«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА КҮНІ – ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚТАР КҮТКЕН КҮН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қошан ҚАЛИ,

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Соңғы бірер жыл бойы Астана күнімен қат-қабат тойланып келген Петропавлдың күні биыл 17 тамызда аталып өтті. Айтыс-тартысы тау-сылмаған, тарихы әлсін-әлсін таразыланып жатқан бұл айтулы күні аспан ашық, күн шуағын молынан төгіп тұрды. Мерекелік той-думан қаланың “Қарасай” стадионында күндізгі сағат 12-де басталды. Алдымен қазақтың қыз-жігіттерінен тұратын бишілер тобы ортаға шығып, өздерінің тамаша өнерлерімен жиналғандардың көңілін бір серпілтіп тастады. Одан әрі Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының және Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының артистері Петропавл қаласының тарихына байланысты театрландырылған бағдарламаны көрсетті. Бұл орайда қос театрдың артистері сол кездегі тұрмыс-салтымыздан үзік-үзік көріністер ұсынып отырды. Мәселен, сол кезде жүйелі өтіп тұратын “Қызылжар жәрмеңкесінің” қызығын сол өнерпаздар көпшілік көңілінде көпке дейін сақталатындай етіп шеберлікпен бейнелеп берді.

Мерекелік шарада қаланың танымал өнер ұжымдары, әншілер мен бишілер, жас өнерпаздар өнер көрсетті. Оның аяқталуы да әсерлі болды. Стадионды айнала қаламыздың танымал спортшыларының шеруі өтті. Оған велосипедшілер, жүгірушілер, гимнасшылар, футболшылар, қатарында жап-жас балалар бар таэквондошылар және тағы басқалар қатысты.

“Қарасай” стадионындағы мерекелік шара ресейлік әншілерінің “ХХІ ғасыр тенорлары” тобы концертіне ұласты.

Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар легі Қазақстан Конституциясы көшесі бойында өз жалғасын тапты. Орталық алаңға қойылған жылжымалы сахна, көше бойына ілінген түрлі-түсті әуе шарлары, әуезді әуен қала қонақтары мен тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Мәдениет және демалыс саябағында балалар әдеттегіге қарағанда әлдеқайда көп болды. Кішкентай солтүстікқазақстандықтар Алматы қаласынан келген Қазақ мемлекеттік цирк әртістері мен Мұтырғановтар әулетінің өнерлерін тамашалай алды.

Интеллектуалды ойын түрлерін жақын көретін қызылжарлықтар С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың алдында шахматтан жарысты тамашалай алды. Ал ерке Есілдің жағасында орын тепкен Петропавл қаласының ескі келбетін көрем деушілер облыстық тарихи-өлкетану мұражай ғимаратының қасына жиналды. Мерекелік іс-шаралар бағдарламасынан тысқары қала алмаған мұражай қызметкерлері ашық аспан аясында шаһардың тарихынан сыр шертетін шағын көрме ұйымдастырды. Жергілікті ақындар мен әншілердің қала жайында шығарған жыр шумақтарын тыңдаймын дегендер С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханаға қарай ойысты.

“Біз саған ән саламыз, Петропавл!” атты Павлодар, Көкшетау, Қорған қалалары өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы басталмас бұрын жастар қала күніне арнап флешмоб ұйымдастырды. Концерт павлодарлық “Аль-Аки” халық фольклорлық ансамблінің орындауындағы халық күйі “Ел толғаумен” басталды. Мұнда көрермендер көршілес өңірлерден келген әншілер мен мың бұралған бишілердің өнерлерін тамашалай алды. Бұл күні облыстық филармония әншілері де қызылжарлықтарға әсем әуеннен шашу шашты. Есте қалған ескі әндер де орындалды.

Жағажайда күнге қыздырына отыра, әсем ән мен түрлі сайыстарға қатысамын деушілер Пестрое көлі жағасындағы “Солтүстік жұлдызы” саябағына қарай беттеді. Саламатты өмір салтын ұстанушылар “Кросфит баттл” деп аталатын сайысқа қатысты. Қара күш пен өжеттілікті, шапшаңдық пен шыдамдылықты талап ететін сайыста ер жігіттермен қатар қыз балалар да өз күштерін сынап көрді.

Қала күніне арналған мерекелік іс-шараның соңғы нүктесі де осы саябақта қойылды. Концертік бағдарламада отандық эстрада сахнасында өнер көрсетіп жүрген жас әншілер Б.Сандыбеков, Е.Барышева, А.Ешманов және “Капучино” тобы өз әндерін көрермен назарына ұсынды. Сондай-ақ көрермендер файер шоу мен мерекелік отшашудың да куәгері бола алды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp