«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПЕТРОПАВЛДАҒЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ 2014 жылғы 1 қыркүйекте ашылады деп жоспарлануда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласында екі жылдан бері Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы жүріп жатқаны мәлім. Ол химия-биология бағытында болмақ. Бұл мектепті облыс жұртшылығы өткен оқу жылында пайдалануға беріледі деп күткен еді. Құрылысы баяу жүргізіліп жатқан білім ошағының алдағы жағдайы жайлы білмек болып, Астана қаласындағы “Назарбаев Зияткерлік мектептері” АҚ Басқарма төрайымы Күләш Шамшидиновамен байланысып, оқырмандарды қызықтырып жүрген сауалдарымызды жолдаған болатынбыз. 

– Күләш Ноғатайқызы, Назарбаев Зияткерлік мектебін қандай құрылыс компаниясы салып жатыр?

– Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі құрылысының бас мердігері – “Арияжаңа Астана” ЖШС-і (алдыңғы атауы “BAUR Construction” ЖШС). Құрылыс жұмысы 2012 жылғы 13 қыркүйекте басталды.

– Оның межелі уақытында аяқталмауына не себеп?

– Мектепті пайдалануға беру мерзімінің өзгеруіне мына себептер түрткі болды. Қазақстандағы жалпы білім беру мекемелері жобаларын оңтайландыру жөніндегі Үкімет шешіміне сәйкес мектептің сол кезде жасалып болған жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) түзетілді. Сонымен қатар, СҚО әкімінің бастамасымен бұрын берілген жер учаскесі Набережная көшесінен “Береке” шағынауданына ауыстырылды, себебі алдыңғы жер учаскесінде қомақты қаржыны қажет ететін жағалауды бекіту жұмыстарын жасау қажет болды.

Құрылыс жұмысы басталған соң авторлық қадағалау қызметі жаңа жер телімінде қойылып жатқан іргетастың астынан шығу тегі белгісіз су пайда болғанын анықтады. Аталған факт алдағы уақытта іргетас негізінің бекемдігі мен тұрақтылығына кері әсерін тигізуі мүмкін болғандықтан, монолитті темір-бетонды іргетасты орнату бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтатылды. Сонымен қатар, судың пайда болу себебін анықтау үшін топырақ құрамына қосымша инженерлік зерттеулер жасалды. Құрылыс алаңындағы инженерлік-геологиялық зерттеу қорытындысында “СевКазДорПроект” ЖШС мамандандырылған ұйымы топырақ құрылымына қалқыма судың тереңдеп енгендігін айқындады. Жоғары тұрған қалқыма су және көктем мезгілінде оның көтерілуі жоғары қабаттағы топырақтың әлсіреуіне әкеліп, іргетасты орнатуды қиындататыны анық еді. Осы аталған жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігі қосымша инженерлік зерттеулер өткізу және жұмыс жобасына өзгерістер енгізіп, қалыптасқан тәртіп бойынша жобаны мемлекеттік сараптамадан қайта өткізіп, бекіту туралы ұсыныс жасады. Мектеп ЖСҚ-на түзету жасау республикалық бюджеттік комиссия тарапынан да қолдау тапты. Сөйтіп, ғимарат негізі құрылымын қарапайым бағаналы іргетастан тіреулі іргетасқа ауыстырылуы және сәйкесінше нысанды тапсыру мерзімінің өзгеруіне байланысты ЖСҚ-ға түзету жасау туралы шешім қабылданды.

– 2013-2014 жаңа оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектебі пайдалануға беріле ме? Әлде, тағы да кейінге қалдырыла ма?

– Балалар оқитын ғимараттың қауіпсіздігі басқа факторлардан, соның ішінде Зияткерлік мектептің тапсырылу мерзімінен әлдеқайда маңызды. Мектепті тапсыру мерзіміне жергілікті атқару органдарының инженерлік коммуникацияларды, әсіресе, жылу желілерін уақтылы жеткізуі де әсер етуі мүмкін екенін есепке алу қажет. Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқу үдерісі басталады деп жоспарлануда.

– Заманауи мектепті қаржыландыру мәселесі толық шешіле ме?

– Қазақстан Республикасы өңірлерінде Назарбаев Зияткерлік мектептерін салуды “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымы (ДББҰ) толықтай, мерзімге сәйкес қаржыландырады. Зияткерлік мектептерді салу жұмыстарын бастамас бұрын әрбір қала бойынша мектеп салу жұмыстарына “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ-да тауар, қызмет және жұмыстар сатып алу туралы ережеге сәйкес тендер өткізіледі. Тендер қорытындысына сәйкес тиісті өнім берушімен бөлінген қаржы шеңберінде Зияткерлік мектеп салу туралы шарт жасалады.

– Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне басшы тағайындалды ма?

– Бүгiнгi таңда мектеп директорының лауазымдық орны бос.

– Аталмыш білім ошағына кадрлар іріктелді ме?

– 2013 жылдың 17-20 маусым аралығында Назарбаев Зияткерлік мектебіне мұғалімдерді конкурстық іріктеу ұйымдастырылып өткізілді.

– Оларды жұмысқа алу кезінде қандай талаптар қойылады?

– Педагог кадрлар Зияткерлік мектептерге пән бойынша тестті, шығармашылық емтиханды немесе эссе дайындауды, әңгімелесуді қамтитын конкурстық іріктеу қорытындылары бойынша қабылданады. Жұмысқа қабылданғаннан кейін педагог құзыретінің бастапқы мониторингі ұйымдастырылады. Ол сыртқы бағаны: ИКТ құзыреттерін, Қазтест, пән мұғалімдері үшін Placement test, ағылшын тілі мұғалімдері үшін IELTS-ті қамтиды. Оның қорытындысына сәйкес кәсіби дамуы бойынша мұғалімнің жеке бағыты құрылады. Бұл үшін мектеп ішінде, ел ішінде, шетелде курстарды көздейтін Зияткерлік мектептері педагогтерінің біліктілігін арттырудың арнайы жүйесі әзірленген. Зияткерлік мектептер педагогтерін аттестаттау жүйесі әзірленді (біліктіліктің 6 деңгейі), еңбекақының дифференциялық жүйесі көзделеді.

– Бұл мектептің қатардағы білім ошақтарымен салыстырғанда қандай айырмашылықтары бар?

– Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жалпы білім беру мектептерінен мынадай ерекшеліктері бар: академиялық бостандық, яғни білім беру қызметін жүзеге асырудың білім беру бағдарламаларын, нысандары мен әдістерін, ғылыми зерттеулер өткізу бағыттарын әзірлеудегі және таңдаудағы еріктілік беріледі. Білім беру бағдарламасы Зияткерлік мектептерде оқудың негізгі қағидаттары: үздік ұлттық және халықаралық білім беру модельдерін біріктіру; пәндер деңгейінде біріктіру; үш тілде жаратылыстану-математика бағыттары бағдарламалары бойынша оқуға қабілетті оқушылар біліміне тең қолжетімділік қағидатын іске асыру; Қазақстанда білім сапасын және оқушылардың әлемнің кез келген жерінде жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін оқу жетістіктері деңгейлерін арттыру; білім беру стандарттарының жоғары деңгейі есебінен ұлттық экономикалық және әлеуметтік дамуға үлес қосу болып табылатын Кіріктірілген білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі.

Зияткерлік мектептерін басқару органдарына: жоғары басқару органы (“Назарбаев Университеті”, “Назарбаев Зияткерлік мектептері” және “Назарбаев Қоры” Жоғары Қамқоршылық кеңесі), басқару органы – Қамқоршылық кеңес; атқару органы – Басқарма; Зияткерлік мектептердің Қамқоршылық кеңестері; Зияткерлік мектептердің Директорлар кеңесі; Зияткерлік мектептерді мектепішілік басқару және есептілік жатады.

2009 жылғы қаңтардан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінде, жалпы орта білімнің инновациялық моделі сияқты, жанбасылық қаржыландыру, яғни нәтижеге бағытталған қаржыландыру тетігі (қанша бала оқыса, сонша ақша қаражаты бөлінеді) енгізілген. Бұл тетіктің мәні оқушылар саны мен 1 оқушының бір жылдағы оқуының бекітілген құны есебімен Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқуға байланысты шығындарды жабу болып табылады.

– Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқушыларды қабылдау қандай өлшемдер бойынша жүргізіледі? Балалар нешінші сыныптан бастап қабылданады?

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 наурыздағы №317 қаулысымен бекітілген “Назарбаев Зияткерлік мектептері” мамандандырылған білім беру ұйымдарында дарынды балалардың оқуын төлеу үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің “Өркен” білім беру грантын тағайындау ережесіне сәйкес “Өркен” білім беру гранты конкурстық негізде тағайындалады. Конкурсқа қатысуға “Назарбаев Зияткерлік мектептері” мамандандырылған білім беру ұйымдарының 7-11 (12) сыныптарында оқуға үміткер және Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ айқындаған талаптарға сәйкес құжаттарын ұсынған, білім беру ұйымдарының оқушылары болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары жіберіледі. Конкурсты өткізу ережелері үміткерлерге әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне, тұрғылықты мекенжайына және денсаулық жағдайына қарамастан, тең дәрежеде білім алуға құқық береді.

– Назарбаев Зияткерлік мектебін бітіретін түлектердің болашағы қандай?

– 2013 жылғы 18 сәуірдегі Жоғары Қамқоршылық кеңесінің отырысында мақұлданған “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ-ның 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясына сәйкес Зияткерлік мектептердің түлектері орнықты адамгершілік құндылығы қалыптасқан өз елінің патриоты болып табылады, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін қолданады. Олар – үйлесімді дамыған, дені сау, өзін-өзі дамытуға және шығармашылыққа ұмтылған, сыни ойлайтын және проблемаларды шеше алатын азаматтар. Зияткерлік мектептердің түлектері беделді қазақстандық және шетелдік университеттерге оқуға түсіп, аяқтайды әрі еңбек нарығында табысты бәсекелесе алады. Зияткерлік мектептердің түлектері елде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістерге белсене қатысады. Барлық деңгейлерде кеңінен өзара әрекет етеді және инновацияларды енгізеді, Қазақстанның халықаралық аренадағы ықпалын ұлғайтады.

Зияткерлік мектептер оқуға инновациялық көзқарастарды, өз тәжірибесі мен практикасын, үздік шетелдік тәжірибені Қазақстанның орта білім беру жүйесіне көрсетеді, осылайша елде берілетін білім мен тәрбиенің сапасын арттыруға жәрдемдеседі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp