«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҰҚАҒАЛИ ЕЛІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елнұр НЕСІПОВА,
әл-Фараби мектеп-лицейінің түлегі.

Жазғы демалыс кезі болатын. Ата-анаммен Алматы қаласына саяхаттап бардым. Шаһарға жеткен соң, бізді ол жерде тұратын ағам Бауыржан қарсы алды.  

Қалада сәл аялдадық. Дем алдық. Алматының сәулетті ғимараттары мен кең көшелері мені таңғалдырды. Ағам қаладан 150 шақырымдай жердегі Райымбек ауданына құда түсу тойына баратындығымызды айтты. Екі сағат шамасында жол жүріп, сол ауданға қарасты Жылысай ауылына келдік. Халық шашу шашып, бізді қарсы алды. Кешке той басталып, үлкендер өзара әңгімелерін бастап кетті. Олардың әңгімесіне мен де құлақ түрдім. Бұл ауыл ақын Мұқағали Мақатаевтың туған ауылымен көршілес екен. Тойға жиналған ауыл адамдарының барлығы шетінен ақын-әнші ме дерсіз. Домбырамен ән шырқаулары, Мұқағали ақынның өлеңдерін жатқа айтулары мені қайран қалдырды.

Жылысай ауылын айнала тау қоршап тұр. Бір қызығы, біздің өңірде ауылдардағы сияқты түп-түзу көше жоқ. Тіпті, екі-үш үйден кейінгі үйлердің ағараңдаған шатыры болмаса, өздері көрінбейді екен. Өйткені, тау аңғары ойлы-қырлы келеді. Тау ығына орналасқан ауылдың Жылысай атануы да осыдан екен. Аспанмен таласқан таулары да өте биік. Бірақ қарағай, қайың, қараағаш өскендіктен, жап-жасыл болып тұрады. Ауасы да таза.

Ақынның туған ауылы – Қарасаз осы ауылдан алыс емес. Ол кісіні көзі көрген адамдарды көру, олардың әңгімесін тыңдау бір ғанибет екен. Бәрі шетінен әнші, ақын болуы таңғалдырды. Осыған қарап мына биік тау, тамаша табиғат адамға шабыт бермей, дарын сыйламай қоймайды екен ғой деп ойладым.

Ақын атаның 5-сыныпта оқып жүргенімде жаттаған “Мен таулықпын” деген өлеңі есіме түсті.

Мен – таулықпын!

Таудан мен жаратылғам.

Тау деген Ана туған дара тұлғам.

…Тауға барып,

Көкке ұшып, кетсем бе екен?

Ұстап алып қыранның қанатынан.

Шынында, Мұқағали ата айтса айтқандай, тауға қарап қиял қанатына ілеспеу, табиғат ана берген дарынға ие болмау мүмкін емес деп ойладым. Бәрінен де менің жазғы демалысымның екі-үш күні осындай мәнді өткеніне қуандым.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp