«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРДАСЫ ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үш жүздің басын қосып, жоңғар қалмақтарына күйрете соққы берген, ақ киізге отырғызып, өзін хан сайлаған қазақ елінің мемлекеттілігін нығайтуға ерекше үлес қосқан Абылай ханның туғанына биыл – 300 жыл. Соған орай “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешені өз көрермендеріне танымдық материалдар мен бірегей тарихи жәдігерлерді барынша мол ұсынуды мақсат етіп отыр.

Гүлнәр ЖҰМАБЕКОВА,

Абылай хан резиденциясының

экспозиция және көрмелер

ұйымдастырушы маманы.

Облыс орталығының ең бір көрнекті жерінде орналасқан кешен өзінің қайталанбас сәулеткерлігімен ерекшеленеді. Мәрмәр тастармен көмкерілген баспалдақтармен жоғары өрлей бастасаңыз, Сізді ат үстіндегі Абылай ханның алып тұлғасы қарсы алады. Резиденцияның толық қалпына келтіріліп, жаңаша кейіпке енгеніне де 5 жыл болды.

2008 жылы 21 тамыз күні таңертең осынау ерекше бітіммен жаңғыртылған нысанға қарай жұрт қалың нөпір болып ағылды. Жергілікті тұрғындар асыға күткен бұл елеулі оқиғаға Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып: “Біз бүгінде өз тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер салып келеміз. Солардың ішіндегі бірегейі, әрине, Абылай хан резиденциясы екені даусыз”, – деді.

Елбасының: “…Бұл орын жергілікті тұрғындардың көзайымына айналады”, – деген сөзі айнақатесіз келді. Содан бергі 5 жыл ішінде оған келушілер саны 78000 адамға жетті.

Екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында әкімшілік бөлмелер орналасқан. Ал тікелей мұражайдың өзі екінші қабатта. Кіріп келген беттегі фойенің оң жақ қабырғасындағы Елбасының: “Халықтың ұйытқысы болған Абылай ханның ерліктері қазақ рухын қайта түлетудің бір алтын діңгегіне айналды”, – деген сөзі ұлы тұлғаны асқақтата түседі.

Мұражай кешені төрт залдан тұрады: Абылай ханның туғанынан сұлтан атағына жеткенге дейінгі – 1711-1770 жылдардағы өмір кезеңіне арналған зал, Абылайдың тынығу бөлмесі, тақ залы және 1771-1781 жылдар аралығындағы өмірді бейнелейтін кезеңге арналған зал.

Залдың ортасына Қожа Ахмет Ясаауи кесенесінің пішіні орналыстырылған. Абылай ханның денесі сол жерге жерленгенін, бұл нысанның соған орай алынғандығын мұражай қызметкерлерінің әңгімесінен анық бағамдауға болады.

Тақ залы – келушілерді ең ғажап әсерге бөлейтін бөлме. Кіріп келгенде, тақта отырған Абылайдың бейнесі қарсы алады. Бұл мүсінді үстіне шапан, аяғына мәсі кигізіп, саусағына мөр жүзігін салып, қолына асатаяғын ұстатып Сергей Пожарский жасаған.

Төртінші залдың көркі – Сергей Пожарский салған “Абылай ханның жоңғарлармен 1747 жылғы шайқасы” диорамасы.

Мұражайда қойылған жәдігерлердің арасында көз тартарлығы – 1869 жылғы дулыға. Оны “Дара” фирмасы Моңғолия жерінен тауып әкелген. Қылыш, сауыт, найза, айбалта, торсық, шоқпар, адалбақан сияқты жәдігерлердің бәрі де – түпнұсқа.

Еліміздің түкпір-түкпірінен Қызылжарға жолы түскен меймандар Абылайдың ақ үйін көрмей кетпейтін игі дәстүр қалыптасқан. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден көне шаһарға ат басын бұрған қадірлі қонақтардың іздеп келіп, тағзым ететін киелі орны деуімізге де болады. Қуантатыны сол – мұражай кешеніне әртүрлі мекемелерден ұйымдасқан түрде экскурсияға келушілер де, өз ынта-ықыластарымен табалдырық аттайтындар да аз емес.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp