«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТАНАДАҒЫ НАЗАРБАЕВ ОРТАЛЫҒЫНДА “Сақ көсемінің қорғаны” залы ашылмақшы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астанадағы Назарбаев орталығында “Сақ көсемінің қорғаны” атты бірегей зал ашылады.  

“Іс-шара Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай ұйымдастырылады. “Сақ патшасының қорғаны” экспозициялық залы атақты Берел қорғанына жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі болып табылады”, – делінген аталған орталықтың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Ықылым замандардан жеткен қазынаны қалың бұқараға насихаттау үшін Назарбаев орталығында арнайы зал жасақталған. Ол залға ер адам мен әйел адамның саркофагы, үш жылқының қаңқасы қойылған. Сондай-ақ жылқының салтанатпен әбзелденген жабдығы да қайта жасалып, көрсетілген. Көсемді немесе көшпелі ақсүйек өкілін қабірлеудегі жылқының экспозициялық жинақтама бейнесі келушілерді Берелдің байырғы тұрғындарының жұмбақ әлеміне жетелейді.

Берел қорымындағы ірі обалардың біріне Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының халықаралық археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізген. Ресей, Италия, Франция мемлекеттерінен мамандар арнайы шақырылып, экспедицияға Берел обаларын тапқан қазақтың белгілі археологы Зайнолла Самашев жетекшілік еткен. Қайталанбас әрі аса құнды қазбаларды қайта қалпына келтіру жұмыстарымен суретші-реставратор Қырым Алтынбеков айналысқан.

Қорымда жүргізілген ғалымдардың қазба, зерттемелік және реставрациялық ірі жұмыстары Назарбаев орталығының мұражайына келушілерге б.з.д. І мыңжылдықтың екінші жартысы мен аяғындағы Қазақ Алтайын мекендеген халықтың мәдениетін танып білуге зор мүмкіндік береді.

Берел қорымы Қазақ Алтайы жерінде, Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы аттас ауылдан оңтүстік батысқа қарай 7 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол таспен қаланған 31 обадан тұрады. Қорым Бұқтырма өзенінің оң жағасындағы биік таулы әсем жазықта теңіз деңгейінен 1120 метр биіктікте тұр. Берел обаларының деректеріне 1998 жылдан ғылыми және реставрациялық жұмыс жүргізіле бастады.

Берелден табылған қазбалар еліміздің мәдени және ғылыми өміріндегі айтулы оқиға болды.

 

(“ҚазАқпарат” агенттігінің хабарлары бойынша әзірленді).

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp