны артып келеді. Қазіргі таңда облыс аумағында жұмыс істеп тұрған 2 мыңнан астам спорттық нысанда 140 мыңнан астам адам спортпен айналысады. Үстіміздегі жылдың басынан бері ұлттық құрамалар сапындағы 295 солтүстікқазақстандық спортшы республикалық және халықаралық додаларда 200-ден астам медаль еншіледі. Ал биыл облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған клуб пен Лондонда өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы Александр Винокуров атындағы велоклуб жұмысын бастады.

Өңір басшысы салтанатты жиында осындай игі жетістіктерімізді тілге тиек ете келіп, үстіміздегі жылдың басты жаңалығы ретінде Петропавлда мың орындық мұз айдыны мен жеңіл атлетика манежі бар осызаманғы жаңа спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отырғандығын мәлімдеді.

Самат Сапарбекұлы құттықтау сөзінен кейін айтулы мерекеге орайластырылған марапаттау рәсіміне көшті. Салтанатты шарада адал еңбегі, дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін және кәсіби мереке – Спорт күніне орай бірқатар солтүстікқазақстандық облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Солардың қатарында облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаттың дзюдодан жаттықтырушы-оқытушысы Нұрлан Ерғазинов, хоккейден ардагерлер құрамасының капитаны Борис Скатов, облыстың әйелдер волейбол командасының демеушісі, Тимирязев ауданындағы “Қуаныш және К” ШҚ-ның басшысы Қайырбек Хамзин, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы оқу-спорт бөлімінің басшысы Қарлығаш Өркешова бар.  

Сонымен қатар, өңір басшысы велоспорттан әлем жеңімпазы Алексей Луценконы баптаған облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаттың бас бапкері Виктор Потаповқа “ҚР еңбек сіңірген бапкері” төсбелгісі мен сужаңа “Skoda Octavia” автокөлігінің кілтін, ал атақты жерлесіміз Александр Винокуровтың жеке бапкері Сергей Кручинаға дәл осындай “темір тұлпардың” кілтін табыстады. Бұған қоса, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап ашылған “Үміт” спорт клубының директоры Вячеслав Латышев Самат Ескендіровтің қолынан спортшылардың оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға баруына қажетті “ГАЗель” автокөлігінің кілтін алды.

Мереке соңында Ресейдің “ХХІ ғасыр тенорлары” атанған әншілері концерт берді.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp