«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІК БАЙЛАНЫСШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Надежда Приходько – байланыс жүйесінде 34 жыл еңбек етіп келе жатқан майталман маман. 18 жастағы бойжеткен еңбек жолына қадам басқан кезде байланыс торабында жұмыс басқаша ұйымдастырылғанымен, атқарылар міндеттердің жауапкершілігі мен кәсібилігі бүгінгідей болатын. Бұл саладағы біліктілігі мен тәжірибесі жылдан-жылға молая түскен ол – компанияның үздік қызметкерлерінің бірі. Оның жұмыс кабинетінде “Қазақтелеком” АҚ-ның облыстық филиалының ауыспалы кубогі екі жыл қатарынан қозғалмай тұр. Ал егер ол биыл үздік қызметкер аталымын үшінші рет жеңіп алса, ауыспалы кубок оған мәңгілікке табыс етіледі.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Надежда Приходько еңбек ететін Қызылжар аудандық телекоммуникациялар торабы – “Қазақтелеком” АҚ-ның алдыңғы қатарлы бөлімшелерінің бірі.  

– Мамандығым осы сала екендігін сезген соң Алматы қаласындағы байланыс техникумын сырттай бітіріп алдым. Осыдан 34 жыл бұрын осы мамандықты таңдағаныма ризамын. Бұл ұжымда еңбек ету ұнағандықтан, жұмыс күнінің қалай тез өте шыққанын байқамай қаламын, – дейді ол.

Надежда Ефимовна талай жыл телеграф, телефонист, оператор болып істеген, ал бүгінгі таңда ол – аталмыш бөлімнің сауда ісінің маманы. Мұнда тұтынушылармен жұмыс істей білу үшін салмақты мінез, жан-жақты хабардарлық керек.

– Әр тұтынушыны жылы шыраймен қарсы аламыз. Білгісі келген ақпаратының барлығын жайып салып, таңдау жасауына көмектесеміз. Қызметіміздің сапасы мінсіз болса – ұжымның абыройы. Бескөл ауылында мен 1979 жылы келін болып түскеннен бері тұрамын. Сондықтан оның көптеген тұрғындарын да танимын. Олармен арадағы сыйластық пен сенім менің жұмысыма өз септігін тигізіп жатады, – дейді Надежда Ефимовна.

Бүгінде телекоммуникация саласының даму үдерісі жылдам-ақ. Оның технологиялық өрлеу сатысы жоғарылаған сайын сала қызметкерлерінен ізденімпаздық талап етіледі. Ал тәжірибелі Надежда Приходько сынды маманға бұл еш ауыртпалық тудырмайды.

Бүгінде байланыс қызметінің түрі көп, олардың әрқайсысының айырмашылығын тұтынушыға дөп түсіндіру – сала мамандарының міндеті. Ал өз жұмысын жақсы білген адамның тұтынушыға айтар жаңалығы да, кеңесі де мол. Надежда Ефимовна өзінің өмірлік тәжірибесін алға тартып, жастарға ақыл-кеңес те береді, соңғы технология мен техниканың тілін ұғыну үшін олардан да үйренеді. Тәжірибелі маман компанияда жас кадрларды тәрбиелеуде елеуліеңбек сіңіруде. Солардың бірі бүгінде бөлім басқарып отырған Ольга Тростянко өзінің тәлімгері туралы жылы лебізін былай білдірді:

– Мен өзім осында жұмысқа орналасқан кезде Надежда Ефимовнаның қарамағына бекітілдім. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Оның өз жұмысына деген жауапкершілігі мен сүйіспеншілігі – біз үшін қашанда өнеге. Біз бөлімде ол сияқты білікті мамандардың бар екеніне қуанамыз, – дейді.

СУРЕТТЕ: Н. ПРИХОДЬКО.

  Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp