«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҚА ОЙЫНЫ немесе “Компьютер ойнаған – азар, асық ойнаған – озар”…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Фархат ТАСТАМБЕКОВ,

журналист.

Бүгінгі таңда “техника дамып жатыр” деп біреу шаттанып айтса, біреу сақтанып айтады. Жапондар, немістер шығарып жатқан неше түрлі үй жабдықтары, әсіресе, ұялы телефондар, планшеттер мен ноутбуктар өмірімізді қанша жеңілдеткенмен, теріс әсерлері де баршылық. ХХІ ғасырға дейінгі буын далада ойнап өскен. Ата-аналары үйге кіргізе алмай әуре болатын. Ал қазір үйден шығара алмайсың… Оларды Интернеттің “иірімдері” тартып әкетіп бара жатқандай ма, қалай?..

Мен өзім Мамлют ауданы, Бостандық ауылында 1989 жылы туып, сол жерде ержеттім. Біздің балалық шағымызда қазіргі неше түрлі техниканың арғы ата-бабалары – артын ашып қалсаң неше түрлі шамдар жанып тұратын ап-ауыр теледидар, радио, кассетамен жүретін бейне және аудиомагнитофондар ғана болатын. Оның өзі санаулы үйде ғана. Киноны күнде көре бермейсің. “Видигі” бар үйге кезекке тұрасың. “Сеанс” аптасына, кейде айына бір-ақ рет болатын. Сондықтан бос уақытында ауыл балалары далада неше түрлі ойындар ойнайтын.

Біздің балалық шағымызда ауылдағы “хит” ойын – Сақа болатын. Кәдімгідей азартқа берілетінбіз. Кейін заман өзгере келе доп пайда болды, бәріміз футбол ойнауға алаңға жиналатын болдық. Ұялы телефон келіп қайран қалдық. Ең ақыры агент келді де, есімізді әкетті. Сонымен не керек, ұлттық ойынымыз – Сақа ұмытыла бастады. Бүгінгі буын бұл ойынды ойнамаса да, ойлап жүрсін деп осы мақаланы жазып отырмын.

Бұл ойынды бала кезімде мен де, менің әкем де, әкемнің әкесі де ойнады. Біздің кезімізде бұл ойынның ережесі сәл күрделеніп кетсе керек, сондықтан әкеммен кеңесе отырып, ескі әрі қарапайым ережелерін жазып алдым.

Ең алдымен қажетті атрибуттарға тоқталар болсам, ойыншыға бар-жоғы үш зат керек: бір сақа және екі ди. Сақа дегеніміз – сиырдың топайы, ал ди дегеніміз – жылқының топайы. Топай дегеніміз не? Ол – малдың аяқбуын мүшелері.

Бұл ойында “ди” деген ұғымның қайдан пайда болғанын нақты білмеймін. Бірақ меніңше гректің “di”, яғни “екеу”, “қосарланған” деген сөзінен шықса керек.

Біреулер “Сақа” деген арқардың топайы деуі де бек мүмкін. Бірақ “Сақа” сөзінің түсіндірмесінде ар-қардікі делінбеген, тек ең үлкен асықты солай атайды делінген. Ал асықтардың ішіндегі ең үлкені – сиырдың топайы.

Сақаны қалай ойнаймыз?

Бұл ойынға екі немесе одан да көп адам қатыса алады. Тіпті, командаға бөлініп те ойнауға болады. Әр ойыншыда өзінің сақасы және екі диі болу міндетті.

Ең алдымен көң немесе көмбе сызылады. Сызықтың бойына қатысушылар қолында бар екі дидің біреуін тігеді. Әр дидің арасы бір табан.

Ойын басталмас бұрын бір адам қатысушылардың сақаларын жинап алып, реттілікті анықтау үшін иіреді. Екі табанының бірімен бірінші болып түскен сақаның иесі сәйкесінше бірінші болып ойынға кірісетін болады. Егер екі бірдей сақа табанымен түссе, онда қайсынікі алшы тұрса, сол бастайды. Осылай реттілік анықталып кете береді.

Реттілік анықталып болғаннан кейін, ойын басталады. Бірінші ойыншы көңнен тұрып, сақасын иіреді. Егер сақасы алшы не тәйке түссе, көмбедегі дилердің бірін атады. Үштабанға ұшып кеткен ди ойыншынікі болады. Ал егер үштабанға ұшпай қалса, диді қайтадан көмбеге қояды.

Бірінші ойыншының сақасы алшысынан түспесе, екінші ойыншыға кезек беріледі. Ыңғайы келсе, екінші ойыншы көңнен тұрып бірінші ойыншының сақасын атып, құстырып алуына болады. Құстыру дегеніміз – қарсыластың сақасын үштабанға ұшырып, бір диін олжалау. Егер қарсыластың сақасын атуға ыңғайы келмесе, онда өзінің сақасын иіреді. Сақасы табанымен түссе, онда көңдегі дилердің кезкелгенін атуына болады.

Бірінші көң бітсе, яғни тігілген дилер таусылса, онда екінші айналым басталады. Қатысушылар қайтадан көңге бір-бір диден тігеді. Кімнің қолында ди таусылса, сол сақасын қояды. Егер көңге сақасын тіккен ойыншыны қарсыластары құстырып алса немесе көң бойы ди ұтып ала алмаса, онда ол жеңілді деген сөз, яғни ойыннан біржола шығады.

Міне, ойынның бар ережесі – осы. Бұл ойында жеңімпаз біреу ғана болады. Ол ұтып алған барлық дилерін өзінің қорына апарып қосып қояды. Есесіне келесі ойындарға қатысу үшін ешкімнен ди сұрап жалынбайды.

Біздің ауылдағы кейбір балалар сақаларын көзінің қарашығындай күтетін. Себебі, біріншіден, ол ойындағы басты құрал, екіншіден, әр бала өз сақасының бабын келтіруге тырысатын. Яғни, иіргенде алшысынан түсу үшін табанын егеулейтін. Салмағы ауыр болу үшін қорғасын құятын.

Қорғасын құюдың да өз жөні бар. Алдымен сақаны тазалайды, сосын теседі. Сосын оған ерітілген қорғасынды құяды. Мұның бәрін сақаны жарып алмай, есебін келтіріп, тепе-теңдігін сақтап істеу керек.

 

 

PS: Сақа – бұл асық ойынының бір түрі, яғни ұлттық спортымыз. Бүгінгі таңда елімізде “Асық ойнаған азар” деген мақалды теріске шығарып, “Асық ойыны” ұлттық спорт федерациясы да құрылған болатын. Оның президенті болып Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов сайланды. Федерацияның жеке сайты да бар (asyq.kz). Бір қызығы, сайтта ұсынылған барлық асық ойындарының түрін қарап шықтым, бірақ ішінде жоғарыда біз ұсынған Сақа ойыны жоқ екен. Ондағы ұсынылған нұсқалар көбіне қойдың асығымен ойналады, әрі кетсе қара малдың топайымен ойнайды. Ал жылқының топайымен ойналатын түрі жоқ. Бұл қалай сонда деп, Сақа ойыны туралы google.kz пен yandex.kz жүйелерінен іздеп көрдім, табылмады. Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын әлеуметтік желідегі достарымнан сұрастырдым. Олар да бұдан бейхабар болып шықты.

Сол себепті бұл ұлттық ойын тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Сақа ойыны тек қана солтүстік жұртына тән ұлттық спорт болуы мүмкін. Асық малдың жіліктерін жалғастырып тұратын сүйек қана емес, ол – тарих сабақтастығы. Мысалға, тарихы тереңде жатқан асық ойындарының ішінде қара мал мен жылқының топайы қолданылатын түрі тек солтүстік өңірге ғана тән болса, оған таңғалатын ештеңесі жоқ. Себебі, жылқы малы адамзат тарихында алғаш болып дәл осы аймақта қолға үйретілгенін “қазақтың неміс ұлы” Виктор Зайберт әлемге дәлелдеп берген. Ботай тұрағынан табылған көптеген археологиялық ескерткіштердің ішінде өрнек сызылған жылқының топайы да бар.

“Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе” деп Мағжан Жұмабаев айтып кеткен екен. Сақа немесе топай ойынының тәрбиелік мәні өте зор. Бұл ойын ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Топ болып ойнағаннан кейін озып шықсам деген талпынысын арттырып, жігерін жаниды. Ұжым боп жұмыс істеуге үйретеді. Сақа ойыны басыңнан бастап бақайшағыңа дейін қимыл-қозғалысқа келтіріп, қан айналымды реттейді. Неше түрлі ауру-сырқаулардың алдын алады.

Өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, компьютер ойындарына құмар бала көбіне әлсіз, жуас, көңілшек, қорқақ болып өседі. Жүйкесі сыр бергіш, ашушаң келеді. Ал ұлттық спортпен айналысатын баланың дені сау, ақылды, жігерлі, талабы зор болады. Өйткені, ғылым-білім үйренбей-ақ, ата-бабамыз ненің пайдалы, ненің пайдасыз екенін ажыратып кеткен. “Компьютер ойнаған – азар, асық ойнаған – озар” деу – меніңше, бүгінгі заманның мақалы болуға сұранып тұр. Таңдау өзіңізде, оқырман…

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp