«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХ БІЗДІ БІРІКТІРЕ ТҮСУГЕ ТИІСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрболат ӘБУОВ,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің

тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі,

доцент, тарих ғылымының кандидаты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалық етуімен Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ұлттық тарихымызды зерттеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы болғаны белгілі. Марат Тәжиннің жиында сөйлеген сөзінде атап көрсеткендей, Қазақстан қалыптасқан мемлекет және біз мемлекет құрудың жаңа кезеңіне шықтық. Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық ғалымдардың алдына байыпты да жауапкершілігі мол міндеттер қойып отыр. Бұл міндеттерді шешу отандық тарихшылардың ғылыми қызметтерінің нәтижелілігіне, сондай-ақ еліміздің тұрғындарының Қазақстан тарихын біріктіруші фактор ретінде түсінуіне байланысты.

Мемлекеттік хатшы өз баяндамасында тарих ғылымының жақын кезеңдегі дамуының негізгі сұлбасын жасап берді. Ол талқыланған тақырып бойынша бес негізгі ұстанымды айқындады және олар бойынша нақты тапсырмалар берді.

Марат Тәжин еліміздегі көпэтностықты қалыптастыру үдерісін шынайы зерттеуіміз керектігіне баса тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан тарихы – біздің барлығымыздың тарихымыз. Қазақстанның бүгінгі алып жатқан аумағының көпшілік бөлігі қазақ халқын қалыптастырушы тайпалардың таралып, қоныстанған аймағына сәйкес келеді. Бұл тайпалардың барлығы XV ғасырда бірден қалыптаса қоймағандығы анық. Қазақ халқының қалыптасуы – бір мыңжылдыққа ғана созылған үдеріс емес, бірақ, өкінішке қарай, ол жеткілікті зерттелмеген. Ғалымдарымыз әлі күнге дейін көне түркілік Дешті Қыпшақ даласындағы ертедегі мемлекеттік құрылымдардың құрылуы мен ыдырауы, түркі-қыпшақ жұртының таралу аймағы, Еуразия топонимикасының тарихы сияқты, тағы басқа да аса күрделі әрі ауқымды тақырыптарды жаңа әдіснамалық тұрғыдан қарастырған жоқ.  

Шын мәнісінде Қазақстан тарихының ең қызықты да өзекті мәселелерінің бірі топонимиканы зерттеу болып табылады. Топонимиканы тарихи тұрғыда зерттеу үлкен ғылыми-танымдық қызығушылық тудырады, өйткені олардың географиялық, әсіресе, ежелгі атаулары өз дәрежесінде тарихи ескерткіш іспетті.

Қазақстанның осызаманғы топонимикалық жүйесі этностардың көпғасырлық қарым-қатынасының нәтижесі болып табылады және ол біздің өлкенің көпэтностық екенін көрсетеді. Бұл үдерісті жақсырақ білу үшін қазақтардың ежелгі этнотопонимикалық жүйесін еске түсірейік. Қазақтардың этнотопонимикалық жүйесінің негізі – рулық және көшпелі өмір сүру салтына лайық атаулар. Жазу әліппесінің болмауы және көшпенділердің әр уақыт көшіп жүруі жағдайында бұл жерлердің атауларын сақтап қалу мүмкін болмады, оған қарағанда рулардың аттарын білу мен этнос бөліктерінің тәртібін сақтау әлдеқайда маңыздырақ болды.

Бейнелей айтқанда, үнемі қозғалыста болған көшпелі халық жер бетінде өздігімен жүрген карта іспетті, кеңістікте өзінің бір мағыналы атауын алып жүрді.

XIX ғасырдың екінші жартысында патшалық Ресейдің аумақтық-әкімшілік реформаларына және жердің жетіспеушілігіне байланысты қазақ рулары жеке ауылдарға бөлініп кетті. В.Соколовский атап көрсеткендей, жылдық айналымда қазақ ауылы сол елді мекен қалпын сақтаған. Жыл маусымдарына байланысты олардың географиялық жағдайы ғана өзгеріп отырған. XIX ғасырда ауылдар отырықшылыққа көше бастағандықтан, топонимикалық жүйе берік негізге ие болады.

Диқаншылықпен айналысатын халықтарға қарағанда, қазақтардың жер атауларында сол тұрған жердің өзіндік ерекшелігі мен бедерін көрсететін атаулар көп кездесетінін академик Э.Мурзаев та атап көрсетеді. Б.Бектасованың топонимикалық сөздігінен де бұл айтқандарымызды дәлелдей түсетін мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Біз тек солардың кейбіреулерін ғана атап көрсетейік: Бозбие (тотемдік атау), Биік тау (нысанның белгісін көрсетеді), Жыланды (жылан көп жер) және тағы басқалары. Осылайша, тұрмыстық және шаруашылық өмірді жүргізу кезінде объектілердің сапасы мен қасиеттеріне байланысты географиялық нысандардың атауларының қалыптасуында халық жетекші рөл атқарған.

Ресейдің біздің елмен шекаралас аумақтарында да қазақтың топонимикаларын кездестіруге болады. Сондықтан әлемнің еш жерінде бірде-бір ұлттық-аумақтық географиялық атау жүйесі таза қалпында кездеспейді. Кез келген аумақтың топонимиясы әр тілді және нақты себептерге байланысты олардың атауды алу уақыттары да әртүрлі болатынын жазған топонимикашы-ғалым Е.Поспеловпен келіспеуге болмайды.

Отарлау жылдары мен кеңестік кезеңде Қазақстанның топонимикалық жүйесі орыс халқына тән және жаңа әлеуметтік-саяси үдерісті көрсететін көптеген атаулармен толықты. Қазақстанның топонимикалық жүйесіне географиялық объектілер мен елді мекендердің орысша атаулары ене бастады. Орысша атаулар көбінесе жер аударылған орыс халқымен бірге келді. Этностардың таралып қоныстануы да топонимдерді құруда аз әсерін тигізбеді. Қазақстанға жаппай қоныстандыруға дейін де орыстың ежелгі тұрғындары көлдердің жағаларына қоныстануға тырысты. Қазақстанға жер аударылу кезінде орыстардың көлдерге жақын жылжуы жаппай сипат алды, бұл мәдени немесе шаруашылық-мәдени құбылыс ретінде қарастыруды қажет етеді.

Славяндық топонимикалық жүйе қалыптасу кезінде таралып қоныстанудың түрі де маңызды рөлге ие болды. Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендердің атауларын қарастыра отырып, топонимиканың қалыптасуына ықпалын тигізген бірқатар белгілерді бөліп алуымызға болады.

1. Жергілікті жерлердегі өзен-көлдердің, су қоймаларының атаулары бойынша пайда болған ауылдар: Белое, Чистое, Лебяжье.

2. Ресейден қоныс аударушылар ала келген ауылдардың атауы: Полтавка губерниясынан көшіп келгендер қоныстанған ауыл “Полтавка”, Астрахань губерниясынан жер аударылғандар тұратын ауыл “Астраханка” немесе олардың қоныс аударғанға дейінгі тұрған елді мекендерінің құрметіне “Сухарабовка” (1908 жылы негізі қаланған) деп атанған ауылдар бар. Бұл ауылдарға қоныс аударған шаруалар өздерінің Қазақстанға келгенге дейінгі туған жерлерінің атауларын берген.

3. Жер телімдерінің алғашқы иелерінің тегінен шыққан ауыл атаулары. Олар: Асаново, Шаховское, Михайловка, тағы басқалар.

4. Қоныстанған жердің ландшафтық ерекшелігіне сәйкес аталған ауылдар: Борки, Белоглинка немесе ауып келгендердің дінін сипаттайтын: Боголюбово, Святодуховка, Крещенка, тағы басқалар.

Жаңадан құрылған ауылдардан басқа байырғы қазақ топонимдері орыс тіліне бейімделіп мысалы Көкшетау – Кокчетав, Ақмола – Акмолинск болып кетті.

Кеңестік кезеңде, әсіресе, Сталиннің жеке билігі нығайған шақта халықтық атауларды кеңестік мемлекеттің саяси және әлеуметтік-экономикалық өмір салаларындағы жаңа өзгерістерді көрсететін топонимика алмастырды. Көптеген елді мекендер атаулары осы кезде партия саясатына сәйкес қайтадан ауыстырылды және ауыл, аудандар мен қалаларға кеңестік атауларды бекіту үрдісі 1985 жылға дейін жалғасты.

Бүгінгі күні біздің қазақстандық қалалар мен елді мекендерге тарихи атаулары қайтарылуда. Ежелгі атауларын қайтарып беру үдерісі Ресейде де басталып, жалғасуда, олар тек тоталитарлық топонимикаларынан тазаруда. Ал басқа елдердің, соның ішінде Қазақстанның да бұл жұмысты екі бағытта: отарлау және тоталитарлық топонимикалардан тазарту мақсатында жүргізулеріне тура келіп отыр.

Елді мекендердің атауларын осы заманға лайық қайта атау әртүрлі себептерге байланысты, бірақ, бұл саясатты өте сақтықпен, ақылға салып жүргізген дұрыс, өйткені, әр атау біздің тарихымызбен сабақтас. Қалалар, елді мекендер, көшелер мен басқа да нысандарды қайта атау мәселелері Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Мемлекет басшысының назарында. 1993 жылғы 8 желтоқсандағы “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлінісі туралы” Заңында Үкімет жанынан ономастикалық комиссия құру қарастырылды. Оның мақсаты – әкімшілік-аумақтық бөліністердің атаулары мен атының өзгертулері бойынша жұмысты ретке келтіру және олардың атауларының трансскрипциясын анықтау. Облыстар, аудандар, қалалар атауларын өзгерту құқығына Қазақстан Президенті ие, ол бұл шешімді тиісті аумақтың тұрғындарының пікірі және ономастикалық комиссияның қорытындысы негізінде қабылдайды. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз және біз, еліміздің азаматтары, қабылдаған республика заңдарын бұлжытпай орындауға тиіспіз.

Осылайша, Солтүстік Қазақстанның этнотопонимикалық жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырады, ол өзінің дамуында бірнеше кезеңдерден өтті. Оның негізгі даму кезеңдері осы аумақтарда өткен мәдени, этникалық, экономикалық және саяси үдерістермен байланысты. Біздің ойымызша, өлкенің топонимикасын, этномәдениетін зерттеу тек ғылыми мақсатта жүргізілмеуі керек, ол сондай-ақ мәдениеттердің бір-бірін байытып, этносаралық қарым-қатынастың сапалы өсуіне ықпал етуі, сонымен қатар ұлттық сәйкестікті нығайту үшін қажет. Бүгінде мәдени бірлестіктер бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, әр халықтың мәдени құндылықтарын дамытуға ықпалдасуда. Көпэтносты мемлекетте өмір сүре отырып, қазақстандықтар әртүрлі этникалық топтардың бірігуіне барлық тетіктер мен құралдарды пайдаланулары керек. Бұл ретте ортақ Отан – тәуелсіз Қазақстанда барлық ұлттар азаматтарының басын біріктіретін қазақстандық патриотизм – басты құрал.

Бүгінде Қазақстан – қалыптасқан мемлекет. Біз мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңіне шықтық және отандық ғалымдардың алдына байыпты да жауапкершілігі мол міндеттер қойылып отыр. Оларды шешу біріктіруші фактор ретінде тарихты ұғынуымызға және қоғам сұранысын түсінуге, тарих ғылымының жаңа талаптарына байланысты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp