«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙСЫЗДЫҚҚА ҚАСКӨЙЛІК ҚОСЫЛЫП ТҰР…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан бері облыста 443 өрт болып, одан 220 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 32 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның бесеуі – бала. Жиырма төрт адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.

Өткен аптада облыс көлемінде оннан астам өрт шыққан. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Атап айтқанда, Ақжар ауданының Ленинград ауылындағы екі пәтерлі тұрғын үйде өрт шығып, баспананың шатыры зақымданды. Жергілікті құтқарушылар электр шәйнегін қолдану барысында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаған 88 жастағы зейнеткерді қауіпсіз жерге жеткізді. Құтқарушылар бір сағаттың ішінде отты ауыздықтады.

Сол ауданның Үлгілі елді мекенінде электр сымдарының қысқа тұйықталуынан үш пәтерлі тұрғын үйді от шарпыды. Орын алған тілсіз жау пәтерлердің бірінің үй жиһаздарына зақым тигізді.

Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында жеке тұрғын үй отқа оранды. Абырой болғанда жергілікті өрт жасағы тілсіз жауға тосқауыл қойды. Төтенше жағдайдың орын алуына газ баллонын қолдану барысында өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауы себеп болған.

Соңғы кезде облыс көлемінде пішен шашпаларында тіркелген өрт оқиғаларының саны азаймай тұр. Мысалы, Жамбыл ауданының Троицкое және Ақжар ауданының Кеңащы елді мекендерінде белгісіз қаскөйлер қасақана от қойып, ауыл тұрғындарының маңдай термен жинаған 10 тонна шөбін күлге айналдырды.

Ал М.Жұмабаев ауданының Булаево қаласында электр сымдарының қысқа тұйықталуы моншаның шатыры мен жазғы асүйге зақым келтірді.

Петропавл қаласының “Гудок” саяжай қоғамында да өрт оқиғасы тіркелді. Белгілі болғанындай, бұл жерде от жаққан белгісіздердің кесірінен ұшқын түсіп, соның салдарынан екі бірдей ағаштан тұрғызылған саяжай күл болды.

ТЖД мамандары өрт оқиғасы орын алған жағдайда “101” және “112” нөміріне қоңырау шалу қажеттігін ескертеді.

СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp