«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НЕСИЕНІ НЕСІБЕГЕ АЙНАЛДЫРҒАН ДӘУЛЕТБАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жұмыссыз отырған Дәулетбай Сүлейменов өзінің алғашқы несиесін 2011 жылы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы алған. Тұрғындардың шағын несиелеу жүйесіне қолжетімділігін арттыруға бағытталған бағдарлама оның шаруасының аяғынан тік тұруына септігін тигізді.  

Тайынша ауданының Сүгірбай ауылында туып-өскен Дәулетбай Қабенұлы кәсіби-техникалық училищені тракторшы-жүргізуші мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын 1985 жылдан бастайды. Әр жерде жұмыс істегенімен, еңбекақы төмен немесе уақытымен төлемейді. 2007 жылы Тайынша қаласына көшіп келіп, бір мекемеге күзетші болып орналасады. Бірақ онда да қысқартуға ілігеді. Ол кезде қазір Көкшетау қаласында бағдарламашы болып жұмыс атқарып жүрген үлкен баласы да, одан кейінгі егіз балалары – ұл мен қызы да кішірек.

– Екі қолға бір күрек таба алмай, жұмыссыз жүргенде бұқаралық ақпарат құралдарынан “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы шағын несие алуға болатыны туралы естідім. Қабырғаммен кеңесе келе несие алуға шешім қабылдадым. 2011 жылы үш жыл мерзімге 9 пайызбен 1 млн. теңге көлемінде несие алып, оны 6 бас ірі қара мен бірнеше тұяқ қойға және олардың жем-шөбі мен қора-қопсысына жұмсадым. Бұл несиенің шарттары да мен үшін төлеуге ыңғайлы болды. Үш жылға алған несиені екі жылда мерзімінен бұрын жаптым, – дейді Дәулетбай Сүлейменов.

“Еңбек шыққан жерден төзім де шығады” дегендей, мұның бәрі айтар ауызға оңай екендігі белгілі. Алайда, қиындықты тек еңбекпен ғана жеңіп, мұратқа жетуге болады. Отбасы, өсіп келе жатқан балашағасы, олардың тамағы, оқуы мен киім-кешегі бар. Атпалдай азаматтың аудандық білім бөлімінде есепші болып жұмыс істейтін зайыбының тапқан айлығына қарап отыра беруге намысы жібермейді. Дәулетбай Қабенұлы бар қиындыққа төзуге бел буады. “Көз қорқақ, қол батыр” деген бар емес пе, істі бір бастап кеткен соң оны аяғына дейін жеткізу оның қанына сіңген қасиет болса керек. Сонымен қатар, бірінші несиеден тез арада құтылған соң бастаған істі одан әрі дамытуға деген құлшыныс та пайда болады. Енді Дәулетбай Сүлейменов мемлекеттен “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша жеңілдікпен берілетін несиеге өтініш береді.  

– Бір рет несие алғаннан кейін етің үйрене бастайды екен. Бір Аллаға тапсырып, бұл жолы 2 млн. теңге көлемінде несие алуға бел будым. Қажет құжаттарды жинап өткізген соң, өтінішім қабыл болды. Бірінші рет несиені уақытынан бұрын жапқаныма басымдық берілді. Кәсіпкерлік әліппесінің негіздерін Петропавл қаласында өткен екі апталық курсқа барып оқып келдім. Несиенің ақшасы таяуда түсті. Оған бизнес жоспар бойынша 6 бас ірі қара, 2 жылқы, қойлар алдық. Сиырлардың бұзаулары бар. Қазір тағы да мал алатын жерлерді қарастырып, сөйлесіп жатырмыз. Үш ай ішінде алған малдардың төлқұжаттарын дайындап, берілген қаражат өз орнына жұмсалған, жұмсалмағандығы жөнінде есеп айырысу керек, – дейді Дәулетбай Қабенұлы.

“Інісі бардың тынысы бар, ағасы бардың жағасы бар” деп тегін айтылмаған ғой, аяғынан қаз тұра бастаған бауырларын ағайын-туыстары қолтығынан демеп, қора-қопсысын салуға көмектесіпті. Дәулетбайдың алған малынан басқа ұстап отырған азын-аулақ құстары да бар екен. Малдар қазір табында, бақташының қарауында жүр. Қораға қараша айында бір-ақ кіреді.

– Қазір ауа райының әрбір қолайлы сәтін пайдаланып, мал басына қарай олардың қысқы жемшөбін дайындап жатырмыз. Әзірге жемшөп дайындайтын өзімдікі деген техника жоқ, сондықтан жекеменшік көліктері барларға ақысын төлеп, жалдап отырмыз. Қолға алған шаруамыз оңға басып, жүріп кетсе, алдағы уақытта техника алып, мал басын көбейтіп, соны күнкөріс көзіне айналдырсақ деген жоспарымыз бар. Жалпы алғанда, қол қусырып, жұмыссыз отырған жандардың өзінің кәсібін ашуға мемлекет тарапынан жасалып отырған “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының берер мүмкіншілігі көп, – деген Дәулетбай Қабенұлы: еттің бағасының төмендігі, өнімді өткізетін орынның жоқтығы – мал өсіріп отырған әр адамның ең басты мәселесі. Кәсіпкерлер болсын, қарапайым шаруа болсын малды бағыпқағып қаншама еңбектеніп, өткізетін жер болмаған соң арзанға береді. Осы жағы қиыншылық туғызады. Шағын цехтар, ет комбинаттары сияқты өнімді өткізетін орындар ашылса, ол кімге болса да тиімді болатынын да айтып қалды.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp