«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮЙКЕНІ ЖҰҚАРТАТЫН ЖОЛДАР ЖӨНДЕЛУДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осы аптаның бірінші күнінде облыстық Автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бейбіт Исманов журналистермен баспасөз турын өткізді. 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

БАҚ қызметкерлеріне толы микроавтобус түс ауа Петропавлдан шығып, Есіл ауданына қарай желмен жарыса зулай жөнелді. Бір сағаттың әрі-берісінде көлік Сергеевка қаласы бағытындағы тас жолдың Корнеевка ауылы бағытындағы бұрылысына келіп тоқтады. Көліктен түскен бойда аяғымыз тиген тас жолға жақында ғана жөндеу жұмыстарының жүргізілгендігін теп-тегіс беткі қабаты анық аңғартады. Битум шегендеп тастаған қиыршық тастар бейне бір моншақтай күн көзіне шағылысады. Осы бұрылыстан бастап, бес шақырымға дейін созылған жаңарған тас жолдың автокөлік иелерінің ризашылығын тудырары сөзсіз. Бұл Покровкадан Горное елді мекеніне дейін созылатын бағыттың бастапқы шақырымы. Онда жол жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан мердігер – “Петропавл жолдары” ЖШС-і. Аталмыш серіктестіктің Есіл аудандық бөлімінің басшысы Александр Букрин осыдан екі апта бұрын аяқталған нысанның басына әдейілеп келіп, ұжымының атқарған жұмысына сипаттама берді.

– Жол жөндеу жұмыстары қымбат та ауыр екендігі бәрімізге аян. Сондықтан біз мемлекет қаржысын дұрыс игеруге жауапкершілікпен қарадық. Покровка – Корнеевка – Горное бағытындағы жол жөндеу жұмыстарының сапасы үшін ұялмаймыз. Біз тендерді ұтып алған соң мамыр айында жұмысымызға қарқынды кірістік. Бұл жердің жөндеуге дейінгі көрінісі жүргіншілерді шошытатын. Біз жолды тегістеп алдық та, үстіне қиыршық тас төсеп, тығыздадық. Сосын тағы бір толтырып, үстін екінші қайтара қиыршық таспен жауып, асфальт құйдық. Жұмысты 12 еңбеккеріміз таңғы сағат 8-ден кешкі 20-ға дейін жұмыла жүргізіп, бір жарым айдың ішінде тамамдадық. Одан да ертерек тапсырар ма едік, егер ауа райы қолайсыздық жасамаса. Осылайша мемлекеттік бюджеттен бөлінген 42 миллион 307 мың теңге қаржы өз мақсатында жұмсалып, жүргіншілердің көңілдері орнықты, – деді Александр Владимирович.

Торанғұл ауылының маңында жолаушыларға қысы-жазы қолайсыздық туғызып жүрген жол бөлігі де жөнделген екен. Бұл маңайдағы жолдың екі жақ жиегіне су жиналып, оңайлықпен кебе қоймайтын. Жол бойының 5401 шаршы метрін бір метр тереңдікке қазып, ол шұңқырды ірі қиыршық тастармен толтырып, бетін тегістеп тастапты.

Жобаның құны 23,6 миллион теңгеге түскен. Енді бұл жол бөлігінің жолаушылар мен жүргізушілердің ренішін тудырмасы анық. Тіпті, жол-жөнекей өтіп бара жатқан тасымал көлігінің жүргізушісі Вячеслав Санот тоқтай қалып, журналистерге өзінің ойын былай жеткізді:

– Бұрын бұл жерден жеңіл көліктер өте алмай, тұрып қалатын. Енді, міне, рахат, зымырап өте шығамыз! Менің Петропавл – Корнеевка бағытында жолаушылар тасымалдап жүргеніме бірнеше жыл. Бұл жолдардың әр шұңқыры маған таныс. Соңғы жылдары жол машақаты көбейіп кеткен еді. Биыл осы мәселені қолға алып, жолдарды жөндеп жатқанына қуанамыз. Бұрын Корнеевкадан Явленкаға дейін бір сағатта әрең жететін едік. Қазір бұл ара қашықтықты жарты сағатта жүріп өтеміз. Әрине, тас жолдың өн бойы түгел осылай жөнделсе деген тілегіміз бар, – дейді кәсіпкер.

Одан әрі журналистердің назары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жол бөлігіне аударылды. Корнеевка мен Горное ауылдарының арасындағы тас жол 2011 жылдан бері жаңартылуда. Ара қашықтығы 28 километрді құрайтын жолдың жартысына жуығы жаңарған. Оған биыл 262,8 миллион теңге қаржы бөлініп, тендерді “Петропавл жолдары” ЖШС-і ұтып алып, келісілген жұмыс кестесінен қалыспау үшін жаз бойы аянбай еңбек етуде. 2011-2012 жылдар аралығында бұл жолдың 8 шақырымы жөнделген. Ал биылғы жөнделетін жол 4,3 шақырым болса, келер жылы 3,7 шақырым жаңа жол тартылмақ. Алдағы жылдың 246 миллион теңгесі де белгіленіп қойылған. Құрылысшылар жол жөндеу материалдарын Көкшетау өңірінен тасымалдауда.

Серіктестіктің техникалық паркі бір қарағаннан-ақ жаңа да заманауи екендігіне көз жеткізесіз.

– Германияда шыққан асфальттөсегіш машина – жанның рахаты. Онымен жұмыстың ауыртпалығын сезінбейсің. Жұмыс өнімділігі бұрынғы техникаларға қарағанда үш есе артты. Жігіттер жұмысты оңай игеріп алған. Менің тәжірибем, олардың техникаға біліктілігі кәдеге асып жатыр, – дейді топтың жетекшісі Василий Гайдай.

Бүгінгі таңда биылғы атқарылар жұмыс 70 пайызға орындалған. Нысан қазан айында тапсырылуға тиіс. Мұнда еңбек етіп жатқан 30-40 адамның барлығы – жергілікті тұрғындар. Жол жөңдеу жұмыстарына машықтанып алған жұмысшылар ауа райының қолайлы кезінде еңбектеніп қалуға тырысуда. Әйтпесе жауын-шашынның мұндай жұмыстарға бөгет жасайтыны белгілі.

– Бұл грейдер жолды кезінде тың игерушілер қара топырақтан көтерген екен. Сол біздің жұмысымызға үлкен қиындық тудырып тұр. Жалпы ауа райы жақсы болса, жұмысымыз абыройлы орындалады деген сенімдемін, – дейді “Петропавл жолдары” ЖШС-нің директоры Марат Тәшенов.

Есіл мен Айыртау аудандарының арасын жалғайтын тас жолдың маңызы зор. Біріншіден, бұл жолдың бойында елді мекендер көп орналасқан. Сондай-ақ Айыртау ауданының туристік аймақ екендігін ескерсек, бұл бағыттағы жолдардың жөнделуінде үлкен мән бар. Сондықтан біздің әрі қарайғы бағытымыз “Горное – Антоновка – Лавровка” болып, ол қашықтықтағы жолдың бірқатар бөлігі жөнделгенін көріп, көңіліміз толды. Онда “СУ-808” ЖШС-і жұмыс атқаруда. Серіктестік 14,3 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 20 мың шаршы метр жолдың шұқырларын тегістеуде. Осы екі жобаға бюджеттен 196 миллион теңге қаржы бөлінген.

– Жұмысты 20 маусымда бастадық. Бір ай жұмыс істеп, 22 күн жауын-шашынның тоқтауын, жердің кебуін күттік. Бір аптадан бері демалыссыз еңбек етіп жатырмыз. Мұнда 20-25 адам жұмылдырылған. Автопаркімізде 48 техника бар, яғни жақсы жабдықталғанбыз. Біздің кәсіпорынның жол жөндеу жұмыстарында тәжірибесі де, мамандарының біліктілігі де жоғары. Сондықтан өз жұмысымызда олқылық болмайтынына сендіре аламын, – дейді “СУ-808” ЖШС-нің басшысы Артем Погасян.

* Облыстағы жеңіл көліктерге арналған жол – 9 мың шақырым. Оның 7 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.
* Жөндеу күтіп тұрған жолдар 70 пайыз, 30 пайыз жол ғана жүргіншілерге ыңғайлы.
* Өңірдегі жолдардың басым бөлігі өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары салынған. Ал олардың жөндеуден өтпегеніне 25 жылдан асты.
* Биыл облыс әкімі облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөңдеуге басымдық беріп, осы мақсатқа бюджеттен 5 миллиард 469 миллион теңге бөлінді. Бұл – бұрын-соңды бөлінбеген қаржы. Өңір басшысының бастамасын облыстық мәслихат депутаттары қолдап, осы жөнінде арнайы Үндеу қабылдаған болатын.
* Жол жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігерлердің жұмысының кепілдік мерзімдері бар. Күрделі жөндеуге – 3 жыл, орташа жөндеуге 2 жыл кепілдік беріледі. Осы уақытта сапасыздық білінсе, оны мердігер өз қаржысы есебінен оны қалпына келтіреді.
* Жолдарға күрделі жөндеу 15-20 жыл сайын жүргізіліп тұруы керек. Оның аралығында 5-10 жыл ішінде орта жөндеу қамтылуы тиіс.
 

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp