«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІП ТҰРЫП, ТЕҢ ТҮСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Футболдан ел біріншілігінде бақ сынап жатқан он сегіз ұжым жиырма төртінші турдың кездесулерін өткізді. Өз алаңында Көкшетаудың “Оқжетпесін” қабылдаған солтүстікқазақстандық аяқдоп шеберлері қарсыласымен тең түсті. Аталмыш кездесуді жергілікті жанкүйерлермен бірге облыстық футбол федерациясының президенті, облыс әкімі Самат Ескендіров тамашалады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Біріншілікті жақсы нәтижемен бастаған “Қызыл-Жар СК” өткен турда “Астана – 1964” командасынан басым түссе, бұл жолы аса тартысты бәсекеде “Оқжетпесті” ұтып тұрып, жеңісті уысынан шығарып алды. 1:1 есебімен аяқталған ойынның алғашқы голын бірінші таймның 3-ші минутында жергілікті құраманың легионері Давиди Чагелишвили соқты. Аталмыш голдан соң қызылжарлықтар есеп айырмасын екі голға дейін ұлғайтуға тырысты. Кездесудің 24-минутында әріптесінен пас алған Давиди Чагелишвили қарсыластарының қорғанысын бұзып өтіп, тағы да бір гол соққан болатын. Бірақ ойын ережесі бұзылғандықтан, соғылған гол есепке алынбады. Содан кейін жергілікті футболшылар көбінесе қорғанысқа көңіл бөліп, 1:0 нәтижесіне келісетін сыңай байқатты.  

Ойынның екінші голы кездесудің соңғы минутында соғылды. Қарсыластың сол қапталдан көтерген добын қақпадан алысқа теппек болған Юрий Дяк өз қақпасына доп дарытты. Сөйтіп, қызылжарлықтар жеңіп тұрып, тең түсті. Алғашқы голдан соң мерейі тасыған жанкүйерлердің көңілі су сепкендей басылды. Дегенмен, алда тағы да кездесулер бар.

Кездесу барысында төреші ойын ережесін екі рет бұзған көкшетаулық Әлібек Бөлешевке қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан аластатса, аяғынан жарақат алған Олександр Згура алаңнан кетуге мәжбүр болды.

8 қыркүйек күні қызылжарлықтар өз алаңында Талғар қаласының “Ақ-Бұлақ” командасымен шеберлік байқасады.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp