«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫС МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ОЙЛАНАРЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАР Жылдың басты педагогикалық жиынында өңір басшысы мұны қадап айтты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Кеше облыстық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында өткен педагогтердің дәстүрлі тамыз конференциясы “Сапалы білім мен тәрбие беру – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы” тақырыбына арналды. Оның жұмысына облыс әкімі Самат Ескендіров, “Өрлеу” біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы” АҚ президенті Гүлназ Ахметова, аудан әкімдері, білім беру ұйымдарының басшылары мен ардагерлері қатысты.  

Жиынды облыстық Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова ашып, өңір педагогтерінің өткен оқу жылында жеткен жетістіктерін саралап, алдағы міндеттерге тоқталды. Облыстың бас педагогі жаңа оқу жылында өзекті болып табылатын мәселелер ретінде оқу үдерісіне осызаманғы технологиялар мен әдістемелерді енгізуді, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымдарының тәжірибесін облыс мектептеріне таратуды, педагогтердің кәсіптік біліктілік деңгейлерін арттыруды, 12 жылдық білім беру үдерісіне көшуге дайындықты, дуальдық оқытуды, кәсіптік-техникалық білім алған түлектерді жұмыспен қамтуды, инклюзивтік білім беруді атады.

“Өрлеу” біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы” АҚ филиалы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Алма Мырзалинова “СҚО педагогтерінің біліктіліктерін арттырудың жаңа форматы: жағдайы мен даму бағыттары жайында” хабарлама жасады. Оның айтуынша, жаңа формат бойынша өңіріміздегі деңгейлік бағдарлама орталығында 2012-2013 жылдары барлығы 644 мұғалім сертификатталған. Олар мектеп тәжірибесін жаңа сапалық деңгейге ауыстыруда негізгі тірек болады.

Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің физика-математика пәндерінің мұғалімі Біржан Шаймардан, “Нұр-Бөбек” бөбекжай-балабақшасының директоры Ольга Осипова, Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Ольга Тушинская өз жетістіктері мен тәжірибелерін ортаға салды.

“Өрлеу” біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының басшысы Гүлназ Ахметова елімізде шағын жинақты мектептер мәселесі өткір тұрғандығын, біздің өңірдегі мектептердің 86% шағын жинақты екенін айта келіп, алдағы уақытта 2 мыңнан астам орта білім беретін шағын жинақты мектептер негізгі шағын жинақты мектептер болып қайта құрылады деді. Сондай-ақ, Г.Ахметова қамқорлыққа алынған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін әр балаға мемлекет 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы белгілеп отырғанымен, 2013 жылдың бірінші жартысында еліміздің 2 мыңнан астам баласы бұл жәрдемақыны алмаған, солардың ішінде Солтүстік Қазақстан облысының бүлдіршіндері де бар деген сын айтты.

Өңір басшысы Самат Ескендіров облыстың білім саласы қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты“ атты Жолдауында еліміздің басым бағыттарының бірі білім саласы екендігін атап айтты. Қазіргі уақытта елімізде әлемдік білім кеңістігіне енуге бағытталған жаңа білім жүйесінің қалыптасу үдерісі қарқынды жүргізілу үстінде. Біздің облыс та алда тұрған ауқымды міндеттерді іске асыруға белсене атсалысуда. Жыл сайын бұл саланы қаржыландыру көлемі ұлғайтылып, материалдық-техникалық негізі нығайтылуда. Оқытудың қазіргі заманғы технологиялары енгізілуде. Бүгінгі таңда облысымызда балаларды мектепке дейінгі білім және тәрбие берумен қамтамасыз ету өзекті болып отыр. Бұл, әсіресе, Петропавл, Сергеевка қалалары мен Новоишимка ауылында өткір күйінде тұр. Осыған орай аудандар мен Петропавл қаласының әкімдеріне мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің әлеуетін барынша белсенді пайдалануды, сондай-ақ осы мақсатқа “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын да тиімді пайдалануды ұсынамын. “Мектепке жол” акциясы аясында балаларды жаңа оқу жылына мұқият дайындау керек. Бұл ретте Жаппай оқыту қорына бөлінген қаржы, әсіресе, Есіл, Мамлют аудандарында төмен екендігін айтқан жөн. Шалғайда орналасқан елді мекендердің балаларын тасымалдап оқытуды ұйымдасқан түрде жүргізу керек. Облысымызда оқумен қамтылмай қалған бірде-бір бала болмауын қадағалау қажет. ҰБТ-ға қатысуға ниет еткен оқушылар саны жыл сайын азайып бара жатқандығы да ойландырмай қоймайды. Мамлют ауданында ҰБТ-ға қатысқан түлектердің саны небары 37%-ды ғана құрады. Бұл фактілер білім мекемелері басшыларының жеткіліксіз жұмыс істегендігін көрсетеді. Біздің мектептеріміз өзіміз үшін кадрлар даярлауы керек. Аудандар мен қала әкімдері барлық түлектердің отандық білім беру мекемелеріне оқуға түсулеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етулері қажет. Сонымен қатар білім мекемелерінде мемлекеттік тілді оқытуға баса назар аудару қажет, – деді Самат Сапарбекұлы.

Өңір басшысы Білім беру басқармасына аудандар мен қала әкімдерімен бірлесе отырып, қазақ тілінде білім беретін мектептер жүйесін кеңейтуді қолға алуды тапсырды. Кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері ұсынып отырған 93 мамандықтың 21-де ғана мемлекеттік тілде оқуға мүмкіндік бар. Оның үстіне кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері түлектерінің 67 пайызы ғана жұмыспен қамтылған. Аудан, қала әкімдері мен білім беру мекемелері бірлесе жұмыс атқарып, дуальдық оқытуға, еңбек нарығына қажетті мамандық иелерін даярлауға баса назар аудару қажеттігін қадай айтты өңір басшысы.

Облыс әкімі жиын соңында алдыңғы қатарлы білім беру мекемелері мен педагогтерді түрлі аталымдар бойынша марапаттады. “Білім беру меценаты – 2013” аталымы бойынша “Мәмбетов және К” КС бас директоры Еркебұлан Мәмбетовті, “Семізбай-и” ЖШС бас директоры Игорь Цойды марапаттады. “Үздік орта білім беру ұйымы” деп танылған “БЭСТ” мектеп-гимназиясына (Петропавл қаласы) 13 млн. 900 мың теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ басқа да аталымдар бойынша білім беру ісінің үздіктері марапаттарға ие болды.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp