«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАР ТАЛОНДА БЕЛГІЛЕНГЕН УАҚЫТТА КЕЛМЕЙІНШЕ, кезек мәселесі шешілмейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде кадр мәселесі түгелдей шешілген бір-ақ емхана бар. Ол – №1 қалалық емхана. Мамандармен толық қамтамасыз етілсе де, әлі де кезек мәселесі өзекті болып тұрған да осы емхана. Сонда кезекті тудырып тұрған қандай мәселе деген заңды сұрақ туады. Бұл сұрақты аталмыш емхананың бас дәрігері Александр Лярскийге қойған болатынбыз. 

– Бүгіннің өзінде, егер де байқасаңыз, не тіркеу орнында, не учаскелік терапевтердің кабинеттерінің алдында кезек жоқ. Барлық науқастар дәрігерлерге талондар арқылы кіреді. Ол талондарды біздің емханаға тіркелген қала тұрғындары телефон арқылы немесе тіркеу орнына келіп ала алады.  

– Александр Евгеньевич, тұрғындарды талон арқылы қабылдасаңыздар, кезек болмауы тиіс қой. Десе де кезек әлі бар.

– Кезек әрқашан болады. Мәселен, бірде маған бір әйел келіп: “Мен таңнан бері отырмын, дәрігер мені қабылдамай жатыр” деп шағымданды. Сағат таңғы 11. Қолындағы талонын алып қарасам, ол талоны бойынша дәрігердің қабылдауына сағат 15-ке жазылған екен. Осылай талонда жазылған уақытта емес, бірінші кіретін адамдармен жағаласып, жаңағы әйел сияқты уақытынан бұрын ертерек кіргісі келіп, кезекте бәлен сағат отырып, қабылдамай жатыр деп у-шу шығарады. Егер де тұрғындар талондарында белгіленген уақыттарында келетін болса, онда мүлдем кезек болмас еді. Себебі біздің емхана қазіргі таңда барлық мамандармен толықтай қамтамасыз етілген. 56 дәрігеріміз бар. Учаскелер саны – 20. 4 көз дәрігері, 3 кардиолог, 3 невропатолог, 3 эндокринолог, 5 психолог, 5 әлеуметтік қызметкер, сондай-ақ әр учаскеде 2 медбикеден отырады. Көз дәрігері, кардиолог, эндокринолог, невропатолог дәрігерлер сенбі күні қосымша таңғы сағат 9-дан түскі 3-ке дейін қабылдайды. Әрі аптасына бір рет диспансерлік күн деген бар. Бұл күні учаскелік терапевтер диспансерлік есепте тұрған созылмалы дерттері бар науқастарды ғана қабылдайды. Мұның барлығы емханадағы кезектің болмауы үшін жасалып отыр.  

– Көбінесе науқастар тіркеу орнының қызметіне шағым айтады екен. Мұның себебі неде?

– Науқастар талондарды телефон арқылы және тіркеу орнынан ала алатындығын айттық. Көбінесе телефон арқылы хабарласып, талон алған тұрғындардың тең жартысы қабылдауға келмейді. Ал талондар болса, солардың қолында кетеді. Ең болмағанда қабылдауға келмейтін адам талон алған нөмірге қайта қоңырау шалып, келе алмаймын деп ескертсе ғой. Осы күнге дейін “дәрігердің қабылдауына келе алмаймын” деп ескерткен адам болмапты. Осының барлығы тіркеу орнының жұмысын тежейді. Десе де тіркеу орнының қызметі жүйелендірілген. Емхана жұмысы тіркеу орнынан басталатындықтан, ондағы қызметкерлер өз ісіне жауапты қарайды. Оның жұмысы таңғы 8-ден басталып, кешке бір-ақ бітеді.

– Бәлкім, тіркеу орнындағы терезелер санының аздығы кезек тудырып тұрған шығар?

– Емхана 54818 адамды қабылдайды. Интернационал көшесінен бастап, ДСР, орман шаруашылығы, Былғары зауыты, Жұмысшы кенті, қалалық мешіт аумағы және өзге де қала аудандары біздің емхананың қарауында. Рас, ғимараттың өзі тарлау. Өңірімізде салынған медициналық мекемелердің ең ескісі болса керек. Тіркеу орнына келген тұрғындарды дәрігерге жазылу үдерісі ыңғайлы әрі адамдардың көз алдында өтуі үшін жақында тіркеу орнының құрылысын өзгерту жоспарымызда бар. Тіркеу орнындағы терезелер алынып, кеңейтіледі. Бұл өзгерістер емхана жұмысын әлдеқайда жақсартуы тиіс.

– Емхана жұмысын жаңашаландыратын тағы қандай өзгерістер енгізу жоспарыңызда бар?

– Біздің емханада глаукома дертін емдейтін теңдессіз аппарат орнатылған. Мұндай аппарат бүкіл облыс бойынша біздің емханада ғана бар. Қала тұрғындарымен қатар, ауылдықтарды да қабылдаймыз. Емханада 30 адамға шақталған күндізгі стационар жұмысы іске қосылған. Сонымен қатар 2007 жылдан бері Былғары зауыты, Заречное, Черемушки дүкендері аумағында медициналық пункттер бар. Онда науқастар емханаға келмей-ақ өз үйлеріне жақын пунктте екпе алып, емделе алады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp