«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫНЫҢ ИГІ ІСТЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Галина ЯСЕНОВСКАЯ,

Шал ақын аудандық мәслихат

құрылымдық бөлімшесінің басшысы.

Өскелең ұрпаққа саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында аудандық мәслихат депутаттары барынша белсенділік танытуда. Үстіміздегі жылғы ақпан айында Шал ақын аудандық мәслихаттың хатшысы Николай Дятлов депутаттарға, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне және аудандағы кәсіпкерлік құрылымдарға аудан мектептерінің спорттық нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға қатысу, балалардың денсаулығын нығайтуға қажетті жағдай жасау, аудандағы спортшыларды қолдау туралы өтінішпен үндеу тастаған болатын.  

Бұл үндеуді аудандық мәслихаттың депутаттары бір кісідей қолдады. Олар өз сайлау округтеріндегі мектеп оқушылары үшін доптар, конькилер, шаңғылар, баскетбол және волейбол торларын, теннис ракеткаларын, шахматтар, спорттық формалар және басқа спорттық жабдықтар сатып әперді.

Халықаралық санаттағы спорт шебері В.Третьяковқа Ирландиядағы Еуропа чемпионатына қатысу үшін депутаттар 60 мың теңге сомасында демеушілік көмек көрсетті.

Депутаттар Е.Закариянов, С.Меңдібаев, К.Сақтанов мектеп оқушыларына ыстық тамақ ұйымдастыру үшін азық-түлік сатып алуға үнемі қаражат бөліп отырады.

Депутат С.Руткаускас Афанасьевка орта мектебінің атлетика залын жөндеуге қаражат бөлді. Депутат Д.Садықов оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты жиында М.Ахметбеков атындағы мектепке Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, өз әкесі Ш.Садықовтың 100 жылдығына орай “Мектептегі ең үздік математикке” өзі бекіткен 50 мың теңге сыйақысын табыс етті.

Биылғы қыста ауа райының қолайсыздығына және түскен қардың көп болуына байланысты аудандық мәслихаттың депутаттары аудан жолдарын қардан тазартуға демеушілік көмек көрсетті.

Оған қоса депутаттар мен мәслихат қызметкерлері 7 жастағы Валя Татарникованың жүрегіне жедел ота жасауға қаражат жинау жөнінде акция ұйымдастырды. Бұл өтінішке ауданның көптеген тұрғындары қол ұшын берді, нәтижесінде 474 300 теңге қаражат жиналды.

Депутаттардың маңызды міндеті сайлаушыларының тапсырмаларын орындау болғандықтан, олар өздерінің негізгі жұмыстарындағы проблемаларға қарамастан, өздерінің нақты істерімен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын және ондағы тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға тырысуда.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp