«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨСІРІЛГЕН ӨНІМДІ ЫСЫРАПСЫЗ ЖИНАУ – бүгінгі таңдағы басты міндет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінде өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен 2013 жылғы орақ науқанына әзірлік және оны тиімді өткізу жөнінде облыстық семинар-кеңес болып өтті. 

Нұрсайын ШӘРІП, 

“Солтүстік Қазақстан”.

Семинар-кеңеске қатысушылар алдымен Новоникольское ауылына кіреберісте тікұшақ алаңында орналасқан “Зенченко және К” КС-нің егін және картоп жинайтын, топырақ өңдейтін, жемазық, шөп дайындайтын заманауи техникаларының көрмесімен танысты. Шетелдің озық техникаларын, автошиналарын, комбайндардың қосалқы бөлшектерін сатумен айналысатын “Казторгшина”, “Агромаш-Холдинг”. “Летовочное РМЗ”, “КазАгроЭксперт”, “Turkuaz” сияқты фирмалар жиналғандарға өз қызметтерін ұсынды.

Көрмеден кейін аудан әкімдері мен агроқұрылымдар басшылары картоп, егін мен жүгері, екпешөп алқаптарында болып, серіктестіктің агротехнологиясын, суармалы егістікке арналған қондырғыларын көрді, кешенді жүгері жинау науқанының барысын тамашалады, 2007 жылы құрылған сүт кешенін аралады.

Мәдениет үйінің фойесіне “Зенченко және К” КС-нің егіс алқаптарында өндірілетін сарымсақтың “SANGRO”, сәбіздің “CARSON”, қызылшаның “BORO”, картоптың” “ARTEMIS”, “РОМАНО” сұрыптары, тәжірибе ретінде егілген жүгері собығының “Оферга”, “Роналдино”, “Аматус”, “Кинесс”, “Алмаз”, “Матеус”, “Клифтон”, “Карифей”, “Ударник” будандары, сүт өнімдері қойылыпты.

Семинар-кеңесті ашқан облыс әкімі Самат Ескендіров:

– Ел Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астық өнімділігін, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізу арқылы қамтамасыз ету міндетін қойды. Үстіміздегі жылы қабылданған “Агробизнес – 2020” бағдарламасында 2020 жылға дейін мемлекеттік қолдау шараларын 4,5 есе арттыру көзделген. Жаңа озық техникаларды пайдалану, жыл сайынғы мемлекеттік қолдау және ауа райының қолайлы жағдайы ауыл шаруашылығы дақылдарының бітік шығуына мүмкіндік берді. Биыл облыстың 5 млн. тоннадай астық өндірерлік шамасы бар. Ол үшін өңірдің агроқұрылымдары көктемгі-жазғы жұмыстарды дер кезінде өткізді. Енді олардың алдында басты міндет – өнген өнімді ысырапсыз жинап алу, – деді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың айтуына қарағанда, алдағы уақытта 4365,0 мың гектар алқаптан ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 3573,0 мың гектардан – дәнді, 439,0 мың гектардан – майлы, 319,0 мың гектардан жемазықтық дақылдар жиналады. Орақ науқанына 9561 астық жинайтын комбайн, 5222 жатка қатысады. Жыл басынан бері агроқұрылымдар 149 заманауи комбайн, 48 жатка сатып алды. Таяу күндері облысымызға тағы 50 комбайн әкелінбек. Орақ науқанын өткізуге 78 мың тонна жанар-жағармай қажет болса, оның 59 пайызы жеткізілген. Көктемгі-күзгі дала жұмыстарын жүргізуге Үкімет жеңілдетілген бағамен 72 мың тонна дизель отынын бөлді.

Облыста лицензияланған жалпы сыйымдылығы 3,5 млн. тонна болатын 54 астық қабылдау кәсіпорны (АҚК) бар. Бұдан басқа агроқұрылымдар өз қоймаларында 2,7 млн. тонна астық сақтай алады. Биыл сыйымдылығы 190 мың тонналық 10 АҚК пайдалануға беріледі.

Ауа райы жағдайына қарай биыл жиналатын астықтың 30-40 пайызының ылғалдылығы 20 пайыздан асады деп болжанып отыр. Ол үшін облыста сағатына 181 мың тонна астық кептіретін 273 қондырғы жұмыс істейді. Оның 84 пайызы дайын.

Орақ науқаны қарсаңында АҚК-лар көрсететін қызметтердің құны, жиын-терімге қатысатын механизаторлардың күндік табысының нормасы белгіленді. Мысалы, 10 сағаттық жұмыс күнінде норманы орындаған жағдайда, комбайншылар 14 мыңнан 21 мың теңгеге дейін еңбекақы таба алады.

“А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы” РМК директоры Жексенбай Қасқарбаев биылғы орақ науқанының өзіндік ерекшеліктері, келесі жылға егіс алқаптарын әзірлеу жайында сөз қозғады.

“Зенченко және К” КС-нің директоры Геннадий Зенченко, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Марат Тасмағанбетов, Мамлют ауданның әкімі Владимир Бубенко, “Мәмбетов және К” КС бас директоры Еркебұлан Мәмбетов, “Заградовское” ЖШС директоры Иван Фисенко алдағы науқан жайлы өз ойларын ортаға салды, әріптестеріне маңдай термен өнген астықты ысырапсыз жинап алуға тілектестік білдірді.

Мамлют элеваторының директоры Анатолий Шрамко өзі басқаратын кәсіпорынның орақ науқаны кезінде тәулік бойы жұмыс істейтіндігін айта келіп, астық сақтауға келісімшарт жасау, астық қабылдау, оны түсіру және орналастыру жағдайларына байланысты туындайтын қиыншылықты болдырмау үшін агроқұрылым басшыларына арналған ұсыныстарын алға тартты.

Жиын соңында Самат Сапарбекұлы мемлекеттік ветерианарлық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін республикалық бюджеттен 217 автомобиль сатып алу үшін 756 млн. теңге бөлінгенін атап айтып, аудандық және Петропавл қалалық ветеринария станциясының басшыларына “УАЗ” және “Санионг” автокөліктерінің кілттерін табыс етті. Ал ауылдық окруктердегі ветеринарлық қосындарға “Нива” автокөлігі берілетін болады. Оған қызылжарлықтар осы күні қол жеткізді.

 

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp