«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЗАРҒА ӨЗ АЯҒЫМЕН КЕЛЕТІН БОЛСА…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жоламан ШАХАНОВ.

Бірде ауылда тұратын Әбен деген кісі қыстан қысылып шыққан биесін сойып, етін базарға апарып сатып, орнына бір жабағы алып қоймақшы болады. Күйеуінің бұл ойын естіген әйелі қомсынып:

– Ту биенің орнына жабағы аламын дегенің не, есің дұрыс па? – деп ашуланады. Сонда Әбен:

– Әй, сен не білесің? Ертең осы биенің орнына жабағы түгіл, тышқақ лақ та ала алмайсың. Әзірге төрт аяғымен тік тұрғанда құтылу керек, – деп айтқанынан қайтпайды.

Сөйтіп көтерем биесін сойып, етін қаладағы базарға әкеліп, саудаға салады. Мұрындарын тыржитып, ерсілі-қарсылы өтіп жатқандардың ішінен бір кезде Қабен деген танысы кездесе кетеді.

– Әй, Әбен, биеңді сойып, базардан сатып тұрсың ба? Тірідей неге әкелмедің, мініске жылқы іздеп жүр едім, – дейді. Сонда Әбен:

– Әй, Қабен, сен де қызық екенсің, базарға өз аяғымен келетін болса, сойып не жыным бар еді?! – деген екен.

ИТТІҢ ПАРЫЗЫ

Сол Әбен мен Қабен бір жылдары Балуан ауылында көрші болып тұрыпты. Екі үйдің әйелдері үй шаруасын тындыра салып, бір-біріне барып, ауылдағы ана мына оқиғаларды ортаға алып, ауыздарын сөзден құрғатпай, біраз өсек-аяңмен әңгіме-дүкен құрады екен.

Бірде күндегі әдетімен Қабеннің әйелі Әбеннің үйіне барады. Аулаға кіре бергенде әлгі үйдің босағада бос жатқан кішкентай қаншық иті Қабеннің әйелін қауып алады. Баж ете түскен әйел санын басып, үйіне тұра тартады. Алдынан шыққан Қабенге болған жайды айтып, өксігін баса алмайды.

– Ол не басынғаны, кішкентай итіне менің таудай бәйбішемді қаптырып?! Мен қазір барып, сыбағасын берейін, –

деп Қабен де кіжініп Әбеннің үйіне жетіп келеді. Көршісінің сұрланған жүзін көріп:

– Қабеке, не болды, жайшылық па? – дейді Әбен.

– Жай болушы ма еді, итің бәйбішемді қауыпты. Жөнге келтір, әйтпесе атып тастаймын, – дейді Қабен ашуын баса алмай. Сонда Әбен аузындағы насыбайын жерге шырт етіп түкіріп тастап:

– Әй, Қабен, сен де қызық екенсің, ол иттің парызы ғой. Қаппаса, ит бола ма?! – десе керек.

 

ТАЗА СУ

Ертеректе Жібек деген әжеміз керемет ырымшыл әрі таза кісі болыпты. Ағыны ойнап жатқан Есілге су алуға барса, бірден шелегіне су құймай, ожаумен қырық рет сапырып отырып, сосын ғана су алады екен. Мұны көрген жас келіншектер:

– Әже, ожаумен суды неге сапырып отырасыз? – деп сұрайды. Сонда әжеміз:

– Е, шырақтарым, сендер әлі жассыңдар ғой. Таза су алу үшін қырық қасық су төгу керек. Бұл баяғыдан келе жатқан ырым ғой. Сонда ғана таза су аласыңдар, – депті.

Ертеректе ауылдан қалаға алғаш келген бір қария көшеде ерсілі-қарсылы ағылған машиналарды, сапырылысқан жұртты көріп:

– Апырмай, ертерек келмей, қаланың дәл көшіп жатқанында келгенімді қарашы, – деп өкініпті.

– Осы біздің еркектерден қай жеріміз кем?

– Қай жеріміз кем болушы еді, шашты күзеп, еркектерше кекілмен жүретін болдық. Ұзын көйлекті қиып, шолтаңдаған шолақ юбка не шалбар киетін болдық. Еркектерше арақ ішіп, шылым шегеміз. Жұмыстан шығып, сыра ішіп, көше кеземіз. Айтшы өзің, еркектерден неміз кем?! Тойға барсақ, қалыспай сөйлейміз. Еркектің айтқанына көнбейміз.

– Дұрыс айтасың, құрбым. Енді, міне, еркектермен бірге зейнеткерлікке шығатын болдық. Еркектерден қай жеріміз кем деп енді айтып көр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp