«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨСІМДІКТЕР мен КЕМПІРҚОСАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Баяғы заманда жер бетіндегі өсімдіктердің барлығы тек жасыл түсті болыпты. Бір күні қатты жаңбыр жауып, олар қуанып, асыр салады. Жаңбырдың қалай басылғанын да байқамайды. Жапырақтар бетінде жаңбыр тамшылары қалады. Тамшылар да өсімдіктермен бірге ойнағысы келгендей түрлі түсті түске енеді. Дүние әдемі боп кетеді. Кенет өсімдіктер жаңбыр тамшыларынан әдемі біреудің өздерімен бірге күліп, ойнап, қуанғанын көреді. Оның сұлулығына таңғалады.

– Сен кімсің? – деп сұрайды одан Алма.

– Менің атым Кемпірқосақ, – дейді ол көзін қысып.

– Сен жаңбыр суының ішіне қалай кіріп кеткенсің? – дейді Алма таңданысын жасыра алмай.

– Мен жаңбыр суының ішінде емеспін, аспандамын, – дейді Кемпірқосақ.

Аспанға қараған Алма тіпті таңғалады.

– О-о-о, сен неткен сұлусың, Кемпірқосақ, мен де сен секілді сұлу болсам ғой, шіркін! – дейді қызығып.

Алма мен Кемпірқосақтың әңгімесін естіген Қызанақ:

– Мен де сұлу болсам ғой, – дейді.

– Менің де сұлу болғым келеді, – дейді Баклажан қалыспай.

Сонда Кемпірқосақ:

– Менің қай түсім ерекше ұнады саған? – деп сұрайды Алмадан.

– Қызыл түсің, – дейді Алма.

– Онда мен саған қызыл түсімнен берейін, – дейді де Кемпірқосақ Алмаға қызыл түсінен сәуле шашады. Алма қып-қызыл нарттай боп кетеді. Ол қатты қуанады. Оны көрген Қызанақ:

– Менің де қызыл болғым келеді, – дейді тағатсыздана.

– Онда сен де қызыл бол, – деп Кемпірқосақ Қызанаққа да қызыл түсінен сәуле жібереді. Қызанақ та қып-қызыл боп, қуанышқа бөленеді.

Сол сәтте Баклажан:

– Менің де қызыл болғым келеді, – дейді.

Онда сен де қызыл бол, Баклажан, – деп Кемпірқосақ оған да қызыл түсінен бөліп береді.

Бірақ Баклажанға қызыл түс ұнамай қалады. Ол:

– Жоқ, менің қызыл түсті болғым келмейді. Маған көк түсің ұнап қалды, – дейді Кемпірқосаққа.

Баклажанның мінезін ұнатпаған Кемпірқосақ:

– Мен берген түсімді қайта ала алмаймын. Мә, саған көк түс, – деп қызыл түстің үстіне көк түсін шашып жібереді. Баклажан қою көк түсті болып шыға келеді.

– Қалай түсің, енді ұнады ма? – дейді оған Кемпірқосақ.

Кемпірқосаққа ренжіп қалған Баклажан басын төмен қаратып, бұртиып сөйлемей қояды.

Жеміс-жидектер мен көкөністердің бірінен кейін бірі әдемі түске еніп жатқанын көрген Қияр жапырағының арасынан шыға алмай біраз әуреге түседі.

Үлкен Асқабақ маңғаз қалпы асықпай:

– Менің сары болғым келеді, – дейді.

– Сен сары бола ғой, Асқабағым, – деген Кемпірқосақ оған сары түсінен шашып жібереді.

Сол сәт секіремін деп жапырақтарының арасынан сәл басы қылтиып көрініп қалған Қиярға сары түстің бір тамшысы тамып кетеді. Лезде-ақ Қиярдың басындағы жап-жасыл гүлі сап-сары боп шыға келеді. Қуаныштан беті бал-бұл жанған Қияр отыра қалып, басындағы сары гүлін тамашалауға кіріседі.

Ал Асқабаққа сары түс түгел жетпей, оның денесінде жасыл жолақтар қалып қояды. Бірақ Асқабаққа мына түсі де қатты ұнайды. Ол Кемпірқосаққа:

– Рақмет саған, Кемпірқосақ! Менің түсімдей түс ешбір өсімдікте жоқ-ау деймін. Мен осы түсіммен қаламын, – дейді жадырап.

Манадан бері айналасындағы болып жатқан оқиғаға ұйқылы-ояу қарап жатқан Қарбызға Асқабақтың түсі ұнап кетіп, ұйқысы шайдай ашылады. Ол да қалыспай Кемпірқосақтан әдемі бір түсті сұрап алайын деп ұмтыла бергенде, Кемпірқосақ жоқ болып кетеді. Қарбыз жасыл күйінде қалады. Содан бері ол Кемпірқосақтың шығуын күтіп үнемі аспанға қарап жататын болыпты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp