«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАЙЫНШАЛЫҚ ПОЛИЭТИЛЕН ҚҰБЫРЛАРҒА барлық өңірлерден сұраныс жоғары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайынша қаласындағы полиэтилен құбырларын жасайтын зауыт алдынала жасалған келісімшарт негізінде Оңтүстік Корея, Ресей және Тайваньнан әкелінетін шикізатты пайдаланады. Ал дайын 16 мен 400 мм.-лік құбырларға еліміздің барлық өңірлерінен сұраныс жоғары. Кәсіпорынның бизнес-жобасының жалпы құны 180 млн. теңгені құрайды, оның 60 миллионы – меншік иесінің есебінен, ал қалған 120 миллионы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы бөлінген.

Айгүл ТӘШЕТОВА,

журналист.

– Бүгінде зауытта Қытайдан әкелінген 2 станок жұмыс істейді. Біреуінде диаметрі 280 мм. ауызсу құбырлары Қостанай облысына дайындалып жатса, ал екінші станокта жасалып жатқан диаметрі 63 мм., қалыңдығы 3,8 мм. газ құбырлары Атырау облысына жөнелтілетін болады. Кәсіпорынның тәулігіне бір станокта 600 метрлік құбыр, ал екінші станокта 1500 метрге жуық құбыр жасап шығару әлеуеті бар. Жалпы осынау орасан зор мүмкіндікті пайдаланып, жақсы жетістіктерге қол жеткізуіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында, халыққа тигізер пайдасы мол, жақсы әрі тиімді бағдарламалар аясында, – дейді өндіріс басшысы Абзал Сабырбаев (суретте). Жалпы зауыт “КөкшеТехСтрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамында Әділ Сабырбаевтың жетекшілігімен жұмыс істейді.

Ағайынды Сабырбаевтар Көкшетау қаласындағы “ТЫНЫС” зауытында жұмыс істеп, кейін жауапкершілігі шектеулі серіктестік құруға бел буады. Олардың зауытта істеген 4-5 жыл ішінде тәжірибе жинақтауы бүгінгі зауыттың нәтижелі жұмыс атқаруына өз септігін тигізіп отыр.  

Бірінші желіде диаметрі 110-400 мм. аралығындағы ауызсу құбырлары жасалса, екіншісінде 16-110 мм.-лік табиғи газ құбырлары шығарылады. Олардың бағалары диаметріне қарай әртүрлі. Полиэтилен құбырларын жасайтын жергілікті зауыт Қазақстан нарығында сұранысқа ие. Құбырдағы жолақ көк болатын болса, ол құбыр ауызсуға арналған. Ал егер сары түстес болатын болса, ол – табиғи газдың құбыры. Егер жолақ мүлде болмаса, ол – кәріз құбырлары.

– Зауыт толық автоматтандырылған, – дейді өндіріс операторы Сергей Мирошниченко. Жалпы кәсіпорын өз өнімдеріне 50 жылға дейін кепілдік береді. Аталмыш зауыт 4 ауысымда жұмыс істейтін 31 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жалақы мәселесі де оң шешімін тапқан.

Биылғы жылы өндіріс басшысы Абзал Сабырбаев пен жас маман Алексей Пробст бірнеше айға Германияға аттанып, станок жасап шығаратын зауытта өз кәсіби біліктіліктерін арттырмақ. Қажет құжаттарын да тапсырып, жаңа инновацияның қыр-сырын танып-білуге құштарлық танытқан мамандар елге полиэтилен құбырларын жасап шығаратын германдық станок әкелуді жоспарлап отыр.

Суретті түсірген Сәкен ЖҮСІПОВ.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp