«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК АУЫЛЫН “БАЙ ЕҢБЕК” АТАНДЫРҒАН Колхоз төрағасы – Естай ақын жайлы анам айтқан әңгіме

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қайыржан ЖАРАСБАЕВ,

Архангелка орта мектебі қазақ тілі пәнінің мұғалімі.

Қарттар күнінен кейін, қазан айында анам Күлзәбира (суретте) қатты ауырып, науқастанып, төсек тартып қалған еді. Түн ұйқысынан айрылып, бүкіл денесінің сай-сүйегі, буындары сырқырап, жанына қатты батты. “Менің де өмірдегі дәм-тұзым бітуге жақындап қалған шығар…” – деп, сексен екіге келген қарт анам ауыр күрсінді.

Жетімдіктің қасіретін көп көрсе де, өмірдің қиын өткел – сынағына сынбай, алты баланы “Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай” өсірген асыл анамыз Алла тағалаға тәубе деп, шүкіршілік білдіріп, дұға оқып, бала-шағасының, немере-шөбересінің амандығын тіледі.

Анамыз жұртқа жақсылық жасап, көпшіліктің алғысын алған адам болатын. Қолы шебер еді – көйлек, көрпе тігіп, жүннен кілем тоқитын, тонның да неше түрлісін тігіп, түбіт шәлі, қолғап тоқып сатып, нағыз ісмер атанды. Ауылда соғым сойғанда жылқының ішек-қарнын жуып, мүшелеп бөлгенде алдына жан салмайтын. Үлкен-кішінің бәрімен әзілі жарасып, айналасындағыларды күлкіге қарық қылып, көңілдерін көтеріп тастаушы еді. Біздің Қарабұлақ ауылының жас-кәрісі түгел анамызды жақсы көргендіктен, “Әбә”, “аптай” деп еркелетіп айтатын. Қолы ашық, жомарт жан үйдегі ет, сүт, ірімшік, айран, сары майды сұраған адамға бере салатын, қарызға ақша да беретін. Жетімдерді жебеп, қолдап жүретін шешемізді ел іші қадірлеп, сыйлады. Ел ақсақалдарының батасын да алғандықтан шығар, Алла тағала оған ұзақ, әрі бақытты ғұмыр берді.

Анамыз текті жерден шыққан адам еді. “Атам Қашқынбай дәулетті де беделді, іскер азамат болған екен. Ешмұхаммет атты ұлы дүниеге келгенде бүкіл ауыл-аймаққа дүрілдетіп той өткізгенін көнекөз қариялар айтып отырушы еді. Ауыл адамдары менің әкем Ешмұхамметті “Естай” деп еркелетіп атайтын” – деп еске алды анам бірде. Оның айтуынша, Естай нағашымыз көзі ашық, еңбекқор, ақжарқын мінезді, беделді адам болыпты. Сауатты да білімдар болған соң, дүкен ұстап, саудамен айналысқан. Адалдығы мен іскерлігіне риза болған ауылдастары кейін оны колхоз басқармасының төрағалығына сайлапты.

Естай Қашқынбаев 1933-1937 жылдары қазіргі Есіл ауданындағы Еңбек ауылында колхоз басшысы болып тұрғанда ауыл тұрғындарының тұрмысы едәуір жақсарған. Ашаршылық жылдарының ең қиын кезеңі екендігіне қарамастан, Еңбек ауылының шаруашылығы өрге басып, мал саны әжептеуір көбейтілген. Әрине, бұл жалғыз нағашы атамыздың ғана емес, оны қолдап, соңына ере білген барша ауылдастарының қажырлы еңбегінің арқасында іске асқаны анық. Сөйтіп ол өзіне жүктелген халық сенімін ақтай білді. Ауылымыздың әл-ауқатына қызыға қараған көршілес елді мекендердің тұрғындары енді Еңбек ауылын Бай Еңбек деп атайтын болды. Оның ел аузында әлі күнге дейін осылай атануына менің нағашы атам Естайдың еңбегі зор болғандығын біз, соңында қалған ұрпақтары, ерекше мақтан тұтамыз.

Иә, біздің Еңбек ауылының жері құнарлы, халқы еңбекқор, табиғаты тамаша. Тіпті, жер жұмағы дерсің. Сонау Естай атамыздың тұсында колхоз меншігінде бес жүзден астам жылқы, мыңға жақын ірі қара, мың жарымдай қой болған. Міне, осындай байлық-береке сол кезде аудан түгіл, облыс көлемінде сирек кездесетін еді. Еңбектің жері Есіл өзенінің іргесінде болғандықтан, көк шүйгін шөп белуардан аса өсіп тұратын. Есілге таяу бір алқапта колхоз қарбыз егіп, одан жақсы өнім алып, табыстың бір көзіне айналдырған. Ауыл тұрмысы жақсарған соң, екі жүз орны бар онжылдық мектеп, сексен орындық мектеп-интернат салынған. Маңайдағы Қарабұлақ, Өндіріс, Амангелді, Бірлік, Қарағаш, Қаратал ауылдарынан келген оқушылар Еңбекте білім мен тәлім-тәрбие алған. Кезінде осы мектепте өте жақсы оқыған түлектердің ішінде Қызылжар өңіріне танымал қаламгерлер Бақыт Мұстафин, Мүтәллап Қанғожин, Есләм Зікібаев және Темірхан Кәкімов, Марат Жарасбаев, Қажымұрат Жарасбаев, Есентай Есімсейітов, Алтай Қожахметов, Әскер Сәліков, Хамза Әубәкіров, Ақай Байғожин және басқа беделді азаматтар бар.

Ауыл колхоз болып құрылғаннан бастап Естай күні-түні ат үстінен түспей, тынымсыз еңбек етіп, халықты жұмысқа жұмылдыра білген және көбінесе өзі де білегін сыбанып қара жұмысқа кірісіп кететін болған. Ауылдастары оны осы еңбегі үшін қадірлеп, айтқанын екі етпей тыңдап отырған.

Ел еркесі Естай сөзге шешен, суырыпсалма ақын болған екен. “Әсіресе, Сәкен Сейфуллиннің өлеңдерін жатқа біліп, жырлап айтып отырушы еді. Алқалы жиын, думанды той сәні мен көркі болып, халқымыздың жыр-дастандарын да жатқа айтып, өз өнерімен сүйсіндіріп, жұртты тамсандырып жүруші еді. Айтыстарда ешкім оның алдына қарсы тұра алмайтын. Өз ауылдастарына да көптеген өлең шығарды”, – деген еді анамыз.

1937 жылы Кеңес Одағында “Халық жауларымен күрес” науқаны басталғаны мәлім. Саяси қуғын-сүргін Еңбекте де қарқын алған. “Әкемнің жақсы қызмет атқарғанын көре алмаған бір топ шолақ белсенді мұғалімдер оның үстінен шағым жазып жібереді. Сәкен Сейфуллиннің өлеңдерін оқыды, үкіметке қарсы өлең шығарды, байдың баласы” деп айыптайды. Сөйтіп “Халық жауы” атанып, қуғынға ұшыраған әкем он жылға бас бостандығынан айрылып, Ресейдің Қиыр Шығысына жер аударылды, аты-шулы “ГУЛАГ” концлагерінде ауыр жұмыстарға салынды”, – деп еске алған еді анам.

Көп азапты, қиыншылықты басынан өткерген Естай ақын өзінің кейін, бір заманда ақталатынына сенген екен. Ел үшін ерінбей еңбектенгенін білсе де, не үшін айыпталғанын білмеген. Шаңырағы құлап, үйінің берекесі кеткен. Қыздары Күлзәбира мен Нәзираның жетім болып қалғанын қатты уайымдаған көрінеді.

Күлзәбира анамыздың алты жасында анасы Ғайша қайтыс болған. “Әкеміз жұмыстан қолы босап, үйге келгенде, Нәзира екеумізді алдына отырғызып, еркелетіп, домбырамен ән айтқанда қуанышымызда шек болмаушы еді. Ал әкеміз сотталып кеткеннен кейін тірі жетім атандық, әрі “Халық жауының қыздары” деген сөз сүйегімізден өткендей болды”, – деген еді ол.

Жетімдерді жебей білген Естай нағашымыз кезінде Ахметжан деген жетім баланы өз қолына алып оқытып, оқытушы мамандығын алуына көмектескен. Сол Ахметжан кейін Бірлік ауылына мұғалім болып орналасқан. Сонда Зәйни деген қызға үйленіп, шаңырақ құрған Ахметжан Күлзәбира анамызды өз бауырына басыпты. Көп ұзамай, Күләш деген қызы туған соң ол Қаратал ауылындағы мектепке ауыстырылады.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, Ахметжан ағамыз қанды соғысқа аттанып, Калинин майданында ерлікпен қаза тапқан. “3-4” сыныптарда мен Қаратал ауылындағы мектепте оқыдым. Зәйни жеңгемнің қолында тұра бердім. Үйдің бар тіршілік қарекеті менің мойнымда болып, бар ауыр жұмысты жалғыз өзім атқардым. Мал жайлаймын, су әкелемін, масақ теремін, қол диірменге бидай үгемін. Үйімізде қол диірмен де жоқ, біреуге жалданып, ең бірінші соның бидайын түні бойы үгемін. Үйге келіп, есімді білмей құлап түсемін. Қаратал ауылындағылар мені “Халық жауының қызы” десіп, ешкім жетім екен деп аяған жоқ, еш адамнан мейірімділік көрген жоқпын. Жалаң аяқ, үстімде бір тәуір киім жоқ, тұлдыр жетім, аш-жалаңаш болғандықтан, әкемді қатты сағынып, өз ауылым – Еңбегіме кеткім келіп жүрді.

Есім кірген соң, Еңбекте оқимын деп сылтауратып, аяғым-аяғыма тимей, туған жеріме де жеттім. Ауылдағы туыстарыммен жылап, көрістім. Қаратал ауылындағы азапты жылдар артта қалды. Ағайын-туысқандар мені үйлеріне шақырып, қонақ қылды. Бұл кезде ауылда көптеген өзгерістер болып, қан майданда көптеген азаматтар қаза тауыпты. Солардың ішінде менің ағаларым Мәкен мен Нұрқан да соғыста ерлікпен қаза тауыпты. Олар да сөзге шешен, суырыпсалма ақындар еді. Мен, Нәзира, Құсни анамыз Мағжан ағамыздың қолында тұрып жаттық. Құсни анамыз біздерді жақсы көріп, жетімдерді асты-үстіне күтіп, ардақтаушы еді. 1946 жылы қан майданнан оралмаған ұлдарын сағынып, уайым-қайғыдан Құсни анамыз да қайтыс болды. Енді Мағжан, мен, Нәзира үшеуіміз қалып, өз күндерімізді өзіміз көріп жаттық. Бізге Құрманғали, Қажығали, Шәріп, Мұхаммади ағаларымыз көмектерін аямай, қолғабыс жасады. Соғыстан кейінгі жылдары халықтың тұрмысы өте ауыр болды. Соған қарамастан, ағайын арасында бірлік, ынтымақ, түсіністік, сыйластық болды.

Әкем абақтыдан 1947 жылы босатылды. Приморье жаққа қара жұмысқа айдалып, денсаулығы нашарлап келді. Әкемізді қарсы алып, қуанышқа бөленіп, жылап-сықтап та алдық. Ағайын-туысқандар да әкемді жақсы қарсы алды. 1947 жылы әкем Сәруарға үйленіп, одан Күлзипа деген сіңлім дүниеге келді. Алайда, әкемнің ауылға аман оралғанын жақтырмаған жергілікті шолақ белсенділер тағы да үстінен шағым түсіріп, милиция шақыртып, екінші рет соттатып жіберді”, – деп еске алды Күлзәбира анамыз.

Естай ақынның өлеңдерін оқуға тыйым салынып, туыстары жазғандарының бәрін отқа жағып жіберген екен. Ал ел аузындағы кейбір өлеңдері осы күнге дейін сақталып, бізге мұра болып қалды. Нағашы атамның Қызылжар абақтысында отырғанда жазған өлеңінен үзінді:

Үш бала, ел шетінде

шырылдайсың.

Келед деп, мен сорлыны

ырымдайсың,

Тілегін дәл солардың қабыл

алып,

Неліктен бастан тұман

арылмайсың?

Кеткенде аман еді

аға-жеңгем.

Алланың жазуы ғой ол да

көнген,

Тағдырым осылайша

болғаннан соң,

Ағайын таза арулап жерге

көмген.

Естай ақын сотталып кеткен соң, әйелі Сәруар көп ұзамай, Алқа ауылына тұрмысқа шығып кетеді. Ал, осы кезде Мағжан әскерге аттанды. Оның үйінде анамыз бен Нәзира апамыз екеуі қалыпты. Сондықтан да, анамыз мектепте жетінші сыныпқа дейін ғана оқып, күн көрудің қамын ойлап, колхозда жұмыс істейді. “Соғыстан кейін тұрмысымыз түзеліп, жақсара бастады. Аудан орталығы Явленкаға май, жұмыртқа апарып сатып, ақша тауып, жақсы киіне бастадық. Әкемді сағынып, ешкімге білдірмей, жылап та аламын. Мағжан ағам үш жылдан кейін әскерден аман-сау келіп, бізге демеу болды. Ол келген соң тұрмысымыз тіпті түзеліп, тату-тәтті өмір сүріп жаттық. Ауылдың балуаны, батыры атанған Мағжан ағам алып күш иесі еді. Бекен әкесінің орнын басып, туыстарға бауырмал болған, қолындағы барын бөліп беретін, жомарт мінезді азамат еді. Тұрмысымыз жақсарып, қайғы-мұңды ұмытып, болашақ өмірге үмітпен қарадым. Ағайын-туысқан, туған жерім маған демеу болып, ерекше бір қайрат күш берді. Ал Естай әкемді ел іші, ағайындар қатты сағынып, өлеңдерін есте сақтап айтып жүрді. Уақыт өтіп жатты, мен есейдім. 1949 жылы Қарабұлақ ауылынан маған құда түсушілер келді. Жапардың Нұрқаны деген жігітке күйеуге шығатын болдым. Ағайын-туысқандарым құдаларды жақсы қарсы алып, маған баталарын беріп, ұзатып жіберді. Әкемнің жазықсыздан-жазықсыз сотталғанын бәрі білетін, сондықтан, мені текті тұқымның қызы деп айтса керек.

Ал әкем болса 1955 жылы елге оралған соң, мені іздеп, Қарабұлақ ауылына келіп, біздің үйімізде үш күн болды. Естай ақынды Қарабұлақ ауылы үш күн бойы кезектесе қонаққа шақырып, өте сыйлады. Ел еркесі атанған әкеміз өз өлеңдерін күні-түні айтып, ерекше бір той-думан болды. Әкем Ермек есімді немересін көріп, қуанышы қойнына сыймай, маған риза болып, батасын беріп, Еңбекке аттанды. Ауылдағы Рәзила деген жеңгесімен отасып, Құрбан айтын тойлап, ағайындарының үйінің бәріне айттап кіріп шығып, осы ұлық мейрамның үшінші күні қайтыс болды. Әттең, әкемнің өлеңдері сақталмай кетті деп, жүрегім әлі күнге қан жылайды. Ал менің өмірім жалғасып жатты. Қара-бұлақ ауылында менің бақытты жаңа өмірім басталды. Колхозда шөп шабу, қой бағу, тіркеушілік сияқты ауыр жұмыстарды абыроймен атқардым. Жұбайым Нұрқан тракторшы болып істеді. 1954 жылы тың игеру науқанына қатысып, трактормен жер жырттым, егін ордым. Тың игеруге белсене қатысқаным үшін медальмен марапатталдым. Көп ұзамай, аяқ астынан Нұрқан ауырып, Алматы қаласында ота жасатса да, елге қайтып оралған соң, шамалы уақыт қана өмір сүріп, қайтыс болды. Мен үш баламен жесір қалдым. Бұл кезде қайным Қажымұраттың жағдайы да мәз емес еді. Әйелі Кәмаш ауырып, қайтыс болған. Ол да үш баламен жалғыз қалған. Екеуміз қазақтың әмеңгерлік жолымен қосылуды ұйғардық. “Сенің әкең Қажымұрат Талғар техникумын бітіріп келген, агроном мамандығы бар, сал-сері жігіт еді. Қарабұлақ ауылының мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. Ал 1967 жылы біз Николаевка ауылына көштік. Әкеңнің тамыры, совхоз директоры Сидоров бізге үй берді. Әкең радио торабында монтер, кейін есепші болып жұмыс істеді. Еңбегі жанып, мақтау қағаздарымен, ақашалай сыйлықтармен марапатталды. Мен де қарап отырмай, кірпіш зауытында ауыр жұмыста істедім. Николаевкада еңбегіміз жанып, Жос деген директордың тұсында суы бар, пеш жақпайтын жайлы үй алдық. Сөйтіп ауыр еңбектің зейнетін де көрдім. Адал жұмыс істегенім үшін құрмет-қошеметтен құр қалған жоқпын. 1980 жылы зейнет демалысына шығып, жұмыс орным бағалы сағат, кілем сыйлады. Семіз қойымды сойып, жұмыс істеген жерімде ас беріп, көпшіліктің ризашылығын алдым”, – деген еді анам әкесі мен өзі жайлы әңгімесінде.

Естай ақынның асыл тұяғы – туған анамды соңғы сапар алдында келіндері Тоғжан мен Самал, немерелері Айнұр мен Анар бірлесіп жуындырғанда қарт шешем өте риза болып, оларға аналық ақ батасын берді. Көбеш ауылының көптеген тұрғындары, Еңбектен келген жақын-туыстары қарт анаммен қимай қоштасты. Қуанышбай имам келіп, “Ясин” сүресін оқып, анамыз қасиетті жұма күні Күлзипа есімді сіңлісінің қолында таң ата көз жұмды. Аяулы анамыздың жатқан жерінің топырағы торқа, жаны жұмақта болуын тілейміз.

Естай ақынның жолын бүгінде шөбересі Айнұр қуып, өлең жазып, шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Ал Еңбек ауылында бұл күндері Естай ақынның немере інісі Қайырбек Қожасов “Бай Еңбек” атты шаруа қожалығын ойдағыдай басқару үстінде. Қарамағында 2000 гектардан астам жері, қыруар малы бар. Ауылдастарына жұмыс беріп, Естай атамыздың тұсында “Бай Еңбек” атанған ауылымызды бытыратпай ұстап отырған Қайырбекке жұрт дән риза.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp